Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:44, 15 Тамыз 2024

Тоқмәди бостандықта. Тәтішевті атқан кім, атқызған кім?

Аблязов, Тәтишов, Масимов и Токмади
Фото: Жас Алаш коллаж

«Тұран Әлем» (БТА) банкінің төрағасы Ержан Тәтішевті 2004 жылы өлтірді деп сотталған Мұратхан Тоқмәди 10 тамызда шартты түрде босатылды.

Қонаев қаласының соты 26 шілдеде тиісті шешімді шығарды. Ал бұған марқұмның туыстары қарсы шығып, Тоқмәдидің түрмеден босатылып жатқанын тек БАҚ арқылы ғана білдік деп мәлімдеді. Кейіннен Тәтішевтің отбасы М.Тоқмәдиден 20 млн доллар талап етті деген хабар да таралды. Мұратхан Тоқмәдидің өзі ешкімді өлтірмегенін, мұның бәрін бұрынғы ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімовтің адамдарының азаптауынан соң мәжбүрлі түрде мойындағанын айтты.

Тәтішев
Ержан Тәтішев. Фото: ашық дереккөз

Кәсіпкер Ержан Тәтішев қалай қаза тапты? Ресми соттың нұсқасы

2004 жылы кәсіпкер Мұратхан Тоқмәди мен «Тұран Әлем» банкінің төрағасы Ержан Тәтішев Отар стансасы маңында аңға шыққан. Toyota Land Cruiser жол талғамайтын көлігінде олармен бірге банк басшысының оққағары Козликин де болған. Көлікті Тәтішевтің өзі жүргізген. Аң аулау кезінде қару өздігінен атылып, оқ марқұмның оң жақ желке тұсынан тиген. Банкир оқиға орнында бірден қаза тапқан. Сол кезде Мұратхан Тоқмәди Тәтішевті абайсызда өлтіргені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылып, рақымшылықпен бірден бостандыққа шықты.

2017 жылдың маусым айында Тоқмәди тағы да қамауға алынды. Сол жылдың қазан айында кәсіпкер үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейтін болды. Сот Тоқмәдиді бопсалау, қару және жарылғыш заттарды заңсыз сақтау бойынша айыпты деп таныды. Кейін КТК телеарнасына берген сұхбатында Мұратхан Тоқмәди Ержан Тәтішевті өлтіргенін мойындады. Ол «Тұран Әлем» банкінің бұрынғы басшысын өлтіруге Мұхтар Әблязов тапсырыс бергенін мәлімдеді. Әблязов банкирдің өліміне 4 млн доллар төлейтін болып келісілген, бірақ ақшаның жартысын бермепті. Осыдан соң бас прокуратура бұрынғы қылмыстың жаңадан ашылған мән-жайларына қатысты тексеру жүргізді. 2018 жылдың наурыз айында Мұратхан Тоқмәди Тәтішевті өлтіргені үшін 10 жыл 6 айға сотталды. Ал сот бұл қылмысқа Әблязовтың қатысы бар деп, оны сыртынан өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кеседі.

Тоқмәди
Мұратхан Тоқмәди. Фото: Андрей Лунин

Арадан 4 жыл өтіп, 2022 жылы Қаңтар оқиғасына қатысты Кәрім Мәсімов пен ҰҚК полковнигі Руслан Ысқақов ұсталады. Дәл осы сәтте түрмедегі Тоқмәди сол кездегі ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа Тәтішевтің өлімін ҰҚК адамдарының азаптауынан соң мәжбүрлі түрде мойындағанын айтып, ашық хат жазады. Бірақ жауап болмаған. Кейін Тоқмәди президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайды. 2022 жылдың тамызында Жезқазған қалалық соты Тоқмәди мен оның қорғаушыларының шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмайды. 2023 жылдың қазан айында апелляциялық сот кәсіпкерді шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартады. Бірақ оның ҰҚК қызметкерлері азаптады деген мәлімдемесі бойынша тергеу жүргізіледі. Тоқмәдиді ресми түрде жәбірленуші деп таниды. Бірақ көп өтпей, дәлелдер жеткіліксіз делініп, іс жабылады. Өз сөзінде Тоқмәди «5 жыл бойы жасамаған қылмысым үшін жазамды өтеп келемін. ҰҚК қызметкерлері мені азаптап, әйелімді 15 жылға қамаймыз деп қорқытты. Мұны Мәсімовтің адамдары, бас прокуратура, ішкі істер министрлігі ойластырып жүзеге асырды. Олардың басты мақсаты Назарбаевтың жауы – Әблязовті елге қайтару болатын. Бірақ ойлаған істері жүзеге аспады» деп мәлімдеді.

Мәсімов пен Әблязовті не байланыстырады? БАҚ нұсқасы

2022 жылы «Хабар» телеарнасы «Большая неделя». Аблязов. Убийство банкира Татишева» дейтін бағдарлама жариялады. Сол жерде Мәсімовтің бұл қылмысқа қандай қатысы бары айтылды.

1998 жылы Әблязов, Тәтішев және Қазақстандағы басқа да белгілі кәсіпкерлер БТА банкін сатып алады. 2002 жылы наурызда Әблязов энергетика министрі қызметінде жүргенде сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен қамауға алынды. «Хабардың» бағдарламасына қатысқан судья Азамат Тілеповтің айтуынша, алдын ала тергеу барысында Тәтішев пен Әблязов арасында банктің бір бөлігі тәркіленіп кетпеуі үшін Әблязовке тиесілі банк активтерін Тәтішевке беретіндігі туралы келісім болған. Олар Әблязовке тиесілі банк активтерінің бағасын келісіп, сол жылғы баға бойынша 300 миллион доллар төлейтін болған. 2003 жылы Әблязовке рақымшылық жасалады. Ал банк активтері өсіп, нарықта ашық сатылымға шығады. Әблязов бостандыққа шыққаннан кейін Тәтішевпен арадағы активтерді бөлісе алмай дау туған көрінеді. Оның ақыры Тәтішевтің қазасымен аяқталыпты. Иә, тапсырыс берген Әбілязов дейді.

Ал бұл іске қатысты Мұхтар Әбілязов мәлімдеме жасап, Тоқмәдиді өмірінде көрмегенін, ол БТА банкінен 4 млн доллар несие алып, кейін өтегенін айтқан.

Тоқмәди Тәтішевті атты ма? Айыпталушының нұсқасы

Мұратхан Тоқмәди өзінің азапталып жатқанын мәлімдегеннен соң Оrda сайтына сұхбат берді. Оның айтуынша, Тәтішевтің өлімі тапсырыс болуы да мүмкін. Аңға шыққан кезінде Тоқмәди көлік люгінде сыртқа қарап тұрған. «Ержанның өліміне сол күні бізбен бірге джипте болған полиция капитаны Сергей Козликиннің қатысы болуы мүмкін деп ойлаймын. Қалай екенін құқық қорғау органдары анықтасын. Өйткені 2006 жылы Козликин Қазақстаннан Ресейге көшіп кеткен» дейді айыпталушы сұхбатында. Бірақ қылмысты бұған мойындату үшін аяғының башпайларын, қабырғасын сындырып, түрлі психотроптық дәрілер егіп қинау әдісін тікелей Руслан Ысқақов жүргізгенін айтады. Бұдан бөлек, арнайы прокурор Бекжан Ермұханбетұлының да есімін атайды. Тоқмәди 2017 жылғы заңсыз қару сақтады деген қылмысын да мойындамайды. Оның айтуынша, бизнестегі серіктесі Непропекинге біреулер «кәсіпорындағы үлесімді Мұратхан күштеп тартып алды» деп арыз жаздырған. Шығын сомасы 185 миллион теңге. Содан кейін Мәсімовтің қызметкерлері 2017 жылдың 12 маусымында адам бопсалады деген күдікпен Тоқмәдиді қамауға алған.

Оққағар Тәтішевті атты ма? Козликиннің нұсқасы

Сергей Козликин 2004 жылы банкирдің оққағары, көлікте бірге болған. БАҚ-та жазылғандай жалғыз куәгер деп жаза алмай отырмыз. Себебі банкирдің өліміне оның да қатысы бар болуы мүмкін екенін жоғарыда жаздық. Козликиннің айтуынша, өміріне қауіп төнгесін ол Ресейге көшіп кеткен. Қазір

Калининградта тұрады. Ол болған оқиғаны былай деп сипаттайды: «Мылтық атылғанда мен көліктің алдыңғы орындығында отырдым. Тәтішев бірден рөлге құлады. Мен оның қаза тапқанын білдім. Артыма қарасам, Тоқмәдидің оқ қолының саусағы шүріппеде тұр екен. Ол «қалай атып жібергенімді өзім де білмей қалдым» деді абдырап. Көлікті тоқтаттым. Ертеңіне ол келіп «сен аттың ғой. Патрон сенің аяғыңның астында жатты. Неге мені бұл істе айыпты етіп жатырсың» деген сияқты сөздерді айтып, айыпты маған аудара салмақшы болды», деген Сергей Козликин.

М. Тоқмәди
Фото: voxpopuli.kz

Шыны королі, қылмыс әлеміндегі «Мурка»

Мұратхан Тоқмәди қамалғасын ол туралы түрлі ақпарат шықты. Оның кәсіпкерлерді бопсалап ақша талап ететін «Депкорпус» қылмыстық топтың басшысы, қылмыс әлемінде оның «Мурка» деген атпен танымал деген де хабарлар таралды.

М.Тоқмәди жас кезінен бокспен айналысқан. Өңірде бокстан бапкер де болған. Кейіннен Алматыға келіп құрылысшы-инженер, менеджмент мамандықтарында оқыған. 2003 жылы «КазСтройСтекло» компаниясын құрып, оның бас директоры болған. 2004 жылы Алматыда өнеркәсіптік шыны өңдейтін тұңғыш қазақстандық зауыт салған.

Назарбаев пен Тоқмәди
Фото: altyn-orda.kz

Бұл айтарлықтай табысты кәсіпорын 2008 жылы ең үздік өндірістік кәсіпорын болып танылып, президенттің «Алтын сапа» сыйлығымен марапатталған. «КазСтройСтекло» кәсіпорны Қазақстандағы ең ірі кәсіпорын ретінде танылған. Компания Республика сарайын қалпына келтірген, одан бөлек, Mega, Mega 2, AFD Plaza, Dostyk Plaza, Республика сарайы, Қуыршақ театры, Астанадағы KEGOC ғимараты, Тараздағы Спорт сарайы, Бішкектегі «Дамас» қонақ үйі сияқты ғимараттардың сыртқы қабырғасын шынымен қамтамасыз еткен. Мұратхан Тоқмәдидің спортшы екенін айттық.

Тоқмәди
Фото: Facebook

2016 жылдың мамыр айында Техастағы Ironman триатлонында рекорд орнатқан. Сөйтіп әлемдегі үздік 22 триатлоншының қатарына енген. Оның Ironman, яғни «Темір адам» деген де лақап аты бар.

Тоқмәдидің ұсталып жатқан кезі делінетін видеода күштік құрылымдардың оның үйіне басып кіргені көрсетілген. Видеода «Арман Вилла» тұрғын үй кешені көрсетілген. «Крыша» сайтының мәліметінше, бұл кешендегі пәтердің шаршы метрі 1,4 млн теңгеден басталады.

Мұратхан Тоқмәдидің бизнестері

Тоқмәдидің бірнеше бизнесі бар, анығы болған. Қазіргі күнде ресми бір ғана бизнес тіркелген. Біз сөз етіп отырған «КазГласс» компаниясының құрылтайшысы Тоқмәди Мұратхан. Бұл компания негізінен шыны өндірумен айналысады.

КазГласс

Табысы Тоқмәди ұсталғасын құлдыраған. Мысалы, 2015 жылдары қаржылық айналымы 1 млрд 300 млн-ға жуық кәсіпорының қаржысы Тоқмәди ұсталған 2017 жылы бірден 400 млн-ға түскен. Қазіргі күнде қаржысы 15 млн теңге айналасында, төлеген салығы да 300 мың теңгеден аспайды. Тоқмәдидің бизнесі бір компаниямен бітіп қалмайтыны анық. Ол басқа компанияларын әйелінің атына жазып қойғанға ұқсайды. Олай дейтініміз, Тоқмәдидің алғашқы ірі компаниясы саналатын «ҚазҚұрылысШыны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әйелі Жәмила Айымбетова-Тоқмәдидің атында. Бірақ «КазГласс» пен ҚазҚұрылысШыны» компанияларының директоры бір адам – Маусымбай Арон.

ҚазҚұрылысШыны

«ҚазҚұрылысШыны» компаниясының да кейінгі уақытта табысы мардымсыз. Былтырғы қаржы айналымы – 3,5 млн-ға жуық, төлеген салығы да өте аз. Ал компания Тоқмәди ұсталғанға дейін өте табысты болған. 2017 жылғы қаржы айналымы – 3 455 894 000 теңге, төлеген салығы 100 млн теңгеден асады. Бұдан бөлек, Жәмила Айымбетова-Тоқмәдидің қандай компаниялары барын тізіп өтейік:

1. «МАДИНА» ЖШС;

2. «КСС – Инвест» ЖШС;

3. Ассоциация Издателей Казахстанских Журналов ЗТБ;

4. «СЕЗОН» ЖШС;

5. «КСС Астана» ЖШС ;

6. ECO STORE ORGANIC ЖШС;

7. Tokmadi Media ЖШС;

8. Organic Store ЖШС;

9. «СтройСтекло» ЖШС;

10. «МАДА-2» ЖШС.

Бұл кәсіпорындар ішінде де табысты компаниялар бар. Мысалы, «СтройСтеклоның» 2022 жылғы қаржы айналымы 607 243 105 теңге, «КСС Астананың» 2022 жылғы қаржы айналымы 3 млрд-қа жуық болған.

P.S. Енді негізгі тақырыбымызға қайта оралсақ. Банкир Тәтішевтің өлімі тапсырыспен болды дегенге негіз бар. Оны Назарбаев режиміне қарсы Әблязов ұйымдастырды ма, әлде басқа себептер болды ма, ол жағы белгісіз. Қарудың да өздігінен атылмайтыны анық. Тергеу кезінде отандық төрт сарапшының екеуі қару өздігінен атылды десе, екі сарапшы шүріппе басылғасын атылған деген қорытынды шығарған. Ал АҚШ криминалистік сарапшылар тобының жетекшісі Майкл Патрик Мерфи 12 калибрлі мылтықта ақау болмағанын, сондықтан шүріппе басылмай атылмайтынын алға тартқан.

Қоғам күтіп отырған бір мәселе – Тоқмәди ақталды ма, ақталған жоқ па? Оның ісінен Тәтішевті өлтірді деген айыптау алынып тасталды ма, жоқ па? Әзірге ешқандай ақпарат жоқ. Бір қарағанда, аты қайта-қайта аталып жатқан Мәсімовтің кешірім алуға деген мүмкіндігі азайып бара жатқан сияқты. Не де болса, бұл шулы іс туралы алдағы уақытта жаңа бір сценарий пайда болатын түрі бар... 

Тұрсынбек БАШАР