Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:35

«Төңкерісті бізсіз тоқтата алмас едіңдер»: Smart Coffee иесіне бойкот басталды

Евгений Глински
Фото: Инстаграм

Әлеуметтік желіде Smart Coffee франшизасының иесі Евгений Глинскиге қатысты дау туындады.

Желі қолданушылары оның 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына байланысты жазған даулы пікіріне наразылық білдіріп, кофеханаға бойкот жариялай бастады.

Пікір скриншотында Глинскидің «Төңкерісті бізсіз тоқтата алмас едіңдер» деген мазмұндағы жазбасы көрсетілген. Пікір шыққаннан кейін көп ұзамай әлеуметтік желіде #BoycottSmartCoffee хэштегімен бойкот қозғалысы басталды. Белсенді қолданушылар кофехананың түрлі қалалардағы бөлімшелерін 2GIS, Google Maps сияқты платформаларда жаппай төмен бағалап, теріс пікір қалдырып жатыр. Желіде бойкот кеңінен таралып, кейбір қолданушылар кофехананың Instagram парақшасы атауын өзгертіп, хейттен қашуға тырысқанын да айтты. 

Евгений Глински аталған жазбаны өзі жазбағанын айтып, аккаунты бұзылғанын алға тартты. Сонымен қатар ол қоғамнан кешірім сұрады. «Мен бұл жазбаны жарияламадым. Аккаунтым бұзылған. Ешқашан ондай мәлімдеме жасаған емеспін. Кешірім сұраймын», – деді Глински өз парақшасында. Алайда көпшілік бұл мәлімдемеге сенбеді. Қоғам өкілдері мен желі қолданушылары мұны «жауапкершіліктен жалтару» деп қабылдап, бойкотты тоқтатпайтынын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін дәл осындай дауға ұшыраған Qazaq Coffee кофеханасы «қазақ тілін білуге міндетті емеспіз» деген пікірден кейін қоғамдық қысымға шыдай алмай, жұмысын тоқтатқан еді.

Smart Coffee-дің болашағы да дәл осындай сценариймен аяқтала ма — бұл уақыттың еншісінде. Көпшілік бұл жағдайды тек бизнеске емес, қоғамдық сана мен ұлт мүддесіне қарсы шыққан әрекет деп бағалап отыр.