Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:03

Тоқаев пен Мирзиёев Ташкентте келіссөздер өткізді

Тоқаев пен Мирзиёев
Фото: Ақорда

14-15 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкентке мемлекеттік сапармен барып, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен келіссөздер жүргізді. 

Бұл сапар Орталық Азия мемлекеттері басшыларының саммиті қарсаңында өтті.

Ресми мәліметке сәйкес, екі президент 2026 жылы Қазақстан мен Өзбекстан аймақтарының басшыларының алғашқы кеңесін өткізуді келісіп алды. Бұл өңіраралық байланыстарды жүйелі дамытуға бағытталған жаңа формат болмақ.

Тоқаевты 14 қараша күні Ташкент әуежайында өзі қарсы алған Мирзиёевпен екіжақты кездесу келесі күні «Куксарой» резиденциясында өтті.

Өзбекстан тарабы келіссөздерде энергетика, көлік, химия өнеркәсібі, ауыл және су шаруашылығы, экология және IT салаларына ерекше назар аударылғанын хабарлады.

Мирзиёев әкімшілігі бұл сапарды «өзбек-қазақ стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы тарихындағы жаңа белес» деп атады.

Ал Акорда ақпаратты анағұрлым ұстамды түрде жеткізді. Мемлекет басшылары стратегиялық серіктестіктің даму перспективаларын талқылап, сауда, өнеркәсіптік кооперация, көлік-логистика, энергетика және ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықты қарастырғаны айтылды.

Мирзиёев Тоқаевқа «Достық» орденін табыстады

Өзбекстан басшысы қазақстандық әріптесіне елдің ең жоғары марапаттарының бірі – «Дустлик» орденін тапсырды. Бұны Мирзиёев «көпұлтты Өзбекстан халқының Тоқаевқа деген құрметі мен еңбегін бағалауы» деп сипаттады.

Бірқатар ірі жобалар іске қосылды

Екі президент видеобайланыс арқылы Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен жобаларын іске қосу рәсіміне қатысты. Атап айтқанда:

- «Орталық Азия» өнеркәсіп кооперациясы орталығы (Сырдария және Түркістан облыстары);

- Tenge Bank-тің Ташкенттегі бас кеңсесі;

- Ташкент облысындағы көпсалалы логистикалық орталық;

- Ташкенттегі «Астана» тұрғын үй кешені;

- Қашкадариядағы алкилбензол өндіретін мұнай-газ химия кешені;

- Ташкент және Астана қалаларындағы екі қонақүй кешені.

Бұл жобалар екі мемлекеттің экономикалық ықпалдастығының тереңдей түскенін көрсетеді.

Саммит қарсаңындағы саяси байланыстар

Тоқаевтың сапары 15 қарашада өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 7-консультативтік кездесуі алдындағы маңызды дипломатиялық қадам саналады.

Саммитке Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев «құрметті қонақ» ретінде қатысады деп күтілуде.

Мирзиёевтің мақаласы: Аймақ қабырға емес, көпір сала бастады

Саммит алдында Мирзиёев «Янги Узбекистон» газетінде көлемді мақала жариялап, Орталық Азиядағы интеграцияның нығайып келе жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар Мирзиёев Орталық Азия халықаралық саясатта жеке субьект ретінде танылып келе жатқанын, және «ЦА+» форматтарында (ЕО, Қытай, АҚШ, Ресей және т.б.) серіктестік нығайғанын атап өтті.

Вашингтон саммиті және көпвекторлы саясат

Өткен аптада Вашингтонда «Орталық Азия-АҚШ» саммиті өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан басшылары және АҚШ президенті Дональд Трамп қатысты.

Кездесуде - минералдық ресурстар, авиация, IT салаларындағы келісімдерге қол қойылды.

Сарапшылардың пікірінше, бұл формат аймақтағы мемлекеттерге Қытай мен Ресей арасындағы геосаяси кеңістікте сыртқы саясаттағы тепе-теңдікті сақтап, көпвекторлы бағытты жалғастыруға мүмкіндік береді.