Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізеді
Сейсенбі, 10 ақпанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Іс-шара барысында 2025 жылғы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған Үкіметтің негізгі міндеттері айқындалады.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, отырыста:
Премьер-министр Олжас Бектеновтің,
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің,
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің,
сондай-ақ бірқатар өңір әкімдерінің баяндамалары тыңдалады.
Еске сала кетейік, Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Үкіметтің экономиканың бірқатар салаларындағы жұмысына қатаң сын айтқан болатын.
Президент әсіресе логистика мәселелеріне назар аударып, Қазақстанның жаһандық логистикалық картада лайықты орын алуы үшін жүйелі жұмыс пен нақты стратегия қажет екенін атап өтті. Үкіметке авиация саласында, соның ішінде жүк тасымалы бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізу міндеті жүктелді.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының жұмысына да сын айтып, Қазақстанның үш қаласында жылу электр орталықтарының (ЖЭО) құрылысы созылып кеткенін, сондай-ақ жаңа кен орындарының пайдалануға баяу енгізіліп жатқанын атап өтті.