Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:57

Тоқаев Сербияға ресми сапар жасауға шақырту алды

Александр Вучич
Фото: Filip Stevanovic/Anadolu/Getty Images/File

Ресми қарсы алу рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сербия Президенті Александр Вучич шағын құрамда келіссөз өткізді. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Сербияны Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктес ретінде қарайтынын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары екі ел арасындағы байланыс айтарлықтай нығайған. Әсіресе сауда-экономикалық, гуманитарлық және мәдени бағыттарда нақты нәтижелер бар.

Президент Қазақстан мен Сербия астаналары – Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейсінің ашылуы өзара алыс-берісті жандандыра түскенін айтты. Сонымен қатар елімізде 60-тан астам серб компаниясы табысты жұмыс істеп жатқанына назар аударды. Тараптардың негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары да ұқсас екені сөз болды.

Өз кезегінде Александр Вучич Қазақстанға сапармен келуді зор мәртебе санайтынын жеткізді. Ол екі мемлекет арасындағы қатынастарды шынайы стратегиялық серіктестік деп бағалап, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.

Сербия басшысы алдағы уақытта жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар және энергетика салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше мән берілетінін айтты. Кездесу соңында Александр Вучич Қасым-Жомарт Тоқаевты Сербияға ресми сапармен келуге шақырды.