Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 11 Қыркүйек 2024

Тоқаевтың тапсырмасы: Қазақстан банктері реформаға дайын ба?

банк
Фото: kapital.kz

Биыл елдегі банктердің жыл басынан бергі табысы 1 трлн 38 млрд теңгені құрапты.

 Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, екінші деңгейлі банктер мұндай пайданың басым бөлігін тұтынушылық несие беру арқылы тапқан. Яғни банктер экономиканың нақты секторына инвестиция салмай-ақ, халыққа несие тарату арқылы байып отыр. 

Отыз жылдан бері елдегі банктердің ұстанып келе жатқан саясаты – осы. Олар халыққа жоғары пайызбен кепілсіз несие береді. Қарапайым халық сол несиені жанкештілікпен төлейді. Тіпті тапқан табысының 100 пайызын несиеге төлеп, өздері өлместің күнін көріп отырғандар да баршылық. Қазір 7 млн 939 мың қазақстандықтың банктерде несиесі бар. Ол несиенің жалпы сомасы 15 триллион теңгеден асады.

Халықтың несие қарызына белшеден батқанын, банктердің ұстанып отырған саясаты дұрыс еместігін бұған дейін сала мамандары да айтудай-ақ айтты. Бірақ Ұлттық банк те, үкімет те сарапшылар тарапынан айтылған пікірлерге, ұсыныстарға назар аударып көрген емес. Осы жолы елдегі «Банктер және банктік қызмет туралы» заңның әбден ескіргенін, банктердің нақты экономикаға инвестиция салмай отырғанын президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жолдауында айтты. Ұлттық банк пен үкіметке банктерге қатысты жаңа заң әзірлеңдер деді.

Жаңа заң қандай болу керек?!

Бұған дейінгі біздің ұстанған қағидамыз былай түзілді: осы уақытқа дейін ел экономикасын көтеру, қымбатшылықты бұғаттау, елдің әлеуметтік жағдайын түзеу жолында үкімет бірінші кезекте банктерді қолдауға даяр тұрды. Дағдарыс кезінде банктерді қанатының астына алу үкіметтің негізгі қағидасы болды. Тәуелсіздік алғалы бері осы жолдан жаңылған жоқпыз. Сөйтсек, бұл ағылшын ғалымы Фридман Милтонның қағидасы болып шықты. Милтонның бұл қағидасы: «Елде дағдарыс орнамас үшін ақша массасын қысып ұстап, өндірістік салаға емес, қаржы институттарына қолдау көрсету керек» дегенге үндейді. Әлем елдері 2008 жылғы дағдарыстан кейін өндірістік саланы қолдамайтын Милтонның осы теориясынан бас тартты. Ал біздің үкімет әлі күнге дейін осы қағидаға жабысып отыр.

Банк ісі және қаржылық менеджмент саласының маманы Дәурен Арынның айтуынша, бізге ең алдымен үкіметтің ұстанып отырған осы қағидасын өзгерту керек. Содан кейін ғана банктер туралы заңға өзгерту енгізуге болады.

«Бұған дейін үкімет банктерді барынша қолдады. Бірақ банктердің өндіріспен бірлесіп жұмыс істеуіне, зауыт-фабрикаларға барып өндірілген өнімдерді көзімен көріп, одан әрі сол өндірісті қолдап, қаражат беруіне дұрыс нұсқау берілген жоқ. Мысалы, өзім білім алған Жапонияның банк жүйесін айтатын болсам, ол елде Japan Bank for International Cooperation деген банк бар. Бұл банктің тарихында мынадай оқиға болған: сексенінші жылдары шыны зауытының басшысы осы банктің директорына келіп, арзан несие сұрапты. Кәсіпкердің жобасын көріп, жоспарын тыңдаған банк директоры оған сынбайтын шыны жасау әдісін тауып әкелуді тапсырып, бір ай уақыт беріпті. Сол аралықта кәсіпкер ол тәсілді тауып әкелсе банк тарапынан арзан несие берілетіні айтылыпты. Бір айдан кейін әлгі кәсіпкер жоспары мен жобасын алып, банк басшысына тағы келіпті. Міне, содан бері Жапония шыны өндірісінен көш бастап келеді. Ол зауытта қазір сынбайтын микроскоп, ғарышқа ұшырылып жатқан зымырандарға қолданылатын әйнектер жасалып жатыр. Ал бізде мұндай банктер мүлдем жоқ. Өйткені жапон үкіметі банктеріне дер кезінде талап қойып, не істеу керектігін сауатты көрсете алды. Біздің атқарушы билік осы уақытқа дейін елдегі қаржы институттарына қатаң талап қоя алған жоқ. Елдегі банктерге бір-бір олигархтар иелік етіп алды. Олар жоғары пайызбен халыққа несие беруді ғана меңгерді. Банктерді иемденіп алған байлар халықты ойламай, өздері ғана жекелеп баюды ойлады. Енді жаңа заң қажет дейміз. Иә, жаңа заң қажет. Дегенмен ол заңнан бұрын – үкімет өзінің ұстанған қағидасын өзгертіп, банктерге үкімет қатаң талап қойып, отандық өндірісті қолдауды міндеттеу керек. Мұндай талап пен міндеттеме артпай, заңды өзгерткеннен пайда жоқ», – дейді сарапшы.

«Өндіріс+Банк+Ғылым» қағидасына қолымыз жете ме?!

Бұған дейін банк секторына қатысты өзгерістер болды, «Жеке тұлғаларды банкроттау туралы» заң шықты, биылдан бастап жеке тұлғаларға несие беру талаптары өзгерді, банк секторы нарығына жаңа ойыншылар келе бастады, капиталы төмен банктердің лицензиясы алынып, нарықтан ысырылып жатыр. Бірақ бұдан пайда бар ма?

«Жаңа заңда «банктер экономиканың қозғаушы күшіне айналуы керек» дегенді нақты міндеттеу керек. Олардың өндірісті ғана емес, ғылыми жобаларды қоса қаржыландыруын талап еткен абзал. Қазір ғылыми жобаларға бюджет қаражаты жеткіліксіз бөлінеді. Осы арада ғылыми зерттеу институттарына банктер арқылы арзан несие беру, гранттар бөлу жағын қарастыру керек. Ғалымдарға несие беру бағдарламасы неге жұмыс істемейді?! Ғалымдар бюджеттен кешігіп түсетін қаражатты күтіп отырмай-ақ, банктерге жобаларын ұсыну арқылы оны өндіріске енгізсе, ол жаңалықтан өндіріске пайда түсе бастағанда белгілі бір пайызын банкке төлеп отырса қандай игі іс болар еді. Бізге «Өндіріс+Банк+Ғылым» қағидасын ұстану керек. Сонда ғана экономика әртараптанады. Заңға ең алдымен осындай өзгерістерді енгізу керек», – дейді маман.

Бұдан бөлек, банктердің ипотека өніміне қатысты өзгеріс керек екені айтылып жүр. Деректерге сүйенсек, биыл жеке тұлғалардың ипотекаға деген қызығушылығы едәуір төмендеген. Ипотека алуға деген кредиттік өтінімдердің жалпы саны екінші тоқсанда 3 пайызға дейін құлдыраған. Тіпті елдегі Тұрғын үй бағдарламасының бас операторы саналатын «Отбасы» банкінің таза пайдасы жыл басынан бері 25 пайызға төмендепті.

Экономист Жұмаділда Баяхметов болашақта банктерді ипотекалық бағдарламалар құтқармайды деп есептейді. Келешекте банктер туралы жаңа заңға ауыл шаруашылығына қатысты салалық банктердің жұмысын жандандыру жайында бөлімдер енгізу керек.

«Субсидия бөлуге қатысты көптеген көзбояушылықтар болып жатады. Шаруаға ол үшін база, техника, жабдық керек. Мал шаруашылығына қатысты, бір отандық асыл тұқымды сиырға 150 мың теңге бөлінсе, Аустралиядан, Еуропадан әкелінген сиырға 300 мың теңге субсидия беріледі. Асыл тұқым өсіруге байланысты жұмыстарға субсидия алу үшін шаруаның өтініші 12 айға дейін қаралуы мүмкін. Субсидия алуға өтініш беруді ауылдағы шаруалардың көбі білмейді. Ауылда интернеттің жоқтығы, egov платформаларының түсініксіздігі, бірнеше құжат жинау шаруаларды әбігерге салады. Сондықтан осы жұмыстың бәрін банктер арқылы жүйелесек жөн болар еді. Шаруаларға субсидия бергеннен гөрі банктер арқылы 2-5 пайыздық несие беру тетігін енгізсе, бұдан банк те, шаруа да ұтылмас еді. Алайда біздің банктер ғылымға, ауыл шаруашылығына көңіл бөлгеннен гөрі құрылыс саласына ақша салып, зәулім үйлерді бірнеше жылға ипотекаға беріп, қымбатқа сатқан тиімді деп ойлайды. Бірақ бұл өміршең табыс емес. 2008 жылы АҚШ-та ипотекалық дағдарыс бастау алғанын ұмытпауымыз керек. АҚШ-тағы тұрғын үй нарығының күйреуі ғаламдық қаржы нарығына ұласты. Өкінішке қарай, біздің саясаткерлер бұдан толық сабақ алмады», – дейді маман.

«Шикізат+тауар» формуласы

Қазір Еуроодақ тарапынан Ресейге тұс-тұстан санкциялар салынып, Еуропа Ресейдің экспортынан бас тартып жатқан тұс. «Негізінде, бұл біз үшін таптырмайтын мүмкіндік» дейді сарапшы. Біздің банктердің капиталы қомақты болғанда бизнесті жан-жақтан қаржыландырып, Еуропа нарығына шығарып жіберуге жол ашар еді.

«Банктер арқылы өндірістік формула «шикізат+тауар» бизнесін жетілдіргенімізде ұпайымыз түгел болар еді. Енді жаңа заңда ауылдық- өндірістік-экономикалық қатынастардың дамуы негізінде агрокартельдер құруға қатысты бөлімдер қарастырылғаны жөн. Банктер арқылы агрокартельдерді құру, оларды несиелендіру ауыл шаруашылығындағы шағын өндірістер мен сервистік қызметтердің бірігуіне жол ашады. Шаруашылықтарды ірілендіру жайын осылай біртіндеп шешуге болады. Бұдан кейін қазір банктер авто-несиелендіруге кіріскелі елдің бәрі жаппай соған ұмтылып жатыр. Бұл халықты жаппай қарызға батыратын өнім. Егер отандық автокөлік нарығын жандандырғымыз келсе, автокөлік құрастырушы зауыттар мен банктер келісімге отырып, сол зауыттарға арзан несие берсін. Оған олар қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, арзан көлік құрастырсын. Кез келген несиенің тәуекелі бар. Осыны заңда нақты көрсету керек. Бұдан бөлек, несиені сақтандыру қызметіне қатысты нақты бөлімдер енгізу керек. Несие алушы жазым болған жағдайда сақтандыру қызметі несиесін толық өтеп беретіндей пункттерді енгізген жөн. Әйтпесе, қазір қайтыс болған әкесінің несиесі баласына мұраға қалып, оны артында қалған ұрпағы өтеп жатқан оқиғалар кездеседі. Әлем бойынша мұндай тәжірибе бізде ғана кездеседі», –дейді Ж.Баяхметов.

Билік осы уақытқа дейін банктерді жарылқап-ақ келе жатыр. Қаржылай көмек, үкіметтік қолдау, арнайы трансферттер бөлу банктерге майдай жақты. 2017 жылы қаржылық орнықтылықты көтеру бағдарламасына қатысқан «Еуразиялық банк», «Банк ЦентрКредит», Jusan Bank (көмек АТФ Банк пен «Цеснабанкке» көрсетілген), «Нұрбанк», Halyk Bank және Bank RBK, бәрі жиылып мемлекеттен жалпы сомасы 700,5 млрд теңге алған. Мемлекет қолдауын алған осы алты банк тұтынушыларға 8,267 трлн теңге займ берген. Оның 4,01 трлн теңгесі – заң­ды тұлғаларға, 4,257 трлн теңгесі жеке тұл­ғаларға берілген. Қазір атал­ған банктердің мойнында қайтарылмаған 1,8 трлн теңге көле­мін­де мемлекет қаржысы әлі бар. Ал олар оны қайтаруға асықпайды. Өйткені қолданыстағы заңға сәйкес ол қаражатты банктер 15 жылдың ішінде бөліп-бөліп қайтаруына мүмкіндігі бар.

Ал жаңа заң қандай талаптар қояды?! Даярланар заңның пәрмені мықты бола ма?! Үкімет пен Ұлттық банктің сыналатын тұсы – осы.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: