Тоқаев Шөкеевтің отставкасын қабылдады
Түркістан облысының аумағындағы барлық мәслихат депутаттары бүгін Түркістанға жиналып, жиын өткізіп жатыр.
Түркістан облыстық мәслихатының алдын ала жария еткен мәліметіне қарағанда, жиналыстың күн тәртібінде бір ғана мәселе бар — Түркістан облысы әкімін тағайындауға келісім беру.
Бұл Өмірзақ Шөкевтің отставкаға берген арызының қабылданғанын білдіреді. 24 тамызда Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы бұған дейін ірі көлемде пара алды деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылған Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Махажановқа шығарылған үкімді күшінде қалдыру жөнінде қаулы шығарған болатын.
Осыдан кейін Шөкеев әкімдерге жүктелген міндетке сәйкес президентке отставкаға кету жөнінде арыз беруге тиіс еді. Шөкеев арызды сол 24 тамызда берді. Енді әкім тағайындаудың тәртібіне енгізілген өзгерістерге сәйкес президент Түркістан облысының әкімі лауазымына тағайындау кемінде екі кандидатураны ұсынуы керек. Кандидаттарға дауысты ашық немесе жабық беретінін депутаттар алдын ала өздері шешеді. Жиналыс бүгін сағат 11-00-де Түркістандағы Конгресс-хол ғимаратында өтеді. Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының әкімі қызметіне 2019 жылдың ақпанында тағайындалған болатын.