Тоқаевтың геосаяси балансы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы: аймақтық тұрақтылыққа әсері
Орталық Азиядағы геосаяси ландшафт соңғы жылдары қатты өзгерді: жаһандық державалар арасындағы бәсеке күшейді, аймақтағы әскери-саяси одақтардың рөлі қайта қаралуда, ал жаңа технологиялардың дамуы қауіпсіздік саласына мүлде басқа деңгейдегі сын-тегеуріндер алып келді. Терроризм, экстремизм және трансшекаралық қылмыс бұрынғысынша өзекті болғанымен, қазір оған кибершабуылдар, ақпараттық соғыстар, криптовалюта арқылы қаржыланатын қылмыстық схемалар, жасанды интеллект негізіндегі алаяқтық және дипфейктер қосылды.
Осындай жағдайда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ОДКБ) аймақтағы рөлі мен миссиясы туралы пікірталастар жиілей түсті. Ұйым қазіргі заман талаптарына қаншалықты бейімделе алады? Оның әскери-техникалық әлеуеті мен цифрлық қауіпсіздік бағытындағы мүмкіндіктері қандай? Посткеңестік кеңістіктегі өзгерістер ұйымның болашағына қалай әсер етеді? Осы мәселелерді тереңірек талқылау үшін біз евразиялық интеграция жөніндегі сарапшы, аймақтық қауіпсіздік саласының маманы Кубат Рахимовпен аталмыш ұйымның бүгінгі ахуалы мен келешегіне қатысты пікірін білдік.
Сіздің ойыңызша, қазіргі геосаяси жағдайда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының күн тәртібі Орталық Азия үшін қаншалықты өзекті?
ОДКБ - посткеңестік кеңістіктегі ең көне интеграциялық ұйымдардың бірі. Алғаш құрылған кезде біз ТМД-ны «өркениетті ажырасу институты» деп атайтынбыз. Осы ажырасуды басқару үшін қауіпсіздіктің ортақ контурын қамтамасыз ететін құрылым қажет болды. Әрине, барлық ел бұл ұйымға кірген жоқ, дегенмен ұйымның сол кездегі конфигурациясы өз функциясын жалпы алғанда жақсы атқарды. Бірақ уақыт өзгереді. Трансшекаралық қылмыс, экстремизм, терроризм, есірткі мафиясы, заңсыз миграция сияқты қауіптер ешқайда жоғалған жоқ. Бұған қоса ішкі қауіптер де бар. ОДКБ қосымша сын-тегеуріндермен бетпе-бет келді: 2020 жылғы Таулы Қарабах қақтығысы, Арменияның ұйымнан нақты позиция талап етуі, сондай-ақ Ресей - Украина қақтығысы. Менің ойымша, ОДКБ осы күрделі кезеңдерден халықаралық құқық талаптарын сақтай отырып абыроймен өтті. Осы тұрғыда Қазақстан үлесі, әсіресе ел Президентінің геосаяст балансы аймақтағы тұрақтылыққа зор әсерін тигізді.
Сіздің ойыңызша, технологиялардың өзгеруіне байланысты, ұйым қызметі қалай бейімделуде? Ондағы Қазақстанның рөлі қандай?
Біз жақында сараптамалық алаңдарда киберқылмыс, криптовалюталарды қылмыстық мақсатта пайдалану, жасанды интеллект, дипфейктер және нейрожелілерге қатысты мәселелерді талқыладық. Бұл бағыт - әлі жете игерілмеген үлкен сала. Сондықтан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы цифрлық даму бағытына бет бұруы қажет. Бұл жерде Қазақстан сияқты елдердің тәжірибесі өте құнды болады. Өйткені Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы саланың серпінді дамуына ерекше көңіл бөліп, көп бастамаларды сәтті жүзеге асыруда. Сіздердегі цифрлық даму - ТМД елдері ғана емес, әлемдегі алпауыттардың өзі қызыға қарайтын салалардың біріне айналды. Міне, осы тұста елдеріңіз ұйымның дамуына көп көмегін тигізеді деп ойлаймын.
Ресей Президенті ұйымға заманауи ресейлік қару-жарақ пен техника жеткізуді арттыру туралы ұсыныс айтты. Бұл ұсынысты мүше елдер қалай қабылдауы мүмкін?
Соңғы жылдары ресейлік қару-жарақтың кейбір түрлері өзін жақсы көрсетті. Әрине, біз пацифист ретінде соғысты құптай алмаймыз, бірақ қарудың негізгі сыналатын орны - нақты әскери қақтығыстар. Біз бұны Сирияда көрдік, өкінішке қарай, қазір Украинада да байқап отырмыз. Әскери-техникалық тұрғыдан қарудың тиімділігі нақты өлшенеді. НАТО елдерінің, Түркия немесе Оңтүстік Корея сияқты жаңа қару өндірушілердің технологияларымен салыстырулар жүргізіледі. Дегенмен посткеңестік кеңістіктегі елдер үшін бұрыннан қалыптасқан стандарттардан толықтай бас тартып, бірден жаңа НАТО, қытай немесе түрік стандартына ауысу өте қиын. Сондықтан «ескі арба жолдан жаңылтпайды» деген қағида мұнда да өзекті. Бірақ бұл ештеңені жаңартудың қажеті жоқ деген сөз емес. ОДКБ елдерінің қаруға қатысты талаптары да жаңаруы тиіс.