Тоқаев Ұлттық банкті сынға алды
![Теңге](/static/img/image.jpg)
Қазақстан президенті Қасым-Жомар Тоқаев Тимур Сүлейменовтің басшылық ететін Ұлттық банкінің жұмысын, атап айтқанда ұлттық валюта теңге мен инфляцияға қатысты жағдайды сынға алды.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев Ұлттық банк жұмысына қатысты сұрақтар әлі де бар екенін, халықты бірінші кезекте ұлттық валютаның құбылмалылығы алаңдатып отырғанын айтты.
"Сарапшылар АҚШ доллары нығайса, теңге бағамына қысым болады деп отыр. Валютаны тұрақты ұстап, жалпы инфляцияны тежеу – өте маңызды жұмыс. Бұл – үкіметпен тығыз байланыста жүргізілетін негізгі жұмыс. Тәуелсіз әрі дербеспіз деген бұрынғы көзқарастар қазір жоқ, өйткені жағдай өзгеше", – деді Тоқаев.
Президент қазір валюта тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфляцияны тежеу Ұлттық банктің негізгі жұмысы екенін ескертті.
Қазақстан қор биржасындағы 27 қаңтардағы сауданың қорытындысы бойынша доллар бағамы 516,77 теңге болды. Қаржы сарапшылары мұнай бағасының төмендеуі немесе ОПЕК елдеріндегі өзгерістер теңгеге кері әсер етеді деп есептейді. Сарапшылардың пікірінше, Ресейге салынған санкциялар да рубль бағамына айтарлықтай әсер етеді.
Өткен жылдың күзінен бері Қазақстанда инфляцияның өсуі және теңгенің долларға шаққандағы әлсіреуі байқалды. Теңгенің әлсіреуі аясында Ұлттық банк валюта нарығында долларды сата отырып, интервенциялар жасады. Жақында Қазақстанның Ұлттық банкі инфляцияның өсуіне және ұлттық валютаның әлсіреуіне байланысты базалық мөлшерлемені 15,25 пайыз деңгейінде қалдырды.