Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:07

Тоқаевтың тапсырмасына түркістандықтар қатты кірісті

1

Өткен аптада ғана президент Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген отырысында «Заң және тәртіп» апталығын жариялап, бұл бастаманың қоғамда заң үстемдігін орнатуға, құқықтық мәдениетті нығайтуға және құқық қорғау органдарының абырой-беделін арттыруға бағытталғанын атап өткен еді.

 Президенттің айтуынша, бұл бір реттік акция емес, азаматтардың құқықтық сана-сезімін арттыруға арналған тұрақты әрі маңызды шара болмақ. Мемлекет басшысының бастама беруі сол екен, Түркістан облысы осы бағыттағы жұмыстарын сол мезетте-ақ белсенді жүзеге асыруды бастап кеткен сияқты. Соның ішінде әрбір орган қылмыстың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау саласында нақты нәтижелерін жарыса жариялап жатыр.

Айталық, Түркістан облысының прокуратурасы құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келе жатқанын ерекше атап өтеді. Облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиевтің мәлімдеуінше, өңірде «Бұзушылыққа тоқтам» жобасы табысты жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында азаматтардан 240-тан астам құқықбұзушылық туралы хабарлама түсіп, оның 175-і расталып, тиісті процестік шешімдер қабылданыпты.

Бас прокуратураға қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталына сәйкес, биылғы алғашқы бес айда облыста 2 084 қылмыстық іс тіркелген, оның ішінде 27-сі аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Өткен жылмен салыстыра қарағанда, ауыр қылмыс саны азайса да бұл әлі де қауіпті статистика екені сөзсіз. Шен таққан басшылар бұл деректі азайтудың амалы деп алдын алу шараларына кірісіп кетіпті. Енді прокуратураның бастамасымен жүргізілген профилактикалық шаралар нәтижесінде құқықбұзушылықтардың саны азайып, қоғамдық тәртіпті сақтау деңгейі артып жатқанын жариялады. Облыс аумағында 3 мыңнан астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті де мақтанарлық мәліметтерін жариялап үлгерді. Олар өз әдетіне салып, жемқорлық фактілерін хабарлаған азаматтарды ынталандыру шараларын белсенді қолға алған. Соның нәтижесінде жыл басталғалы бері бес айда өңірде жемқорлық фактісін жеткізген азаматтарға жалпы құны 750 мың теңге сыйақы тағайындалыпты. Бұл биылғысы ғана. Ал жалпы соңғы 3 жылда жемқорлық қылмыстарының жолын кесуге жәрдемдескен 30-дан астам тұрғын 8,2 миллион теңге сыйақымен марапатталыпты. Бұл сыйақылар білім беру, спорт, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы, құрылыс және жер қатынастары сияқты салаларда жемқорлық жайттарын анықтауға ықпал еткен азаматтарға үлестірілген.

Мысалы, білім беру саласында басшылық қызмет атқарған М. есімді тұлға білім беру қызметіне лицензия бергені үшін 5 млн теңге пара алып, сот үкімімен кінәлі деп танылған. Оның бұл былығын дер шағында хабарлаған азаматқа 500 мың теңге сыйақы төленіпті. Заң талаптарына сәйкес, сыйақы мөлшері жемқорлық құқықбұзушылықтың ауырлығына байланысты анықталады. Бірақ 4 мың АЕК-тен аспауы тиіс. Сыйақы ақпараттың шындыққа сәйкес болуы, жемқорлықты анықтауға, жолын кесуге немесе тергеуге ықпал етуі, сондай-ақ соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі немесе әкімшілік жаза туралы қаулысы болған жағдайда ғана беріледі. Алайда көрінеу жалған ақпарат бергендер заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылады.

Президент сөзін жерге тастағысы келмеген полиция органдары да дүрмектен қалмай келеді. 27 маусымда Түркістан облысында әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Кездесуде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, ерте жүктілік және басқа да әлеуметтік мәселелер кеңінен талқыланды. Дәл сол күні Түркістан қаласында «Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне» орай бір айлық шараның қорытынды жиыны өтті. 300-ге жуық адамның басын қосқан жиында облыстың полиция департаментінің ерен еңбегі баяндалды. Әсіресе «профилактика жылы» мен «заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес және нашақорлықтың алдын алу бойынша қарқынды жұмыстарына қарық қылды.

Статистикасына келсек, жылдың алғашқы 5 айында жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 163 есірткі қылмысының жолы кесілген. Оның ішінде есірткі өткізудің 23 дерегі, аса ірі мөлшерде сақтаудың 11 дерегі, есірткі заты бар өсімдіктерді өсірудің 10 жайты анықталып, 2 фитолаборатория жойылған. Заңсыз айналымнан 200 келіге жуық есірткі, оның ішінде 850 грамнан астам синтетикалық есірткі, 48 келі марихуана, 147 келі «көкнар» түптері мен 12 мың «Трамадол» таблеткасы тәркіленген. «Мефедрон» синтетикалық есірткісін «жасырып кетумен» айналысқан 8 адам ұсталған. Сондай-ақ 1 маусым мен 30 қазан аралығында «Қарасора-2025» республикалық жедел-профилактикалық шарасы өтіп жатқаны өз алдына бір бөлек.

Бекбол АМАНГЕЛДІ

Түркістан облысы