Толғанай ҮМБЕТӘЛИЕВА, саясаттанушы: Сыртқы саясат – ішкі саясаттың жалғасы
Қазақстанда саяси салаға қатысты түрлі заңдар арқылы саяси ойын ережелеріне өзгерістер еніп жатыр.
Мысалы, БАҚ туралы заңға ЛГБТ насихатына қатысты нормалар қарастырылуда. Мұндай өзгерістер көзге бірден байқалмаса да, саяси жүйеге түзету енгізді. Әрине, ең түбегейлі өзгеріс парламентке қатысты болмақ. Жалпы алғанда реформалар жүріп жатқандай көрінгенімен, олар ашықтыққа, айқындық пен еркіндікке емес, керісінше, жүйенің одан әрі жабық болуына және бақылаудың күшеюіне бағытталған.
Биыл елдегі ең маңызды саяси оқиға ретінде салықтың өсуін айтар едім. Бұл іс жүзінде әрбір адамның, шағын және орта бизнестің әл-ауқатына елеулі әсер ететін қадам болды. Мемлекет өзінің тиімсіз басқаруының салдарын салықты көтеру арқылы шешуге тырысуда. Халықтың бір бөлігі әлеуметтік мәртебесінен айырылып, шығындарын қысқартуға мәжбүр болды. Егер үкімет жақын арада нақты шешім таппаса, әлеуметтік наразылықтың күшейе түсері анық. Баға өсіп жатыр, ал жалақы өспейді, бұл халықтың кедейленуіне себеп болады.
Ішкі саясатқа, әлеуметтік саясатқа және экономикаға жауапты мемлекеттік органдардың жұмысына қанағаттанарлықсыз деген баға беремін. Бұл салалардың бәрінде жағдай нашарлап кетті. Экономика мен әлеуметтік саладағы проблема қандай болса, ішкі саясатта да дәл сондай жағымсыз үрдіс байқалады. Биыл ішкі саясаттағы басты тақырып ретінде мемлекет пен БАҚ арасындағы текетіресті атар едім. Үкімет төртінші билікпен қарым-қатынасына елеулі өзгеріс енгізді. Өкінішке қарай, журналистер тарапынан қарсылық көрсету және өз мүдделерін қорғау стратегиясы әлсіз әрі сапасыз болып тұр. Журналистік қауымдастық ішіндегі бытыраңқылық пен жөнсіз бәсекенің салдарынан төртінші билік өкілдері билік саясатына лайықты жауап бере алмай келеді.
Аудан әкімдерін сайлау жүйесін билік неге қайта қарамақ? Менің ойымша, аудан әкімдерінің сайлау нәтижесіне қарасақ, олар қазіргі билік үшін ешқандай мәселе туындатқан жоқ. Барлығы жоспарланған сценарий бойынша өтті. Ал демократия тұрғысынан, яғни, билік сайлау арқылы қалыптасуы керек деген қағида бойынша қарағанда, мақтанарлық жайт аз. Жаңа адамдар, кәсіби мамандар және өз күшімен жетістікке жеткен тұлғалар сайлауда жеңе алмады. Сондықтан билік, бір жағынан, нәтижеге разы болуы мүмкін. Бірақ бұл сайлаулар онсыз да тапшы қазынадан көп қаржы шығындады. Тоқаев сайлаудан кәсіби кадрлар іріктелмегенін және мемлекеттің зор шығынға батқанын ескеріп, өзгеріс енгізуді ойлаған шығар. Басты себеп осы болуы мүмкін.
Қазақстан билігі сыртқы саясатты басты орынға қояды деген ойды былтырдан бері айтып жүрмін. Тоқаев сыртқы саясатқа өте көп көңіл бөледі. Мұны түсінуге болады, әлемде осындай тектоникалық өзгерістер жүріп жатқан кезде тыныш отырып, сырттай бақылау мүмкін емес. Әлемде өзгеріс болып жатқан кезде әр мемлекет үшін мүмкіндік мол болады. Алайда сыртқы саясат ішкі саясаттың жалғасы екенін ұмытпаған жөн. Егер ішкі саясатта қысым күшейіп, ойын ережелері қатаңдай берсе, сыртқы саясат айтарлықтай нәтиже бермейді. Ішкі саясат түзелмесе, халықаралық аренада қол жеткізіп жатқан жетістіктерді тез арада жоғалтып алуымыз мүмкін. Өйткені елдің қатаң авторитарлық саяси бейнесі оның әрекеттерінің бәрін жоққа шығарады. Мұндай саясат өте тұрақсыз болады. Мұндай саясатқа байланысты Қазақстан ғана емес, Еуропадағы кейбір елдер де сынға ұшырады. Мысалы, Германия канцлері Мерцті де өз халқы қатты сынап жүр. Елде экономикалық дағдарыс бар, көші-қон мәселелері шешілмеген, әлеуметтік сала түбегейлі өзгерістерді талап етеді, алайда Мерц негізінен сыртқы саясатпен көп айналысып кетті. Әлемде ауқымды жаһандық процестер өрбіп жатқандықтан, көптеген мемлекет басшысы назарын ішкі мәселелерден гөрі сыртқы саясатқа аударды. Сондықтан бұл құбылыстың әрі объективті, әрі субъективті себептері бар. Мысалы, Қазақстан билігіндегі ішкі саясат пен экономика блогында кәсіби мамандар жетіспейді. Яғни, «үй ішіне» де көңіл бөлмесе болмайды.