Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:06, 06 Желтоқсан 2024

Тоқаев пен Трамп телефон арқылы сөйлесті

Трамп
Фото: из открытых источников

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың қайта сайланған президенті Дональд Трамппен телефонмен сөйлесті. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.

Ресми ақпаратқа қарағанда, Тоқаев Трампты президент болып сайлануымен құттықтаған.

"Саясаткерлер сауда, инвестиция салаларында және ядролық қаруды таратпау бағытында стратегиялық серіктестікті дамытуға бейіл екендерін растады. Мемлекет басшысы халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді" деп жазылған хабарламада.

Екі елдің басшылары "екіжақты ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтау мақсатында ұдайы байланыста болуға уағдаласқан".

"Украинадағы соғысты 24 сағат ішінде бітіруге" уәде беріп, халықаралық қауымдастық болашақ әкімшілігінен бейбітшілік жоспар күтіп отырған сәтте Трамптың Тоқаевпен Украинадағы ахуалды талқылағаны-талқыламағаны белгісіз.