Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:33, 16 Маусым 2022

Тоқаев орнында отыра бере ме? (видео)

None
None

Абай облысы ресми түрде құрылып, жергілікті жұртшылық облыс әкімі қызметіне тағайындалған Нұрлан Ұранхаевтың кім екенін, қандай қызмет атқарғанын қызу талқылап жатқанда, саяси қателік жіберілген бір оқиға елеусіз қалды.

Ол – Конституцияға өзгерістер енгізілген «Жаңа Қазақстан» ұранымен жаңғырған 5 маусым күні өткен референдум.

Көпшілік үлкен үміт күткені өз алдына базбіреулер дауыс беру жәшіктерінің жанында фотоға түсіп, онысын есеп беру түрінде көрсетіп, әуреге түскені де белгілі. Нақ осы күні Семейдегі №246 сайлау учаскесінде («Гордорстрой» ЖШС ғимараты) өткен референдумға дауыс беру нәтижесінде, заң бұзушылыққа жол берілгені белгілі болып отыр.

Бұл сайлау учаскесінде тіркелген тұрғындар саны 2 227 адам болғанымен, референдумға бар-жоғы 509 сайлаушы ғана келген. Яғни тізімдегі сайлаушылардың 22,7 пайызы ғана қатысқан. Осыған орай, қоғамдық белсенді Роллан Машпиев 8 маусым күні Затон полициясына шағым түсіргенімен, әзірге, жауап келмегенін айтады.

— №246 сайлау учаскесіндегі комиссия құрамында болған №38 мектеп директорының оқу-тәрбиесі жөніндегі орынбасары Оспанов дене шынықтыру пәнінің және информатика пәнінің мұғалімдерімен бірге референдумға келмеген дауыс берушілердің бюллетенін толтырып, сайлау жәшігіне тастап, өрескел заң бұзушылыққа жол бергені бейнебақылауға түсіп қалып, әлеуметтік желіде бірден тарап кетті. Ал комиссияның тағы бір мүшесі тілтанушы мұғалім Бахтина көре тұра, орнынан тұрып, шығып кеткен. Бір сайлау бөлімшесінен осындай жағдай әшкере болғанда, басқаларында бәрі де ойдағыдай, тыныш өткеніне қалайша сенуге болады?! Ал референдумға қатысу қорытындысында Шығыс Қазақстан облысы 77 пайыз көрсеткішімен алға шыққанын барлығы сүйіншілей айтып жатты, – дейді Р. Машпиев.

Қоғам белсендісінің айтуынша, мұндай заңбұзушылықтар бірінші рет кездесіп отырған жоқ. Қызық болғанда, 2019 жылғы 9 маусымда өткен президент сайлауында №38 мектеп ғимаратында орналасқан №1149 сайлау учаскесінде осы мектептің директоры Әсем Кенжебаева туыстарының атынан қатысып, сайлау жәшігіне 3 рет дауыс беру бюллетенін тастағаны әшкере болған-ды. Президент сайлауы күні орын алған бұл жағдай бірден назарға алынып, 2019 жылдың 3 шілдесі күні Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік соты шығарған қаулыға сәйкес, оған 44 187 теңге айыппұл салынған-ды. Енді, міне, арада үш жыл уақыт өткенде, осы мектеп директорының орынбасары мен мұғалімі бюллетендерді өз беттерімен толтырып, «Жаңа Қазақстанға» осылайша, үлес қосқан жайы бар.

Айтпақшы, екінің бірі ұрандатып жүрген «Жаңа Қазақстан» дегеннен шығады Семей аумақтық комиссиясының төрағасы Зейнолла Тоқаевтың жасы қазір 80-де. Ұзақ жылдар Семей зооветеринарлық институтын басқарған оның есімі сайлау науқаны өткен сайын да жаңғырып, «мәңгілік сайлау комиссиясының төрағасындай», көрінетіндігіне көпшіліктің көзі үйренгелі қашан. Алайда, «Жаңа Қазақстан» құруға шақырған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аймақтардағы сайлау комиссиясына жауап беретін атқамінерлерінің жас мөлшеріне де зер салар кезі жеткен сияқты. Президенттің бастамасымен жаңадан Абай облысы құрылып, оның жаңа басшысы тағайындалып, мәслихат хатшысы сайланып жатқанда, жоғарыда айтылған заң бұзушылықтарға көз жұма қараған З.Тоқаевтың бұған қатысты түсінік беруді қажет санамағаны да таңғалдырады.  

Тегтер: