Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Тоқаев пен Путин кездеседі деген Орал қаласында не болып жатыр?

 Путин, Тоқаев
Фото: Акорда

11-12 қарашада Қазақстан мен Ресейдің XXI Өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді. Қала тұрғындары дайындықтың алғашқыда қарқынды басталып, кейін баяулағанын айтады.

Қазақстандықтар жақсы біледі жоғары лауазымды меймандар келер алдында қалаларда абаттандыру жұмыстары ерекше жанданады. Бұл жолы да солай болды — Орал қаласы екі президенттің қатысуымен өтетін форумға дайындалып жатыр.

Форум өтетіні туралы алғаш рет 2024 жылдың соңында Орал әкімі Мұрат Байменов мәслихат сессиясында хабарлаған.

Қалалық әкімдіктің BES.media сауалына берген жауабы бойынша, дайындыққа 7,2 млрд теңге бөлінген: оның 3,2 млрд теңгесі республикалық, ал 4 млрд теңгесі қалалық бюджеттен. Қаражаттың басым бөлігі жол жөндеуге жұмсалып отыр.

Акимат мәліметінше, 24 көшенің жекелеген бөліктері реконструкцияланды, тағы 24 көшеге орташа жөндеу, ал 3 көшеге капиталды жөндеу жасалған.

 Айта кетсек, мұнда соңғы рет дәл осындай кең ауқымды жөндеу 2006 жылы Путин мен Назарбаев кездесуі алдында жүргізілген. Сол жылы олар Емельян Пугачев мұражайына барған еді.

Ал биылғы форум қарсаңында қала орталығында айтарлықтай қарбалас байқалмайды — тіпті бірнеше күн қалса да, әдеттегі тыныштық орнаған.

Көпқабатты үйлердің сыртын бояу — оралдықтар үшін күтпеген жаңалық болған.

«Көпқабатты үйлердің қасбеттері мен шатырларының түстік шешімдері көркемдік кеңесте бекітілді. Бұл қала келбетінің үйлесімді және эстетикалық көрінісін сақтауға мүмкіндік береді», — делінген әкімдік хабарламасында.

Дегенмен, бұл бастама жұрттың бәріне ұнай қойған жоқ. Әлеуметтік желіде кей тұрғындар қара-қоңыр реңктерді сынға алып, кейбір үйлерде жұмысшылар жылу оқшаулағыш қабатты сылып тастағанын айтып шағымданды.

Барлығы 58 үйдің қасбеті боялған. Сонымен бірге тротуар маңайлары жөнделіп, балкондар қапталған. Барлығы бюджет есебінен жасалған — тұрғындардан бір тиын да жиналмаған. Бұл жұмыстарға 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Форум өтетін негізгі нысандар ретінде «Атамекен» концерт залы мен «Жайық Арена» спорт кешені таңдалған.

Қаладағы тыныштық пен белгісіздік

Бірақ форумға бірнеше күн қалса да, қалада айтарлықтай қарбалас байқалмайды. Тұрғындар бұған таңғалып отыр.

«Естуімше, президенттер бұл жолы келмейді. Өткен форумдарда да олар тек онлайн қатысты ғой», — дейді жергілікті тұрғын.

Шынында да, соңғы үш форум осылай өткен. 2020 жылы Көкшетаудағы форум пандемияға байланысты тоқтатылды. 2021 жылы ол толық онлайн форматта өтті. 2022 жылы Орынбордағы форумда да президенттер видеобайланыс арқылы сөз сөйлеген.

Биылғы форумның да форматы нақты айтылған жоқ. Делегация құрамдары да ресми жарияланбаған. Форум сайтында тек «мазмұнды іскерлік бағдарлама» болатыны жазылған.