Тоқаев Пәкістан премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесті
Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шарифпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда жазды.
«Мемлекет басшысы Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен телефон арқылы сөйлесті. Пәкістан премьер-министрі Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға арналған республикалық референдумның сәтті өтуімен құттықтады», – делінген хабарламада.
Шахбаз Шариф болған өзгерістердің маңыздылығын атап өтіп, олардың мемлекеттік басқаруды нығайтуға, институционалдық тұрақтылықты арттыруға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететінін айтты.
Сонымен қатар, Пәкістан премьер-министрі жалпыхалықтық дауыс беру нәтижелері қазақстандықтардың Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыру бағытын кеңінен қолдайтынын көрсететінін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Пәкістан премьер-министріне құттықтауы мен референдум нәтижелеріне берген оң бағасы үшін алғыс білдірді.
«Екі тарап қазақ-пәкістан стратегиялық әріптестігінің оң динамикасын ерекше қанағаттанушылықпен атап өтті. Осы тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылдың ақпан айында Пәкістанға жасаған мемлекеттік сапары қорытындысы бойынша қол жеткізілген келісімдердің іске асырылу барысы талқыланды. Тараптар сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты», – деп атап өтті Ақорда.
Айта кетейік, Ауғанстан билігі Пәкістанның Кабулға жасаған соққысы салдарынан қаза тапқандар саны 400 адамға жеткенін мәлімдеді.
Ауғанстан үкіметінің өкілі Хамдулла Фитраттың айтуынша, соққы наркологиялық аурухана ғимаратына жасалған. Соның салдарынан жүздеген адам көз жұмып, тағы 250-ге жуық адам түрлі жарақат алған.
Ал Пәкістан тарапы бұл айыптауларды жоққа шығарып отыр. Елдің ақпарат министрі Аттаулла Тарар жүргізілген операция барысында тек «Талибанға» тиесілі әскери нысандар ғана нысанаға алынғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Кабулдағы соққы берілген орындарда оқ-дәрі қоймалары мен әскери инфрақұрылым орналасқан.
Дегенмен жергілікті БАҚ жариялаған видеоларда ғимараттардың өртеніп, қирандылар астынан адамдардың мәйіттері шығарылып жатқаны көрінеді.
Еске салайық, Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы шиеленіс 2026 жылдың ақпан айында күшейген болатын. Исламабад бұл әрекеттерін ел аумағындағы терактілерге жауап ретінде түсіндірсе, «Талибан» қозғалысы өз кезегінде шекарадағы Пәкістан бекеттеріне қарсы шабуылдар жасалғанын хабарлады.