Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:03

Тоқаев Трамппен қайта кездеседі – АҚШ-тың жаңа елшісі

Тоқаев пен Трамп
Фото: Ақорда

Қазақстан мен АҚШ президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп тұрақты байланыс орнатып, сенімді диалог жүргізіп келеді.

Бұл туралы АҚШ-тың Қазақстандағы жаңа елшісі Джули Стаффт мәлімдеді.

Оның айтуынша, алдағы уақытта екі ел басшысы тағы да жүздеседі.

«Мен Президент Тоқаевпен жаңа ғана кездесу өткіздім. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастағы басты басымдықтарды талқыладық. Бұл бағытта біз Президент Трамптың толық қолдауына ие екенімізді білемін. Екі лидердің қолдауымен ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейтуге үлкен жігермен кірісемін», – деді елші.

Джули Стаффттың айтуынша, Қазақстан мен АҚШ президенттері үнемі байланыста. Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Вашингтонға ресми сапармен барған, ал жақын уақытта АҚШ-қа тағы бір сапар жоспарлап отыр. Елшінің пікірінше, мұндай тығыз қарым-қатынас екіжақты ынтымақтастықтың дамуына қуатты серпін береді.

«Президенттер Тоқаев пен Трамп тұрақты түрде хабарласып, сенімді диалог жүргізіп отыр. Алдағы кезеңде олар қайта кездесіп, өзара пікір алмасуды жалғастырады», – дейді елші.

Сонымен қатар Джули Стаффт Қазақстанға елші болып тағайындалуын үлкен мәртебе санайтынын айтты. Ол АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған мемлекет екенін еске салып, бүгінде екі ел арасындағы серіктестік тарихтағы ең жоғары деңгейге жеткенін атап өтті.

«Ресми қызметіммен қатар, отбасыммен бірге осы әсем елді, оның халқын, мәдениеті мен тұрмысын жақынырақ танып-білуге қуаныштымыз. Қазақстанда болу біз үшін зор мәртебе», – деді елші.

Оның айтуынша, Қазақстан мен АҚШ мәдениет, сауда, экономика және адамдар арасындағы байланыстар саласында белсенді ынтымақтастық орнатып отыр. Америка Құрама Штаттары бұл әріптестікті барлық дерлік бағытта одан әрі кеңейтуге ниетті.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада АҚШ пен Болгария елшілерінің сенім грамоталарын қабылдаған болатын. Сондай-ақ Қазақстан Президенті жыл соңында АҚШ-та өтетін G20 саммитіне қатысуға шақырғаны үшін алғыс білдірді.