Тоқаев жариялаған кезекті рақымшылыққа кімдер ілігуі мүмкін?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның қабылдануына орай қылмыстық және әкімшілік істер бойынша тағы да рақымшылық жасалатынын жариялады.
Осы орайда кімдер жазадан босатылуы мүмкін деген сұрақты депутаттарға қойып көрген едік.

Кімдерге рақымшылық жасалады
Президент бұл жолы әкімшілік құқықбұзушылық бойынша рақымшылық жариялауға болатынын алға тартып, Парламентке сессия соңына дейін заң әзірлеуді тапсырды.
«Өздеріңізге мәлім, былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалды. Енді азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жариялауға болады. Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын атап өткім келеді. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек. Бұл – Негізгі заңдағы адамгершілік идеалдары мен прогрессивті құндылықтарды қоғамда орнықтыратын маңызды қадам, - деді Тоқаев.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, рақымшылық қоғамға қауіп төндірмейтін қылмыс жасаған адамдарға, аса ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар үшін сотталғандарға, алғаш рет құқықбұзушылық жасаған азаматтарға, пробациялық есепте тұрған адамдарға, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қолданылуы мүмкін.
«Террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық сипаттағы, кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы, сондай-ақ азаптау сияқты ауыр қылмыстар жасаған адамдар, сондай-ақ қайта қылмыс жасағандар мен іздеуде жүрген тұлғаларға кешірім берілмейді», – деді Сәденов Үкімет отырысында.
Сонымен қатар, Ішкі істер министрі әкімшілік рақымшылық аясында жеке тұлғалардың төленбеген айыппұлдарын толық немесе ішінара есептен шығару мәселесі қарастырлатынын айтты.
«Мұндай тұлғалардың санаттары, айыппұлдардың мөлшері және оларды есептен шығару тәртібі заң жобасын дайындау барысында уәкілетті органмен егжей-тегжейлі пысықталады», – деді Сәденов.
Депутаттар не дейді
Депутат Абзал Құспан екі санат бойынша рақымшылық жасалуы мүмкін екенін айтады.

«Былтыр ғана рақымшылық туралы заң қабылдадық. Жаңа Конституция қабылданғандықтан, бұл жолғы рақымшылықтың жөні бөлек болады деп ойлаймын. Алдымен, рақымшылыққа салық бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтар ілігеді деп ойлаймын. Бізге депутаттарға екі бағытта шағым көп түседі. Салық бойынша кәсіпкерлерге айыппұл көбейіп кеткен. Үш жыл бұрын шағын және орта кәсіпкерлікке мораторий жарияланған болатын, енді қайта тексеру басталғанда кәсіпкерлер оған дайын болмай қалды. Содан көп заң бұзушылық анықталды. Сондықтан осы санаттағы азаматтар шағымы қаралуы мүмкін.
Екіншіден, қазір заң өте қатаңдатылған, масаң күйде көлікке отырған азаматтар басты назарда. Әзірге олар рақымшылыққа іліге ме, жоқ па ол жағы белгісіз. Бірақ, осы бағытта арыз-шағым көп түседі. Халық бәрі арақ ішіп көлікке отырған деп ойлайды. Бірақ, кейбіреулер ашыған компот, қымыз ішіп те ұсталып жатыр. Бұл жерде Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрықтарымен масаңдықтың төменгі шегі алынып тасталған, бұл қате, мұны көптен бері айтып жүрмін. 0,2 промиллені алып тастады, бәрі содан басталды. Онда тек ішімдік ішкендер ғана емес, тіпті 0,01 промилле көрсеткендердің өзі 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады және 20 тәулікке қамауға алынады. Қылмыстық кодекстің қатаңдатылуы бәрін ұстап қамап, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыруға жол беріп отыр. Осы бағытта түзетілулер қаралуы мүмкін», - деді депутат.
Сенат депутаты Марат Қожаев бұл әкімшілік құқыққа қатысты алғашқы рақымшылық болатынын айтады.
«Әкімшілік құқық – бұл өте үлкен сала. Адамдар әкімшілік құқықбұзушылық туралы айтқанда, әдетте жол ережесін бұзу, қоғамдық орында түкіру, бұзақылық сияқты әрекеттер деп ойлайды. Жоқ, бізде табиғатты қорғау заңдары бар, салық салу саласында бұзушылықтар бар және тағы басқа мәселелер бар. Қазіргі уақытта рақымшылық қай категорияға қолданылатынын айту қиын. Бұл өте байыпты қарауды және көп талқылауды қажет ететін мәселе. Физикалық түрде қолданылатын жазалау бар. Бірақ бұл мемлекет тарапынан гуманизм актісі, қоғамдық қаупі төмен, мемлекетімізге қауіп төндірмейтін кейбір құқықбұзушылықтарды кешіру. Мұндай тәжірибе бүкіл әлемде қолданылады», – дейді депутат.

Депутат Айдос Сарым бастаманы әзірлеу барысында халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз тобын ескеру маңызды деп есептейді.
«Қазір біз ұсыныстар күтіп отырмыз, бірақ менің ойымша, онда қандай да бір әлеуметтік элемент болуы керек. Көпбалалы отбасыларды қоса алғанда, жекелеген топтарды қолдау мақсатында, сондай-ақ алғаш рет заң бұзған және тұрақты құқықбұзушылық жасамаған азаматтарға кешірім берілуі мүмкін. Мысалы, алғаш рет қателік жасағандар бар, олар кәнігі қылмыскер емес. Менің ойымша, бұл қандай да бір салық санаттары немесе көлік жүргізуге байланысты, бірақ қасақана емес айыппұлдар болуы мүмкін. Бұл шара бір рет қана болады, болды, бұған қайта оралмаймыз », – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық аясында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 2 мыңнан астам адам, оның ішінде әйелдер мен кәмелетке толмағандар босатылды. Бұл ең алдымен абайсызда жаза басқан жандарға қателігін түзетуге берілген мүмкіндік еді. Бұл жолы қылмыстық істермен қатар алғаш рет әкімшілік істер бойынша жауапкершілікке тартылғандарға кешірім беру көзделіп отыр. Яғни, айыппұл толық және бір бөлігі кешірілуі мүмкін екені, кәсіпкерлердің салығын жеңілдету жайлы айтылып жатыр. Ендеше, белшесінен қарызға батқандар қуанатын күні алыс емес екені анық.