Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:46, 20 Ақпан 2024

Тоқаев: "Жақын уақытта жергілікті деңгейде кадр резервіне жастарды іріктеу ісі басталады"

кадр
Фото: из открытых источников

Мемлекетімізде президенттік кадр резерві құрылып, сәтті жұмыс істеп келеді. Бірнеше жылдан бері өзінің тиімділігін дәлелдеген жоба енді өңірлік деңгейде жүзеге аспақ. Президент жақын уақытта жергілікті деңгейде кадр резервіне жастарды іріктеу ісі басталатынын айтты.

 Әкімдерге іріктеудің әділ әрі ашық өткізілуі тапсырылған. Өңірлік кадр резервін жинақтап, қалыптастыру кезінде сол облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен басқа де ерекшеліктері ескерілетін болады. Бұл орайда мемлекетттік қызметкерлердің бойында жаңа мәдениет пен құндылықтардың қалыптасуы басты назарға алынбақ. Тек мемлекеттік қызметте емес, жалпы әлеуметтік, қоғамдық өмірдегі барлық салаларда заң үстемдігі бірінші принцип болуы керек. Онсыз мемлекетті қазіргі күрделі геосаяси жағдайда ұстап тұру қиынға соғады. Бұл туралы президенттік кадр резервіндегі жастармен өткен форумда Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын. Президенттің сөзінше, заң үстемдігі барлық қоғамның, мемлекеттік қызметкерлердің бұлжымас қағидасына айналуы керек әрі мұны азаматтардың түйсінуі аса маңызды.

"Президенттік жастар кадрлық резерві жастарға бірегей береді. Бүгінде резервте 400 маман бар. Олардың 280-і, яғни 70 пайызы орталық және жергілікті билік органдарындағы басшылық қызметке тағайындалған. Көпшілігі квазимемлекеттік секторда және бизнесте жұмыс істейді. Осы орайда, бұл бастаманың жүзеге асуына Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұрынғы төрағасы Анар Жайылғанованың қосқан үлесі зор екенін атап өткім келеді. Қазір елімізде ауқымды реформалар жүріп жатыр. Мемлекетіміздің өркендеуі жолында жаңа шешуші қадамдар жасалуда. Сіздей дарынды жастар осы өзгерістердің қозғаушы күші мен сенімді тірегі болуы керек деп есептеймін", - деген болатын Мемлекет басшысы.

Форумда мемлекеттік қызметкерлердің, билік өкілдерінің әрдайым халықпен байланыста болуы маңызды екені айтылды. Еститін мемлекет, ашық қоғамның негізінде де осы нәрселер жатыр. Ал мемлекеттік қызметкерлердің басты мақсаты – кездесетін әртүрлі мәселелерді өз уақытында әрі тиімді шешу. Ал қазіргі таңда еліміздегі мемелекеттік қызмет саласында белгілі бір салалардағы белгілі бір мамандардың тапшылығы сезіліп жатыр.

Бұл туралы президент былай деді: "Еліміздегі бизнесте жүрген табысты жастар өте көп. Олар білім секторында да, ауылшаруашылық, қаржы, медицина секілді әртүрлі салаларда жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Осындай нақты нәтижеге жұмыс істеп үйренген кадрлардың білімі мен біліктілігін, потенциалын іске қосу керек. Бұл орайда мемлекеттік қызметтегі гибридтік форматты дамыту ісін қарқындату керек".