Тоқаевтың саяси мансабындағы маңызды эпизод. Қымбатты дос, Құрметті Си Цзиньпин, елеусіз Путин
Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп жатыр.
Қала тұрғындарын екі ай бойы әбігерге салған жиын осыдан тура бір жыл бұрын өткен қауымдастыққа мүше мемлекет басшылары кеңесінің заңды жалғасы. Астанадағы саммиттің маңызы – ҚХР төрағасының жиынға алдын ала келуі мен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше емес – Әзербайжан, Түркіменстан, Түркия сынды мемлекеттердің қатысуы.
Редакциямыздың астанадағы тілшісі Қазақстанның ШЫҰ-ға қатысуы оның сыртқы саяси стратегиясы үшін қандай маңызға ие, жалпы осы саммит Қазақстан экономикасына не береді деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үшін ҚХР төрағасы қатысатын ШЫҰ-ның саммиті саяси және дипломатиялық мансабындағы үлкен эпизод. Саммитке Ақорда қызу дайындалды. Екі ай бұрын абыр-cабыр сүріліп, күн-түн демей жөндеуден өткен астана жолдары, 10 күн бұрын квазисекторларда онлайн режимге көшкен жұмыс режимі, көшелерде жаппай жүргізілген тазалық жұмыстары үлкен той алдындағы дайындықтай өтті. Астаналықтар «ШЫҰ саммиті өтпей, тыныштық жоқ» десті.
Қош, сонымен саммитке бір күн бұрын келген Си Цзиньпиннің кортежін Тоқаев өзі күтіп алды. Оның құрметіне Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары президент сарайының алдынан Қытай туымен түстес қызыл, сары жолақ із қалдырып, ұшып өтті. Осыдан кейін Астанада қызыл жаңбыр жауды. Кейбір тұрғындар мұны табиғаттың тосын сыйы деп қабылдап, әлеуметтік желіге жаппай фото, видеолар салып жатты.
Саммиттің бірінші күні Қытай мен Қазақстан арасындағы бірнеше келісім бойынша құжаттарға қол қойылды. Қазақстан президенті Қытайды тату көршіміз, уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз деп атады. Си Цзиньпин де Бейжіңнің Астанаға қатысты жылы саясаты өзгеріссіз қалады деді. Және Қазақстан президентіне «Қымбатты досым» деп сөйледі.
Саясаттанушылардың пікірінше, Тоқаевтың Қытай төрағасын әуежайдан бастап жеке қарсы алуы – оның саяси мансабындағы үлкен жетістіктен бөлек, Қазақстан экономикасы мен аймақтық қауіпсіздігі үшін маңызды рөл атқармақ.
«Аймақтық деңгейде Орталық Азиядағы Қытайдың басты әріптесі – Қазақстан және біз бұл статусты сақтап қалғымыз келеді. Себебі Қытай инвестиция бойынша да, жоғары технологиялар мен экономика бойынша да аймақтағы нөмірі бірінші ойыншы. Геосаяси ойында Қазақстан Ресейге ғана тәуелді болып қалмай, көпвекторлы саясаттың өте маңызды элементі Қытаймен, одан бөлек, батыс елдерімен тығыз байланыс орнатуға тырысады. Соңғы жылдары ШЫҰ-ның салмағы едәуір өсті, кезінде Орталық Азия, Қытай мен Ресей арасындағы территориялық мәселелерді шешумен айналысқан ұйым қазір Астанадағы саммиттің қорытындысы бойынша Беларусь қосылып, ұйымға мүше мемлекеттердің саны 10-ға жетпек. Халық саны бойынша ШЫҰ аумағында 3,5 млрд адам тұрады. Егер экономикалық салмағын алсақ, әлемдік экономиканың 25%-ға жуығы ШЫҰ мүшелеріне тиесілі», – деп баға берді саясаттанушы Жұмабек Сарабеков.
Си Цзиньпиннің АҚШ пен Ресейге қарсы айтқан екіұдай пікірі
Қазақстанға сапар алдында төраға Си Цзиньпин дәстүр бойынша отандық БАҚ-та мақала жариялады. Онда «Қытай тарапы Қазақстанның ұлттық тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын қорғау, дербес таңдалған даму жолын ұстану, мемлекеттің өркендеуін қамтамасыз ету үшін ішкі және сыртқы саясатты іске асыру жөніндегі күш-жігерін үнемі қолдайды, сыртқы күштердің Қазақстанның ішкі істеріне қандай да бір араласуына қарсы тұрады» деген.
Көптеген батыс саясаттанушылары төрағаның бұл мәлімдемесін Ресейге көрсеткен қыры деп бағалап жатты. Қытай және Орталық Азия елдері бойынша сарапшы Тимур Омаров телеграм каналында Си Цзиньпиннің аталған екіұшты мәлімдемесі Ресейге қыр көрсету ғана емес, американдық гегемонизмді сынау деп пайымдайды.
«Мұндай мәлімдеме Вашингтонға қарсы бағытталды деу қисынға келеді, себебі ҚХР штатты басқа елдердің ішкі саясатына араласады деп бірнеше рет айыптаған. Екінші жағынан, АҚШ Қазақстанның территориялық бүтіндігіне Ресей шенеуніктеріндей ашық мәлімдемелерімен қол сұққан емес. Бұдан шығатын қорытынды, бұл Бейжіңнің Қазақстанды Ресей тарапынан болуы мүмкін (екіталай болса да) агрессиядан қорғайтынына кепілдік емес. Егер мұны кепілдік деп қарасақ, онда Пекиннің Украина айналасында екі жылдан аса айналып жүргеніндей ғана» деп жазды қытайтанушы.
Қытайға деген ерекше құрметтің себебі
Ал бүгін таңертең саммит үшін Астанаға атбасын тіреген Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинді әуежайда премьер-министр Олжас Бектенов қарсы алды. Бұл да Қазақстан қоғамында біраз әңгіме болды. Бір қарағанда, басқа-басқа, Путинді Тоқаевтың өзі күтіп алмағаны, расында, айтарлықтай жаңалық. Дегенмен бұл қазақ қоғамы айтып жатқандай, Путинді елеусіз қалдырып, Ақорданың Мәскеуге қыр көрсетуі емес, ШЫҰ-ға келгендер арасында мемлекеттік сапармен келген жалғыз адам – Си Цзиньпин. Демек, бәрі протоколға сай. Иә, саммит қарсаңында Путинді де мемлекеттік сапармен шақыруға болар еді. Бірақ Тоқаев әкімшілігі екі қошқардың басын бір қазанға салуды керек емес деп шешкен болу керек.
Саясаттанушы Серік Берлібаев Тоқаевтың Путинді Қытай төрағасына көрсетілгендей сән-салтанатпен қарсы алмауының бір себебі – Украинамен болған соғыстың салқынының әсерінен дейді.
«Геосаяси турбуленттілік деген түсінік бар, ол Украинамен соғыстан кейін басталды. Бүгінгі таңда посткеңестік елдер тұрақсыздық жағдайындағы дағдарысқа тап болып отыр. Украинамен соғысқа дейін қауіпсіздік, күштер балансы сынды бірқалыпты халықаралық қалыптасқан жүйе болған, қазір ол тепе-теңдік жоқ. Соғыстың салдары экономикалық процестерге, транзитті маршруттар, логистикаға өте қатты әсер етті. Бір жағынан қауіпсіздік мәселесі болса, таразының екінші жағында экономикалық ахуал тұр. Соның бірі Қазақстан үшін – мұнай транзиті, Түркіменстан үшін – газ транзиті. Осының салдарынан қауіпсіздік және экономикалық вакуумы туындайды. Өздеріңіз білетіндей, инвесторлар тұрақсыз аймақтарда қалмайды. Соңғы бір-екі жылда әлемнің екінші, үшінші елдерінде инвестиция деңгейі төмендеп жатыр. Еуропа үшінші әлем елдерін инвестициялауға дайын емес, себебі елдегі ахуал анық. Мұндай жағдайда сенімді кепіл керек, өз кезегінде Қытай сол кепіл рөлін атқарып, қауіпсіздік пен экономикалық ваккумды толтырып отыр. Екінші жағынан, Қытай жоғарыда атап өткен жағдайды өз мүддесіне пайдалануда. Қазақстанның ерекше құрметінің Қытай төрағасына көрсетілуі де содан. Украинадағы соғысқа дейін де Қытай біздің аймақта маңызды рөл атқарды, бірақ енді оның рөлі барған сайын арта түсуде. Си Цзиньпиннің мақаласындағы қолдау сөздері де осының бір көрінісі. Мұның бәрі геосаяси жағдайға, аймақтағы институттарға, қауіпсіздікке, экономикаға әсер етіп, жаңа бір әлеуетті шындықты қалыптастырмақ. Жағдайдың позитивті немесе негативті жаққа қарай дамуын уақыт көрсетеді. Айта кететіні, бұған дейін Қытай біздің аймақтағы қауіпсіздігіміздің кепілі рөлін атқарған емес, тек экономикалық ойыншы болды. Енді Қытай маңызды ойыншыға айналды», – деп пікір білдірді саясаттанушы.
«ШЫҰ-ның экономикалық әлеуетін Қазақстан игере алмай отыр»
ШЫҰ-ның негізгі мақсаттары – қауіпсіздік пен тұрақтылықты күшейту, аймақтық ынтымақтастықты дамыту, халықаралық қақтығысты болдырмау және реттеу, есірткі саудасы, терроризм және сепаратизммен күрес. Қауіпсіздік саласына келсек, ШЫҰ-ға төрт ядролық держава мүше. Әлемде соңғы уақытта орын алып жатқан терактілерді ескерсек, сарапшылар Қазақстан үшін қауіпсіздік мәселесінде ШЫҰ оң ықпал етуі керек деп отыр.
«Әлемде орын алып жатқан соңғы оқиғалар көрсетіп отырғандай, терроризммен күрес өзектілігін жоймады. Себебі біз Ресейдегі орын алған терактілер, Иран да, Пәкістан да осындай проблемамен бетпе-бет келіп отыр. Аталған салада да ШЫҰ Қазақстанға оң ықпал етеді деп күтілуде. Өкінішке қарай, ШЫҰ әлеуеті көп жағдайда игерілмей қалып отыр. Әлі күнге дейін қауіпсіздік саласынан басқа салада айтарлықтай нәтиже аз. Көп жағдайда ұйым мүшелері арасында шешілмеген мәселелер бар. Үндістан мен Пәкістан бір-бірін қарсылас ретінде көрсе, Ресей мен Қытай арасында бәсекелестік бар. Бірақ кейбір салаларда ШЫҰ рөлін жақсы пайдалануға болады. Атап айтсақ, бірлескен кәсіпорындар ашу, инвестиция тарту, оңтүстік пен солтүстік, шығыс пен батыс арасында Қазақстанның логистикалық дәлізге айналуы», – дейді Жұмабек Сарабеков.
Қазақстанның сыртқы сауда қатынасында Қытай 2022 жылға дейін 2-орын алып келсе, былтыр бірінші тоқсанда Ресейді басып озып, 1-орынға шықты. Қытай төрағасының сапары аясында жалпы құны 3,7 млрд АҚШ долларынан астам сомада 40 құжатқа қол қойылды. Бүгінде Моңғо¬лия, Беларусь, Ауғанстан мемлекеттері сырттай бақы¬лап отырған ұйым мүшелігіне Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбек¬стан елдері кіреді. Болжам бойынша, осы жолы ұйым қатарына мүше мемлекет ретінде Беларусь қосылады.
Айжан Қалиева
Астана қаласы