Токиодағы нәтиже үшін
Спорт басшылары мен бапкерлердің мәселесі
«май шаммен қаралуы» мүмкін
Токио Олимпиадасы 8 тамызда өз өз мәресіне жетті. 16 күннен бері 206 мемлекеттің 11 мыңға жуық спортшысы бақ сынаған додада, өкінішке қарай Қазақстан құрамасы сегіз қола медальмен бейресмикомандалық есепте алтын медаль бойынша 83-орында қалып қойды.
3.08.2021 жыл
Олимпиада аталған күні боксшыларымыз үшін сәтті басталды дей алмаймыз. Бұған дейін аса ауыр салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалға жолдама алғанын білесіздер. Енді медаль алатындардың қатарына тек Сәкен Бибосынов ғана қосылды. Ал Зәкір Сафиуллин өз мүмкіндігін жіберіп алды. Алайда бокста үнемі бізбен бәсекелесіп жүретін, Рио Олимпиадасында үш алтын медаль жеңіп алған Өзбекстан құрамасының жартылай финалда бір ғана боксшысы қалғанын ескерсек, қазақстандықтардың жеткен жетістігі қанағаттарлық деуге болады. Әйткенмен, біз мұндай төмен нәтижені соңғы екі Олимпиадада көрген емеспіз.
52 келіде бақ сынаған Сәкен Бибосынов ширек финалда испаниялық Габриэль Эскобармен кездесіп, өте тартысты өткен жекпе-жекте 3:2 есебімен жеңісті жұлып алды. Ал 63 келіге дейінгі салмақта Қазақстан намысын қорғаған Зәкір Сафиуллиннің жолы болмады. Зәкір 1/4 финалда аустралиялық Гарри Гарсайдпен жұдырықтасып, 2:3 есебімен жеңілді. Кездесуден кейін жерлесіміз рингті босатпай, тіпті қызыл бұрышты рұқсат етілмеген әдіспен теуіп те жіберді. Зәкірді журналистер қауымы бірер сөзге тартпақ болып едік, ол көз жасына ерік беріп кете берді. Алайда, жылағаннан не пайда?! Барлық күш-жігерін рингте жекпе-жекте көрсету керек еді...
Бұл додада грек-рим шеберлері сенімді ақтамады. Қазақстан құрамасы үшін Токио Олимпиадасы сәтсіз аяқталды. Ел намысын соңғы болып қорғаған Нұрсұлтан Тұрсынов 87 келі салмақ дәрежесінде белдесті. Германиялық Денис Кудламен өткен белдесу 4:1 есебімен неміс спортшысының пайдасына шешілді. Белдесу аяқталғаннан кейін бас бапкер Бақтияр Байсейітов бұл жолы да төрешілер шешімімен келіспейтінін жеткізді.
«Төрешілер тарапынан бағалау дұрыс болған жоқ. Өздеріңіз көргендей, әдіс жасалды. Тік тұрып жартылай әдіс жасап лақтырды. Ереже бойынша толық жасалмаған әдіске екі ұпай берілуі керек. Төрешілер мұны есептеген жоқ. Мен төрешілер шешіміне шағым түсіргенде (челлендж) белдесуді қайта қарап, шешімді өзгертпеді. Әдетте шағым қанағаттандырылмаса қарсыласқа бір ұпай беріледі. Бас төреші, төрешілер үйлестірушісінің ұлты – неміс. Осы жерден өздеріңіз қорытынды жасай беріңіздер. Бұл жерде бізден жеңісті тартып алды деп есептеймін», деді бас бапкер.
Айта кетейік, грек-рим күресінен Олимпиада ойындарына Қазақстан үш жолдама жеңіп алған. Токио Олимпиадасына Мейрамбек Айнағұлов (60 кг), Демеу Жадыраев (77 кг) қатысып, алғашқы айналымда жеңіліс тапты.
Ерлер арасында 1000 метр қашықтық бойынша В финалында сынға түскен Сергей мен Тимофей Емельяновтар тиісті қашықтықты 3:32.873 уақытта бағындырып, өз тобында төртінші болды. Дәл осындай көрсеткішпен ағайынды Емельяновтар жарысты жалпы қорытынды бойынша 12-орынмен аяқтады.
Көптің үміті болған қазақстандық гимнаст Милад Каримигимнастикалық керме снарядында сынға түскен болатын. Іріктеу кезеңі Миалд үшін жап-жақсы басталып еді. Аталған жаттығу бойынша ол екінші орында тұрды. Қуанып та қалып едік. Қазақстандық спортшының бағдарламасы ең қиын бағдарламалар қатарына кіргендіктен, оны жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондай үлкен тәуекелге барған Милад келесі жаттығуды орындау барысында екі рет құлап, ұпайы төмендей берді. Ол 11.266 ұпаймен сегізінші орынды қанағат тұтты. Гимнастикалық кермедегені жаттығуда жапониялық Даико Хасимито (15.066) чемпион атанса, екінші орынды хорватиялық Тино Србич (14.900) иеленді, үздік үштікті ресейлік Никита Нагорный (14.533) түйіндеді.
Сонымен қатар әртістік жүзуден Қазақстан командасының мүшелері Екатерина және Александра Немич Олимпия ойындарын аяқтады. Техникалық бағдарлама қорытындысы бойынша 83.2338 ұпай жинаған ағайынды Немичтер қоссайыс нәтижесімен (167.1005 ұпай) 16-орынға тұрақтады.
Спорттық құзға өрмелеуден алғашқы іріктеу сынына қатысқан Ришат Хайбуллин қоссайыс нәтижесі бойынша 11-орыннан көрінді.
4.08.2021 жыл
4 тамыз күні алтын медальдан бірден-бір үміткер Қамшыбек Қоңқабаев кеше рингте басы «шайқалды». Анығында, жартылай финалда америкалық Ричард Торреспен жұдырықтасқан отандасымыздың есесі кетті. «Гонг» дыбысы естіле сала бір-біріне лап қойған екі қарсылас алғашында кезек-кезек соққы жасаумен болды. Алма-кезек шабуылдармен өткен бірінші раундта бес төрешінің біреуі Қамшыбекке жеңісті берді. Екінші раундта біз күтпеген жағдай орын алды. Америкалық боксшы жерлесімізді нокдаунға жіберді. Одан қалса Қоңқабаев төрешіден ескерту алды. Бұл кезеңде барлық төреші жеңісті Торреске жазды. Ал үшінші раундта Қамшыбектің мұрны сынып, кездесу тоқтатылды. Нәтижесінде барлық төреші бірауыздан америкалық боксшыны жеңімпаз деп таныды.
Сонымен, ел сенген Қамшыбек Қоңқабаев та жарыс жолын аяқтады. Әрине, халық одан көп үміт күтті. Бірақ Олимпиадаға қатысатындардың ешқайсысы осал емес. Оның үстіне ауыр салмақтағыларға жұдырықтасу өте қиын. Кейде барлығын бір соққы шешеді. Қамшыбек қанша жыл Иван Дычконың көлеңкесінде жүргенін білесіздер. Орда бұзар отыз жасында қола медальға қол жеткізу де оңай емес. Енді Қамшыбек әуесқой бокста кеткен есесін кәсіпқой бокста қайтарады деп сенеміз.
Еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жарыс жолына шыққан Нұрислам Санаев үшін жарыс керемет басталды. Алғашқы кездесуін Гвинея-Бисау елінің өкілі Иуна Фафе Диамантиноға қарсы өткізген жерлесіміз 7:0 есебімен жеңіске жетті. Ал ширек финалдағы қарсыласы, тіпті азулы еді. Әлем чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері жапониялық Юки Такахашимен еш қаймықпай белдескен Нұрислам 6:4 есебімен басым түсті. Осылайша кішігірім сенсация жасаған Санаев ақтық айқас үшін үндістандық Рави Кумармен кілемге шыққан болатын. Тартысты кездесуді Нұрислам жақсы бастады. Ол қарсыласын бірнеше рет айналдырып, 9:2 есебімен алға шыққан. Бірақ бұл басымдықты ол соңына дейін ұстап тұра алмады. Санаев аяғынан кішігірім жарақат алып, кейін үнділік балуан қарсы әдіске көшті. Нәтижесінде Рави Кумар Нұрисламды таза жеңді.
Айта кетейік, қазақстандық балуан үшін үнді балуаны алынбайтын қамалдай. Осымен үшінші рет кездесіп, барлығында да жеңіліс тауып отыр.
Байдарка есуден 500 метр қашықтықта бақ сынаған Наталья Сергеева іріктеу кезеңінде (2:01.374) жетінші орыннан көрінді. Ал каноэмен 200 метрге қашықтыққа сайысқа түскен Маргарита Торлопова тиісті қашықтықты 49,721 уақытта бағындырды. Екі спортшы да ширек финалға жолдама алды.
Тректегі велоспорттан іріктеу кезеңі кеше басталғанымен біздің спортшы үшін Олимпиада ерте аяқталды. Спринт бойынша келесі айналымға өтетін спортшылар анықтау бәсекесінде Сергей Пономарев үздік 24 спортшының қатарынан көріне алмады. Ол жарысты небәрі 29-орынмен аяқтады.
5.08.2021 жыл
5 тамыз күні Қазақстан спортшылары үшін шешуші күн еді. Каратэден әлемдік рейтингте көш басында тұрған Дархан Асәділов, еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрислам Санаев және бокстан әлем біріншілігінің қола жүлдегері Сәкен Бибосынов бастаған спортшыларымыз бір емес, үш алтын алуға мүмкіндіктері бар еді. Өкінішке қарай, барлығы қола медальді қанағат тұтты. Енді алтын алады-ау деген ешкім қалмады. Күтпеген жерден бір чемпион шықпаса, Олимпиададағы жағдай өте қиын. Мұндай «антирекорд» тәуелсіз Қазақстан тарихында болмаған.
Жарысқа келер болсақ, бұл күні финалдық айқас үшін Қазақстан боксшылары арасында жалғыз өзі қалған Сәкен Бибосыновқа (52 кг.) ел үміт артқан еді. Өкінішке қарай, ұлыбританиялық Джалал Яфаиға қарсы қолғап түйістіргенжерлесіміз төрешілер шешімімен жеңіліс тапты.
Бірінші раундта Сәкеннің қарсыласы ә дегеннен-ақ лап қоя берді. Мұндайды күтпеген отандасымыз да қарап тұрсын ба?! Ол да алға шабуылдап кетті. Ашық «шайқасқа» ұласқа кездесуде Сәкен бірнеше соққы өткізіп алды. Тіпті, нокдаун да тіркелді. Ал екінші және үшінші раундта белсенділік танытып, қарсыласына бірнеше соққы жасағанымен, қорытынды есеп бойынша 3:2 есебімен ұлыбританиялық боксшы жеңіске жетті. Өкінішке қарай, тұңғыш рет Олимпиаданың финалы қазақстандық боксшыларсыз өтеді.
Журналистер алдына шыққан Сәкен көпке дейін өз-өзіне келе алмай, көз жасына ерік берді: «Токио Олимпиадасында жеңіске жетіп, қазақ халқын алтын медальмен қуантқым келіп еді. Ол арманыма жете алмадым. Бар күш-жігерімді салдым. Соңына дейін жұдырықтастым. Бірінші раундта қарсыласым басым түсті. Оны мойындаймын. Ал қалған екі раундта аянып қалмадым. Бұл менің бірінші Олимпиадам. Тіпті Токиоға бара алмай қалуым да мүмкін еді. Жолдаманы ең соңғы сәтте жеңіп алғанымды білесіздер. Сондықтан бәріне қанағат. Жүлдемді барша қазақстандықтарға арнаймын», деді Бибосынов.
Алтыннан тағы бір үміткеріміз каратэден 67 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Дархан Асаділов еді. Амал не, Дархан Олимпиаданың қола жүлдесін қанағат тұтты. Жерлесіміз А тобында сынға түсіп, барлық қарсыласынан басым түсті. Ал жартылай финалда Франция өкілі Стивен де Костамен кездесіп, 5:2 есебімен жеңіліп қалды. Дархан каратэ тарихында Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері. Дарханның негізгі салмағы 60 келі. Олимпиадада 60 келі салмақ болмағандықтан, жерлесіміз өзінен әлдеқайда үлкен 67 келіде сынға түскенін айта кету керек. Сондай-ақ қыздар арасында 55 келіде сайысқа түскен Мөлдір Жаңбырбай Олимпиада ойындарының жартылай финалына өте алмады. Мөлдір В тобында сынға түсіп, екі кездесуде жеңілсе, бір кездесуде тең түсті. Ал бір жекпе-жекті жеңіспен аяқтады.
Еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақта белдескен Нұрислам Санаев алтын алу керек еді. Қарсыластарының барлығын жеңіп келген ол жартылай финалда Үндістан балуаны Рави Кумарға есе жіберді. Қола медаль үшін күресте Санаев намысты қолдан бермеді. Кіші финалда болгариялық Георгий Вангеловті 5:1 есебімен басым түсіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ал74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескенДанияр Қайсанов бұл күні үш қарсыласынан басым, түсіп жартылай финалға жолдама алған-ды. Финалдық айқас үшін Қайсанов екі дүркін әлем чемпионы, ресейлік Заурбек Судаковпен белдесіп, 0:11 есебімен жеңіліс тапты.
Аса ауыр салмақта белдескен Юсуп Батырмурзаевтың жолы болмады. Германиялық Геннадий Чудиновичтенсегіз ұпай алда тұрып, соңғы секундтта «таза әдіске» түсіп қалды. Ал әйелдер арасында 53 келіде боз кілемге шыққан Татьяна Ахметова алғашқы айналымда-ақ әлем чемпионатының қола жүлдегері, Польша спортшысы Роксана Марта Засинадан 2:3 есебімен жеңілді.
Қазіргі бессайыс бәсекесінің іріктеу қорытындысы бойынша Елена Потапенко 36 спортшының ішінен 8-ші сатыға тұрақтады. Бүгін бессайысшылар жүзуден, ат спортынан және семсерлесуден бақ сынайды.
Тректегі велоспорттағы «омниум» бойынша жарыс жолына шыққанАртем Захаров төрт түрлі бәсекеде бақ сынады. Нәтижесінде Захаров 62 ұпай жинап, 14-орын алды. Сондай-ақ спорттық жаяу жүрістен 20 шақырымғасынға түскен Георгий Шейко1:28:38 уақыт көрсеткішімен 39-орында қалып қойды. Ал ашық суда жүзуден 10 шақырым қашықтық бойынша финалдық бәсекеге қатысқанВиталий Худяков тиісті межені 1:57:53.7 уақытта бағындырып, 21-орыннан көрінді. Бұл күні жеңіл атлетикадан биіктікке секіру бойынша Надежда Дубовицкая мен Кристина Овчинникова финалдық кезеңге шыға алмады.
7.08.2021 жыл
Олимпиадада Қазақстан қоржынына соңғы сегізінші қола медальді каратэші Софья Берульцева салды. 61 келіден жоғары салмақта сынға түскен ол жартылай финалда египеттік Фериял Абделазизбен кездескен болатын. Аса тартысты өткен жекпе-жекте Берульцева 4:5 есебімен жол берді. Ал Египеттік каратэші өз кезегінде финалда жеңіске жетіп, Олимпиада чемпионы атанды.
Бұл Токио Олимпиадасындағы соңғы қола жүлдеміз еді. Қазақстан спортының осындай күйі неден? Бокс неге алғаш рет алтын түгіл, күміссіз қалды? Балуан елміз дейміз, неге классиктер алғашқы айналымнан аса алмады? Осылай сұрақтар тізімі жалғасып кете береді. Әрине, мұның бәрі қарапайым жанкүйер айналысатын шаруа емес. Нәтиже үшін спорт басшылары мен бапкерлердің мәселесі «май шаммен қаралуы» мүмкін. Ал әзірге осы жеткен жетістігімізді қанағат етуге тура келіп тұр.