Тоқаев жасанды интеллект туралы заңға қол қойды
Тоқаев «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойды. Құжатта жасанды интеллект жүйелерінің жұмыс істеуінің негізгі қағидаттары бекітіледі. Сонымен қатар оған байланысты бірқатар заңдарға түзетулер енгізілді.
Ақорда таратқан мәліметке сәйкес, енді жасанды интеллект адамның белгілі бір міндеттерді орындауына көмектесетін құрал ретінде ресми түрде танылады. Осыған байланысты: иелері, иеленушілері, пайдаланушылары ЖИ жүйелерін пайдалану барысындағы өз рөліне қарай жауапкершілікке ие болады.
ЖИ иелеріне қауіптерді басқару, қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз ету, пайдаланушыларды жүйенің жұмысын түсіну бойынша қолдау көрсету міндеттері жүктеледі.
Қауіпті жүйелерге тыйым салынады
Заңда жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін Қазақстан аумағында белгілі бір сипаттағы жасанды интеллект жүйелерін жасауға және пайдалануға тыйым салынатыны көрсетілген. Атап айтқанда:
- адамның санасына әсер ететін, манипулятивтік және басқа да әдістерді қолданатын жүйелер;
- жеке деректерді заңсыз жинау және өңдеу құралдары;
- өзге де қауіпті мүмкіндіктері бар жүйелер.
Сонымен бірге ЖИ арқылы жасалған тауарлар, қызметтер және жұмыстар міндетті түрде арнайы белгімен (маркировка) көрсетілуі тиіс.
Ұлттық ЖИ платформасы құрылмақ
Заңда ұлттық жасанды интеллект платформасының құқықтық базасы бекітілді. Ол: платформалық бағдарламаларды, ЖИ модельдерін, эксперименттік шешімдерді шектеулі уақыт ішінде әзірлеуге, оқытуға және сынақтан өткізуге арналған болады.
Президент сондай-ақ ЖИ мәселелеріне қатысты бірқатар заңдарға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды. Бұл түзетулер жаңа заңға сәйкес келтіруді, цифрландыру саласындағы жалпы нормаларды жетілдіруді көздейді.
Құжатта қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымын реттеу және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын күшейту нормалары да бар.
ЖИ жүйелерін үш критерий бойынша бөлу
«Жасанды интеллект туралы» заңда жүйелер:
- тәуекел деңгейіне,
- автономдылық дәрежесіне,
- пайдалану режиміне
қарай жіктеледі.
Сондай-ақ интеллектуалдық меншік мәселелері, тәуекелі жоғары жүйелердің тізбесі және олардың аудит тәртібі бекітіледі.
Заң бойынша, жасанды интеллектке берілетін тапсырмалар «промттар» – авторлық құқық объектісі ретінде танылады.
Ал адамның шығармашылық үлесі жоқ, ЖИ толық өзі жасаған туындылар авторлық құқықпен қорғалмайды.
Жасанды интеллект құқықтық субъект болып танылмайды – барлық шешімдер үшін жауапкершілік адамға жүктеледі.
ЖИ келтірген зиян үшін міндетті сақтандыру
Заң ЖИ жүйелерінің келтірген зияны бойынша міндетті сақтандыру түрін енгізеді. Сонымен қатар жүйеде қауіп анықталса, оның иелері мен иеленушілері жедел түрде алдын алу шараларын қабылдауы тиіс.
БАҚ үшін жаңа талап: ЖИ қолданылған контентті белгілеу
Қосымша түзетулер түрлі салаларда жасанды интеллект технологияларын қолдануға бірыңғай тәсілдерді белгілейді, автоматтандырылған деректерді өңдеу ұғымдарын нақтылайды.
Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қызметті лицензиялау енгізіліп, масс-медианың ЖИ көмегімен жасалған контентті міндетті түрде көрсету талабы заңдастырылды.