Тоқаев ШҚО әкімі Сақтағановты қабылдады
Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановты қабылдады.
Президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және тұрақты өсімді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар туралы баяндалды.
Атап айтқанда, Нұрымбет Сақтағанов 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста даму қарқыны оң деңгейде сақталғанын айтты. Оның мәліметінше, өсім инвестиция, құрылыс, ауыл шаруашылығы және сауда салаларында қамтамасыз етілген. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 838 миллиард теңгеден асты. Жалпы инвестициялық портфель 101 жобаны қамтиды.
Ақорда мәліметінше:
«Құрылыс жұмыстарының көлемі шамамен 460 миллиард теңгені, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 550 миллиард теңгеден астамды, сауда көлемі 2 460 миллиард теңгеден асты. 407 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз деңгейінде сақталып, 29 мың жұмыс орны құрылды».
Әкімнің айтуынша, 2026 жылы өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 17 440 жұмыс орнын ашу жоспарланған (бірінші тоқсан қорытындысы бойынша 3 317 жұмыс орны құрылған).
Сондай-ақ әлеуметтік салада атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының азайғаны атап өтілді. Көші-қонды қолдау және ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде «Шығыс шақырады» өңірлік жобасы бар.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстанда инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы өңірде 856 шақырым жол мен көше жөнделген.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту, экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және туризмді дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.