Тоқаев жапониялық додаларда жетістікке жеткен сумошы Ерсін Балтағұлды құттықтады
Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда сумо күресінен жоғары нәтижелерге қол жеткізген қазақстандық балуан Ерсин Балтағұлмен кездесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Президент спортшыны 2025 жылы Император кубогында «маэгасира» атағын иеленуімен және жарыс қорытындысы бойынша «Канто-сё» («Жауынгерлік рух») арнайы жүлдесін алуымен құттықтады.
Мемлекет басшысы бұл марапаттарды спортшының табандылығы мен еңбексүйгіштігінің нәтижесі деп бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде шетелде ел намысын абыроймен қорғап жүрген жас қазақстандықтардың қатары артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет таланттарды қолдауға және спортты дамытуға ерекше көңіл бөледі.
– Жапонияға сапарым кезінде Сізді Императордан бастап қарапайым халыққа дейін танитынын және құрметтейтінін байқадым. Бұл – үлкен мәртебе. Сіз Жапонияда жүріп қазақ халқын танытып, еліміздің беделін нығайтып жүрсіз. Сізге ерекше алғысымды білдіремін, – деді Президент.
Өз кезегінде Ерсін Балтағұл Мемлекет басшысына қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, жас спортшылармен кездесуді жоспарлап отырғанын айтты.
– Қазақстан азаматы ретінде Жапония сияқты 120 миллионнан астам халқы бар елде көк байрағымызды лайықты танытуды мақсат еттім. Осы мақсатқа жету үшін бар күшімді саламын. Сондай-ақ Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған отандасымыз Михаил Шайдоровтың зор жетістігімен Сізді және барша қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын, – деді ол.
Кездесу соңында Президент сумошы Ерсін Балтағұлды халықаралық спорттағы ерекше жетістіктері үшін II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.