Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:45, 03 Қаңтар 2025

Тоқаев Талғардағы қайғылы оқиға туралы айтты

Тоқаев
Фото: anatili.kazgazeta.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Талғардағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты айтты.

Президент елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты мызғымастай орнығуға тиіс екенін, Талғар оқиғасына дейін жариялаған Жолдауында құқық қорғау органдарынан қылмыс пен қарақшылықтың тамырына балта шабуды талап еткенін тағы бір еске салды.

"Талғардағы оқиғадан кейін құқық қорғау органдары қажетті шаралардың бәрін қабылдады. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеп-тексеру жұмыстары аяқталуға жақын. Көп ұзамай осы іске қатысты сот болады. Бұл оқиғаға орай құзырлы органдар қабылдаған барлық шара заң талаптарына толық сай келеді. Ал басқаның бәрі – құр дақпырт пен теріс пиғылды кейбір топтардың осы жағдайға саяси сипат беруге деген ұмтылысы ғана. Бұған жол беруге болмайды.
Осы оқиғаға қатысы бар азаматтар бойынша мына мәселені еске салғым келеді. Қазақ халқы шетелден келген отандастарын «қандасым» деп, құшақ жая қарсы алды. Тарихи Отанына оралғандар Қазақстанның заңдарына қатаң бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы керек. Олар бұрын өздері тұрған елде биліктің талабын сақтап, ондай әрекет жасаған жоқ қой?!", - деді Тоқаев.

Айта кетейік,Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Болаттың өлімі қоғам арасында резонанс тудырды. Оны 4 қазанға қараған түні бір топ жігіт әке-шешесінің көзінше ұрып, пышақтап өлтіріп кетті. Қылмыс жасады деген күдікпен 11 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Азат ауылында Шерзат Болаттың отбасының үйі өртенді. Бас прокуратура үйді өртеп жіберген жауаптыларды табуға уәде берді.

Кейін желіде «Хутор бригадасының» басшысы атанған Хасан Қасымбаев мәлімдеме жасады. Ол Талғар тұрғындарының өзі туралы жазған желідегі пікірлерін жалған деп атады. Содан соң Хасан Қасымбаевтың өзі ұсталып, екі айға қамалды. Бірақ ІІМ оның басқа іс бойынша қамалғанын мәлімдеді.

9 желтоқсанда Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың қайтыс болғаны белгілі болды.

"Ақпараттарға сәйкес, ол өз өзіне қол салған. Марқұм биыл 4 қазанда қаза тапқан Шерзат Болаттың ағасы екені анықталды. Факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу барысында криминалдық сипаттағы қандай да бір іс-әрекеттер анықталмады", - делінген хабарда.

Бірақ туыстары оның өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейтінін мәлімдеді.