Төлешовтің соты, Әйтеновтің уәдесі
Асанбай Асқаровтан қалған нысанға жаны ашитын ешкім жоқ
2016 жылы атышулы шымкенттік бизнесмен Тоқтар Төлешовтің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айып бойынша Астанадағы соттың үкімімен 21 жылға бас бостандығынан айырылғаны белгілі. Бірақ «сыра королінің» дүниелеріне қатысты сот Шымкентте әлі жалғасып жатыр.
Төлешовке тиесілі болған бір дүние – Шымкенттегі Фосфоршылар мәдениет сарайы туралы мәселенің көтерілгеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Жетпісінші жылдары салынған нысан уақтысында ең менмін деген мәдениет сарайы саналған. Сахнасы одаққа танымал әншілерден босамаған ғимаратта үйірмелер де жұмыс істеген. Тоқсаныншы жылдарғы қиыншылық кезінде нысан Төлешовке тиесілі сыра зауытының меншігіне өтеді. Оның қалай өткені осы уақытқа дейін жұмбақ. Бүгінде қараусыз қалғандықтан әбден тозған ғимараттың тағдырына ара түсуді сұраған тыл және еңбек ардагері Өркен Әбдіреевтің жанайқайын уақтысында біз «Жас Алашта» жариялаған болатынбыз.
– Осы ғимаратқа қарап отырып жүрегің ауырады. Бір кездері қандай мәдениет сарайы еді?! Сақтап қала алмадық. Нысанды бұрынғы қалпына келтірсе, қандай керемет болар еді?! Осыны айтып, Шымкентті басқарған талай әкімге бардым. Ешқайсысы құлақ аспайды. Дәл қазір ғимараттың басында қарауыл да жоқ. Нашақорлар мен қаңғысбастардың мекеніне айналған. Ішінің бәрі қирап, түк қалмауға айналып барады. Асанбай Асқаровтан қалған нысанға жаны ашитын ешкім жоқ па? – деген ақсақал жуырда осы мәселе бойынша мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа да хат жазғанын мәлім етті.
— Ақордадан хатты алғаны жөнінде хабарлама келді. Бұл іске президенттің өзі араласпаса, жергілікті шенеуніктердің ісі түсініксіз болып кетті, – деді өткен аптада бізбен хабарласқан Өркен Әбдіреев.
Расында да Төлешов сотталған соң мемлекеттің меншігіне өтті деген Фосфоршылар мәдениет сарайына қатысты түсініксіз жағдай көп. 2019 жылы сол кездегі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мәдениет сарайының күрделі жөндеуден өтіп, оқушылар сарайына айналатынын дүйім жұрттың алдында жариялаған. 2021 жылы қала әкімі Мұрат Әйтенов халыққа берген есебінде Фосфоршылар сарайын жастар орталығына айналдыратынын мәлімдеді. Алайда мемлекеттің меншігіне өтті деген ғимарат әлі күнге қаңырап тұр. Әкімдердің елге берген уәдесі неге орындалмайды? Осы сауалды алға тартып, біз біраз азаматтармен хабарласқан едік.
Алдымен Фосфоршылар мәдениет сарайы орналасқан Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық әкімдігімен байланыстық. Аудан әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев қазіргі уақытта ғимараттың шаруасымен қалалық қаржы басқармасының айналысып жатқанын хабарлады. Ал қаржы басқармасындағы жауапты маман Шымкент қалалық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне сілтеді. Ақыр аяғында жауапты аталған департамент басшысының орынбасары Ғалым Қасымбековтен алдық.
– Фосфоршылар мәдениет сарайы «Дархан GROUP» серіктестігінің меншігінде, – деді ол. – Бұған дейін аталған компания акцияларының 99,9997 пайызы Тоқтар Төлешовке, ал қалған 0,0003 пайызы Н.Досанбаев деген азаматтың иелігінде болған. Тоқтар Төлешовке үкім шығарылғаннан кейін сот актісімен оның «Дархан GROUP» серіктестігіндегі үлестері, соның ішінде сіз айтып отырған Фосфоршылар мәдениет сарайы да толығымен мемлекет меншігіне өткен. Қазіргі уақытта аталған серіктестің 99,9997 пайыз үлесі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің, қалғаны Досанбаевтың меншігінде. Әбдірахымовтың кезінде осы нысанды Шымкент қаласы әкімдігінің балансына беру туралы мәселе көтерілді. Алайда ғимарат әкімдіктің үлесіне әлі күнге өткен жоқ.
– Ең басты гәп осында болып тұр ғой. Мемлекеттің меншігіндегі нысанды мемлекеттік мекемеге бере салуда қандай қиындық бар?
— Бұл жердегі ең басты мәселе «Шымкентсыра» мен «Дархан GROUP» компаниясының арасындағы қарыз дауына барып тіреледі. «Шымкентсыра» серіктестігі басшыларының айтуынша, 2014 жылы кәсіпорын мен компания арасында 1,8 миллиард теңгеге келісім жасалған, бірақ компания келісімде көрсетілген қаражатты төлемеген көрінеді. Кейін кәсіпорын қарызын даулап, сотқа шағымданады. Алғашқыда экономикалық сот талап арызды қанағаттандырған. Осыдан кейін 1,8 миллиард теңге қарызы бар серіктестікке тиесілі Фосфоршылар сарайын меншігіне алуға Шымкент қалалық әкімдігі тәуекел еткен жоқ.
Бұл іске Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті араласқан кезде сот шешіміне шағымдану мерзімі өтіп кеткен еді. Біздің департаменттің Бас прокуратурамен бірлесіп жүргізген жұмыстарының нәтижесінде шағым берілді. Нәтижесінде Жоғарғы сот «құжаттар толық зерделенбеген» деген негізбен экономикалық соттың шешімін бұзды. Міне, жуырда бұл іс Шымкент қаласының экономикалық сотында қайта қаралды. Сот бұл жолы «қарызды дәлелдейтін түпнұсқалық құжат жоқ» деген негізбен «Шымкентсыра» кәсіпорнының талап-арызын қанағаттандырусыз қалдырды. Яғни, «Дархан Group» компаниясы мойнына ілінген 1,8 миллиард теңге қарыздан босатылды. Енді үкімет, мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті және Шымкент қалалық әкімдігі бірлесіп, Фосфоршылар сарайын әкімдіктің балансына беру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
– Бұл процесс ұзаққа созылып кетпей ме? Ғимарат әкімдіктің теңгеріміне қашан өтеді?
— Бұл сұраққа дәл қазір нақты жауап беру қиын. Себебі «Дархан GROUP» ЖШС-ның жалақыға қатысты, басқа да салықтық қарыздары бар. Оны өндіру жөнінде актілер шығарылған. Бұл бойынша тексеру, анықтау жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстардың бәрі біткен соң Фосфоршылар мәдениет сарайы әкімдіктің меншігіне өтетін болады.
Мұрат Әйтенов елге екі жыл бұрын берген уәдесін енді орындай ма? Фосфоршылар сарайы қашан елдің игілігіне беріледі? Әлде бұл іс тағы да сағызша созыла бере ме? Күтіп көрейік.