Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:23, 23 Тамыз 2022

Тоқаев кімге нені түсіндіргісі келді

None
None

Соңғы кездері Батыс барлау басқармалары мен жалпы, Батыс баспасөзі Ресейдің келесі көз тігіп отырған өңірі Қазақстан екенін, алдағы уақытта көрші елдің елімізге басып кіруі мүмкін екенін жиі жаза бастады.

Тіпті, америкалық Тhe Jamestown Foundation газеті «Медведевтің парақшасына жазып, артынан өшірілген посты Ресей элитасындағы көпшіліктің пікірін білдіреді», деп жазған. Әрине, мұның бәрі халқымызды алаңкөңіл қылып отыр. Оған дейін де жерімізге, елімізге, ана тілімізге тіл тигізіп, түпкі ниеттерінің дұрыс еместігін аңғартқандардың талай пікірі мен көзқарасы ұлтымыздың намысына тиіп, наразылығын туғызған-ды. Сондықтан Петербург экономикалық форумында президентіміздің Қазақстан Ресейдің империялық әрекеттерін қолдамайтынын анық айтып, Луганск пен Донецкті жеке ел деп мойындамайтынын ескертуі, ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты мәлімдемелері, ең алдымен, Ресейдің өзіне зияндығын, санкцияларды айналып өтуге жол бермейтіндігін қадап айтуы — халықтың ризашылығын туғызған еді. Президентіміздің анық, байыппен, дипломатиялық ептілікпен бәрін өз орнына қойып сөйлеуі — халқымыздың көңілін орнына түсірді.

Алайда Медведевтің парақшасындағы жазылуынан өшірілуі тез болған пост пен батыс баспасөзінің шулауы қайтадан халқымызды алаңкөңіл қылып қойды. Осы орайда, Тоқаевтың тағы да ат басын Сочиге бұрып, Путинмен кездесуі тегін емес секілді. Және кездесуде айтқан бір ауыз сөзі ойымызды нақтылай түсетіндей. «Бізді ортақ шекара біріктіреді. Ол – әлемдегі ең ұзын, құрлықтағы толығымен делимитацияланған шекара. Біздің ынтымақтастығымыздың болашағына қатысты пессимистік болжамдар жасауға, әрине, негіз жоқ!» депті Тоқаев. Шекарамыздың заңды белгіленгенін Путиннің есіне тағы бір салу арқылы, мемлекет басшысы кімге нені түсіндіргісі келеді? Мәселен, «толығымен делимитацияланған шекара» дейді. Яғни «сенімен шекара мәселесін толық шешіп алғанбыз, шекара бойынша мәселе жоқ, демек жеріме көзіңді алартатын да жөнің жоқ, аумақтық мәселе шешілген» деп тұрғандай. Елдің бейбіт өмірін жоғары бағалайтын мемлекет басшысының пікірі халықтың да қалауы. Сөз арасындағы «пессимистік болжамдар жасауға негіз жоқ» деуі де «пессимистік болжамдарды Ресей жасайды көбіне, оны да тоқтату керек» дегені деп түсіндік. Мұндай халықаралық кездесулерде Президенттің аузынан шыққан әрбір сөздің салмағы бар. Әр ойы тегін айтылмайтыны белгілі. Сондықтан халықты толғандырған мәселелердің президенттің аузымен айтылғаны маңызды. Өйткені Ресеймен жеті бірдей облысымыз шектесіп тұр. Геосаяси жағдай сәт сайын өзгеріп, айналамызда аумалы-төкпелі жағдайлар орын алып жатқанда, көзді жұмып отыра алмасымыз анық. Осы орайда саясаттанушы Руслан Түсіпбекұлына хабарласып, «елімізге Ресейден қауіп бар ма» деген сауалды қойып көрген едік.

Руслан Түсіпбекұлы, саясаттанушы:

Рас, қазір дүние дүбірлеп тұр. Сондықтан халықтың алаңдаушылығын түсінуге болады. «Орыстан досың болса, жаныңда ай балтаң тұрсын», дегенді де айтып кеткен ата-бабамыз. Осы орайда, ойнаған болып ойындағысын айтып, одан қалды байқамай қалған болып, көмейінің бүлкілін сездіріп қоятындарға еш қауіп күтпей қарамау мүмкін емес. Демек, оларда соған сай белгілі бір дәрежеде идеологиялық түсінік қалыптасуда деп ойлауға болады. Сондықтан етек жеңімізді жинап, отыру керек. Осы орайда, атап өтер жайт, сәуір-маусым айларында Ресейден Қазақстанға 568 мың адам шекара асып келген көрінеді. Бұл бір облыстың халқы. Айналасы үш айдың ішінде елімізге бір облыстың халқын кіргізіп алып отырмыз. Олардың орыс тілі басымдыққа ие елдерге ағылуы ерекше байқалуда. Демек, оларға біз қолайлы жағдай туғызып отырмыз. Айтпақшы, орыс тілділерді кіргізіп алу жағынан еліміз көш бастап тұр екен. Алдағы уақытта ана тілдері кеңінен қолданылатын, еш жатырқамай кіргізіп алып, азаматтықты да оңды-солды тарататын еліміз – олардың одан сайын қызығушылығын туғызып, уақыт өте басқыншылық көзқарасын оятпасына кім кепіл?! Қазір орыстардың басқыншылық пиғылын қолдамаған талай ел орыс тілінде сөйлеуден бас тартып жатыр. Ал біз ана тіліміздей, орыс тіліне жабысып алдық. Бұл жерде бәрін биліктен көруге де болмайды. Қазақ тілін біле тұра, көшеде орысша шүлдірлесетін қазақтар көбейіп барады. Егер халық жаппай қазақ тілінде сөйлеп, ана тілдерін көкке көтеретін болса, билік те қоғамға ыңғайланар еді. Сондықтан Ресей қызығатын келесі елге айналмас үшін – билік те, халық та ойлануы керек. Орыстарға қолайлы орта болудан бас тартып, азаматтық алу жолдарын қиындатып, қоғам орыс тілін керексіз тілге айналдыруға тырысу керек. Әйтпесе, қорқынышымыз еселене бермек. Егер осы жағдай өзгермесе – Тоқаев ай сайын барып, шекараның шегенделгенін Путиннің есіне салса да бәрі бекер.

Тегтер: