Тоқаев пен Нетаньяху телефон арқылы сөйлесті: ынтымақтастықты нығайту және Ибраһим келісімдері талқыланды
Израиль тарапының бастамасымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Израиль арасындағы көпжылдық әрі сан қырлы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді.
Тараптар екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ықпалдастықты одан әрі арттыруға дайын екенін растады. Экономика, қауіпсіздік және халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимыл бағыттарын кеңейтуге мүдделілік білдірілді.
Сондай-ақ Биньямин Нетаньяху Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа айрықша ризашылығын жеткізді. Израиль Премьер-министрі бұл қадамды бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, халықаралық диалогты дамытуға бағытталған батыл әрі көреген шешім ретінде бағалады.
Әңгіме соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Биньямин Нетаньяху екі ел арасындағы байланыстарды жандандыруға, соның ішінде жоғары деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыруға уағдаласты.
Ибраһим келісімі (Авраам келісімі) — Израиль мен бірқатар Араб елдері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге және бейбіт диалогты дамытуға бағытталған халықаралық келісім. Құжат 2020 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамптың бастамасымен қабылданып, Ақ үйде Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері және Бахрейн арасында қол қойылды. Кейін бұл келісімге Марокко да қосылды. Келісімнің негізгі мақсаты — Таяу Шығыстағы шиеленісті азайту, саяси диалогты күшейту, сондай-ақ экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту.