Тоқаев тағы да тыйып тастаған Бектенов енді қайтеді?

Үкімет ұсынған салық жүйесінің жаңа түріне қатысты қоғамда жүріп жатқан қызу талқы әлі тынши қоймады. Баға өсімі мен табыстың кемуінен, одан қалды, жұмыссыздық белең ала ма деп даурыққан жұртшылыққа Үкімет тарапынан көңілге қонатын тұщымды жауап әлі жетпей тұр.
ҚҚС-ның көтерілетінін естігеннен-ақ сынға алған экономистердің сөзіне өткенде премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин журналистер алдына шығып, жұрттың жағдайды дұрыс түсінбей, бекерге шулап жатқанын айтқан-ды. Содан кейін кімге сенерімізді білмей қалғандай едік. Бірақ нарықты талдап, нарықтың бел ортасында жүрген сарапшылар мен кәсіпкерлер бәрібір Жұманғариннің сөзінде дәм жоқ екенін тағы бір көрсетіп бергендей.
Өткен аптадағы сенат отырысынан кейін тілшілерге шығып, түсініктеме берген Жұманғариннің сондағы айтқаны, жаңа реформа елмен етене жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандарына, атап айтқанда, үй жанындағы дүкендер, сауда орындары, дүңгіршектер, мейрамханалар, шаштараздарға мүлде әсер етпейді. Олар бөлшек сауда режимінде, жылдық жалпы табысы 2,4 млрд теңгеден аспайтын шекті көлеммен жұмыс істей береді әрі салығы 4% боп қала бермек.
Бұған сенсек, баға ушығады деп дүрлігетін не бар? Ақырында, жұрт нарықта қандай жағдайға дайын болу керек екенін білуден қалып бара жатқандай.
Үйдегі азық-түлік шығыны 75%-ға дейін артады
Бірақ белгілі сарапшы Айман Тұрсынханның талдамасына көз салсақ, жағдай әлдеқайда анық көріне бастайтын секілді. Оның пайымынша, реформа іске асқан жағдайда шағын және ұсақ бизнес шамасы жеткенше жеңілдетілген салыққа, яғни 3%-ға түседі. Оған түсе алмағандары көлеңкелі бизнестен бір шығады. Ол – бір. Ең қиыны орта бизнестегі өңдеуші салаларға, әсіресе агроөнеркәсіптегілерге түспек. Олар биылғы бірінші тоқсанда 300 үлгісіндегі есебін тапсырғаннан кейін-ақ банкротқа ұшырауы мүмкін, ал аман қалатындар бағаны көтереді.
Экономист өз сөзінде 2018-2019 жылдардағы Алматы қаласы өңірлік мемлекеттік кірістер департаментінің ішкі жабық деректері бойынша зерттеу жүргізгенін мысалға келтірген. Онда жеңілдетілген режимдердің тиімділігі айқын көрінген: жалпы салық жинау көрсеткіші 50%-ға артқан, шағын бизнес көлеңкелі экономикадан шыға бастаған.
Соның ішінде салықтың ең ауыр жүктемесі өңдеуші өнеркәсіпке түскен. Тек жеңілдетілген режимнің болмауы әлі күнге дейін диверсификацияға бөгет болып отырғанын жазған. Соның кесірінен азық-түлік пен негізгі қажетті тауарларда импортқа тәуелділік жоғары деңгейде қалып, ұлттық валютаның тұрақтылығына, тіпті инфляцияны күшейтуге әсер еткен.
Сондықтан ҚҚС-ны 20%-ға дейін атүсті көтеру, Ұлттық банктің қазіргі базалық мөлшерлемесі 15,25% деңгейінде тұрған шақта алдымен ішкі өндіріс секторларына соққы жасайын деп тұр. Ал ішкі өндіріс дегеніміз – сол елге ең қажетті деген ӘМАТ (әлеуметтік маңызы бар азық-түлік) тізімін өндірушілер. Ал ондағы жалпы саны 19 түрлі азық-түліктің бағасы бүгінде елдегі инфляция деңгейін бағалайтын көрсеткіш екені бәрімізге мәлім.
Сайып келгенде, сарапшы халықтың қалтасы бірден жұқаратынын айтады. Мәселен, қазір азық-түлікке табысының 60%-ын жұмсап отырса, енді ол 75%-ға дейін артпақ. Оған қоса, тұтынушылық және бизнес несиелері бойынша жаппай дефолт белең алуы мүмкін, табысы тамағына жұмсалған соң несие төлейтін шама қайдан болсын?! Одан бөлек, коммуналдық қызметтердің ақысы және бар. Оны төлей алмай қалса, жалпы тіршілік тұралай бастайды деген сөз.
ҚҚС-сыз да өмір сүруге болады
Үкіметтің есебі бойынша ҚҚС-ны көтеру арқылы бюджетке қосымша 6 трлн теңге пайда түсіру көзделген. Тек нарыққа ауыр соққы болмас үшін қазір дифференциалды салық жүйесі сөз бола бастады. Ондағы есеп бойынша кәсіпкерлік түрлеріне қарай 0%-дан 20%-ға дейін бөліп қарастырылады.
Бірақ нарық өкілдерінің оны жақтырып отырғандары шамалы. Мәселен, бір кездері утилалым жүйесіне қарсы шығып, министрлікпен соттасуға дейін барған қоғам белсенділерінің бірі, бүгінде салық консультанты ретінде танылған Берік Зайыровтың айтуынша, дифференциалды салық жүйесі де қақпанға түсіретін амал сияқты. Себебі біздегі Салық кодексі онсыз да күрделі. Оны одан әрі күрделендірсек, әкімшілік тұрғыдан реттеп отыру мемлекеттің өзіне қиындай түседі. Оның үстіне, соның бәрін орындап отыру Начало формыкәсіпкерлер үшін де оңай шаруа емес.
«Мысалы, қазір ақылға сыймайтын нәрсе болып жатыр» дейді Берік Зайыров. Мемлекет цифрландыру саласына миллиардтап қаражат құйып келеді. Сол арқылы салықтан жалтарғандарды түгел анықтап, нарықта ешкімді жасырын қалдырғысы келмейді. Соңғы 10 жылда электронды шот-фактура, виртуалды қойма, электронды ілеспе құжаттар, тәуекелдерді басқару жүйелері сынды бірнеше бағдарлама енгізілді. Соған миллиардтаған теңге кетті. Соны өндіріске енгіземіз деп бизнес те сонша шығындалды. Бірақ сөйте тұра, мемлекет кәсіпкерлерден ақылға қонымсыз, әлдеқашан есебі тапсырылып қойған құжаттарды сұратады. Сонда не пайда тапты деген орынды сұрақ туындайды.
Сайып келгенде, мемлекетке қарапайым салық жүйесі керек. Қазіргі ұсынылып отырған дифференциалды салық жүйесі тығырықтан алып шығарына сенім жоқ.
Сондықтан барлық шағын және орта бизнеске Қазақстанда ҚҚС-сыз жұмыс істеуге мүмкіндік беруді, яғни оларға жалпы қаражат айналымының 3%-ы деңгейінде салық салуды ұсынады. Тек оған пайдалы қазбаларды пайдаланушылар, қаржылық қызметтерді және акцизделетін өнім өндірушілер кірмеуі керек.
Себебі елдегі бүкіл салықтың 90%-ы ірі бизнес еншісінде. Сондықтан ШОБ-қа салық жүктемесін арттыру айтарлықтай пайда бермейді. Одан бөлек, 2022 жылы елдегі бүкіл бизнес табыс салығы мен ҚҚС-ны қоса алғанда, барлық табысының 3%-ы деңгейінен сәл артық мөлшерде төлеген. Демек, кейбір салаға, мысалы, автокөлік өнеркәсібіне арналған жеңілдіктерді алып тастап, ШОБ үшін 3% салық енгізілсе, керісінше, бюджет түсімдері көбеймек.
Қайткен күнде үкіметтің ұсынысы әдеттегідей сыннан көз ашпай келеді. Ел ішіндегі секемнің күшейіп бара жатқанын президент те жақсы сезген болу керек, 7 ақпанда елдегі ірі бизнес өкілдерімен өткізген кездесуінде салық жайын тағы айтып, үкіметке соңғы шешімді аптықпай, елмен ақылдасып барып қабылдауды тапсырған. «Қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдаған дұрыс. Бір анығы, үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары» деген ескертпесі де содан болар.
Біздегі қалыптасқан әдет бойынша, президенттің мұндай ескертпесінен (!) кейін үкімет ләппай тақсырлап, төменірек цифр ұсынады. 20-ны көпсініп отырған ел, айталық, былтыр айтылып, ол да Тоқаевтың ескертпесінен кейін шегінуге мәжбүр болған 16 пайызға қуана келіспесе де, бұған да шүкір деп көне кетуі мүмкін. Бұл бір жағы біздің билік меңгерген бір қулық. Үкімет басқа жол таппағасын жұрттың реакциясын байқап көріп жатқан сияқты. Үкіметтің кеңейтілген отырысында президенттің «батасын» алғандай болып шыққан Бектенов тығырыққа тірелгендей күйде тұр. Былтыр «бюджетті толтыратын басқа көз таппай», ақыры ҚҚС-ға қайта оралған премьер-министр енді не деп шығар екен...
Ербол ТҰРЫМБЕТ