Тоқаев: Тіл, тағы да тіл!
Кеше, жыл сайынғы дәстүр бойынша Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауын жариялады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшерін қайта қарау қажет екенін айтты. Парламент қабырғасында сөйлеген сөзінде Тоқаев келесі жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі, яғни минималды жалақыны қазіргі 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін ұлғайтуды тапсыратынын жеткізді. «Ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері өскен жоқ. Әлемдік пандемияның салдарынан туындаған дағдарыс халықтың табысына қысымды күшейтті. Ең төменгі жалақы деңгейі бойынша Қазақстан ТМД елдерінің қатарынан төмен» деді Мемлекет басшысы.
Соңғы төрт жылда теңгенің құнсыздануы антирекорд орнатқан болатын. Қазақстандағы инфляция күрт өсіп, биылғы жылдың шілде айында 8,4 %-ға жеткен. Нарықтағы бірінші қажеттілік тауарларының қымбаттап кеткені көпшілік қауымның қалтасын тескенімен қатар, жүрекке де біраз салмақ түсірген болса таң қаларлық емес. Сонда мемлекеттік бюджетке жауапты қызметкерлер үш жыл бойы жалақыны өсіру туралы мәселені көтермей келген бе?
Тоқаевтың сөзінше, жалақы мөлшерін ұлғайту миллионнан астам адамға, жанама түрде алғанда барлық еңбек етушілерге қатысты болмақ. Бұл шара көлеңкелі жалақы қорын азайтады және ішкі тұтынушылықтың артуына оң экономикалық әсер етеді. Себебі мұндай жасырын жалақы алу мөлшері бүгінде декларацияланған, яғни табысы ашық көрсетілген жалақыға қарағанда 30-40 пайыз шамасына жеткен.
Сонымен қатар, егемендік алғаннан бері мемлекеттік тілдің әлі күнге дейін өз тұғырына қонбай жатқаны жанына бататын қазақ тілді аудиторияның да назы биліктің құлағына жеткен көрінеді. Алайда есту бір бөлек, өтініш пен талапты қанағаттандыру, яғни бұқараның назына құлақ асу бір бөлек нәрсе. Жолдауда Мемлекет басшысы мемлекеттік тіл қазақ тілі, ал орысша сөйлеуге тыйым салуға болмайды дегенге келтірді. «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл заңды құбылыс. Өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Орыс тілі ресми тіл статусына ие. Біздің заңнамаларға сәйкес оның қолданылуына кедергі келтіруге болмайды. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюы тиіс» деп нүктесін қойды.
Президент жалпыға бірдей: «Қымбатты отандастар, біздің бағытымыз белгілі, мақсатымыз айқын. Ең бастысы сол мақсатқа жету үшін не істеу қажеттігін жақсы білеміз. Нақты жоспар жасап соны жүзеге асырып жатырмыз. Біз қолға алған игі бастаманың бәрін соңына дейін жеткіземіз. Кез келген кедергіні еңсеріп, қиындықты жеңуге дайынбыз. Мен мемлекет басшысы ретінде халық үшін барлық күш-жігерімді жұмсай беремін. Мемлекеттік қызметкерлер және бүкіл қоғам біртұтас ел ретінде алдымызда тұрған міндеттерді орындау үшін жұмылуға тиіс. Әйтпесе, ертең кеш қалуымыз мүмкін. Себебі дүниежүзіндегі ахуал құбылмалы әрі түрлі сын-қатерлерге толы» деген ой тастап әрі азаматтық жауапкершілікті сезінуге шақырды деуге болады. Сонымен қатар, шенеуніктерге көңіліне жақпайын мынадай міндет қойды.
‒ Президентке сенбейтіндердің бәрі, жұмыс істеу қолынан келмейтін, қандай да бір жолмен қызметінен айырылмай отырғысы келетін, Президенттің тапсырмасын орындаудан жалтаратындардың қай-қайсысы да менің ойымша, қызметінен кетуі керек. Қазір біз дамуымыздың шешуші кезеңіне аяқ бастық. Мемлекеттік аппарат бірыңғай тетік ретінде жұмыс істеуге міндетті. Тек осы жағдайда ғана біз алға қойған мақсаттарымызға жетуді қамтамасыз етеміз, – деп түйіндеді сөзін.
Президент айтудай-ақ айтты. Ал осыдан кейін ар-ұяты оянып, тиімді нәтиже шығара алмай жүргенін іштей сезінетін шенеуніктер халықтың наразылығынан әрі Мемлекет басшысының сөзінен қорытынды шығара ма, жоқ па, оны көре жатармыз.