Тоқаев Сербия президентіне Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасын табыстады
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичқа Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы — «Алтын Қыран» орденін табыстады.
Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Александр Вучичтің көрнекті мемлекет қайраткері әрі өз басшылығымен Сербияның дамуына елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, халықаралық беделін нығайтқан көшбасшы екенін атап өтті.
Тоқаевтың айтуынша, Сербия Балқан түбегіндегі Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала береді. Екі ел арасындағы қарым-қатынастар өзара қолдау мен сенімге негізделген. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық дамып, халықаралық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл кеңейіп келеді.
«Бұл – қазақ халқының Сізге және Сербия халқына деген зор ризашылығы мен айрықша құрметінің белгісі. Аталған марапат елдеріміз арасындағы қатынастарды одан әрі дамытуға қызмет етеді деп сенемін», – деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде Александр Вучич «Алтын Қыран» орденін алу өзі үшін үлкен мәртебе екенін айтып, оны екі халық арасындағы достықтың нышаны әрі екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың негізі ретінде бағалайтынын жеткізді.
Тараптар стратегиялық әріптестікті тереңдетуге және бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.