Тоқаев Тараздан қамшы мен құмыра сатып алды
Ал президент барған Байзақтың шаруалары бас көтерді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысына жұмыс сапары жазушы Шерхан Мұртаза ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Тараздан тай шаптырым қашықтықтағы Байзақ ауданындағы екі-үш нысанға бас сұққан президент Қостөбе ауылының тұрғыны Саламат Рахманбердиевтің үйіне де барды. Одан соң облыс орталығына қайта келіп, жергілікті қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдарды тамашалап, қамшы мен қыш құмыра сатып алды.
Мемлекет басшысы Шераға ескерткішінің жанында жергілікті зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, белгілі қаламгердің ұлт руханиятын дамытуға зор үлес қосқанын айтты.
– Шерағаң – халқымыздың біртуар азаматы, заңғар жазушы десек артық айтқандық емес. Жас кезімізден бастап біз бәріміз оның «Қызыл жебе» романын, басқа да шығармаларын оқыдық. Әсіресе «Бір кем дүние» туындысы әлі күнге дейін өзекті. Халқымызға, әсіресе жастарға рухани азық болған дүние деп айтуға болады. Сондықтан жазушының ескерткішіне арнайы келіп, тағзым етіп отырмыз,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу барысында жергілікті зиялы қауым өкілдері елді толғандыратын мәселелерді айтып, өз ойларын ортаға салды. Президент өз кезегінде жазушының баласы ретінде шығармашылық адамдарын әрқашан қолдайтынын айтты.
– Ең басты мәселе – әділ, ашық болу керек. Осындай лайықты адамдар біздің Парламентке келсе, еліміздің дамуына үлес қосады деп үміттенемін. Дүниежүзінде болып жатқан жағдайды өздеріңіз жақсы білесіздер. Ішкі саясат та, сыртқы саясат та сындарлы, салмақты болуы керек. Ең басты міндетіміз – мемлекеттілігімізді сақтап қалу. Сын-қатерлер аз емес. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық, бір ұлт болып ұйысып, ел үшін қызмет етейік, – деді Мемлекет басшысы.
Келесі кезектеҚасым-Жомарт Тоқаев Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Студенттер үйінде оқу орнының оқытушыларымен және студенттермен кездесті.
Институт президенті Ерболат Саурықов оқу орнының маман даярлау ісіндегі жетістіктері мен алдағы даму жоспарын таныстырып, 2019 жылы бұрынғы «Тараз» қонақ үйі жаңғыртылып, жатақханаға айналды. Онда 500 студентке жағдай жасалғанын жеткізді.
Мұнан соң Байзақ ауданындағы Көктал ауылдық орта мектебіне, Сарыкемердегі жаңа емханаға, Талас ауылында орналасқан «Қостөбе-2019» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне, Қостөбе ауылы тұрғынының үйіне барды.
Мұнан соң Таразға қайта келген Тоқаев жамбылдық қолөнер шеберлері жасаған бұйымдарды тамашалады. Өз кезегінде ол жерден әрқайсысын 20 мың теңгеден бағалап, қамшы мен қыш құмыра сатып алды.
Президенттің келіп-кетуін күтті ме екен, әлде реті солай болды ма, кім білсін, Байзақ ауданының прокуратурасы жергілікті 130-ға жуық шаруаға алды 7 миллион теңгеге дейін айыппұл салыпты. Кеше, дүйсенбі күні олар әкімдік алдына жиналды. Шаруалар заң орындарының «Тиісті заң талабына сай орман шаруашылығына қарасты құмды аймақта мал басын артық өсіріп, бағып отыр» деп ескертпестен айыппұл арқалатып отырғанына наразы. Мойынқұмды малға толтырған жарықтық Жаз-ата, Жазылбек Қуанышбаев тірі болса, бұлар соттатып жіберуден тайынбайды екен ғой дейді күйінген шаруаның бірі. Айтуларынша, осы күнге дейін төрт түлік малдарын жылдар бойы осынау құмды аймақтың жайылымында жайып, бағып келіпті. «1 қойға 7 гектар жер болу керек дейді. 500 қой ұстау үшін 3500 гектар жайылымдық жерің болу керек. Мұндай жер ешқандай шаруада жоқ», – деген байзақтық шаруалар өздеріне салынған айыппұлдың күшін жоюды сұрайды.
Талап-тілектері орындалмаса, ауылдарына келіп-кеткен президенттің соңынан Ақордаға барамыз деп отыр байзақтық шаруалар.