Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:18, 22 Желтоқсан 2020

Тоқаев тоқпақтағанымен, әкімдер марғаулықтан арылмай жүр

None
None

      19 желтоқсан күні президент  Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордаға бірқатар әкімдерді жинады.

Аталмыш жиында өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу мәселелері талқыланды.

Президент бұған дейін берілген тапсырмалардың атқарылуы жайындағы әкімдердің есебін тыңдап,  облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың басшыларына пандемия жағдайында халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету маңызды екенін айтты.

          Жиын соңында мемлекет басшысы әкімдерге аймақтарды дамытудың, халықтың тұрмысын жақсартудың өзекті мәселелерін шұғыл шешу, сондай-ақ жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді.

       Алайда «Жас Алашқа» пікір білдірген сарапшылар президенттің бұл сөзі мен әкімдердің ісі қабыспайтынын айтады.

   

                 Әкімдер жабулы қазанды ашпауға бейім

 «Барометр» талдау-сараптау орталығының мамандары алға тартып отырғандай, Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі ел тәуелсіздігі 30 жылға таяса да, әлі жетілмей отыр. Бұл ретте жергілікті  әкімдіктер заманға сай қызықты механизмдермен жұмыс істеуге бейімделе алмай келеді.  Мысалы, ауыл-аймақтардағы мәселелерді тарқатсақ, елімізде 282 млн гектардан астам жайылымдық жер бар. Қынжыларлығы сол,  жайылымдық жердің 30 пайызын ғана ұқсатып отырмыз. Ал қалғаны пайдаланылмай отыр. Келешекте біз жеріміздің құнарлылығын көтеріп, өндірістік, өнімділік қабілетін арттырамыз десек, жаңашылдыққа бет бұрып, бұрын астық егілген, қазір бос жатқан жерлерге көпжылдық шөптер егу мәселесін қолға алуымыз керек. «Бірақ аудан-ауыл көлеміндегі әкімдердің бұл мәселеге бас ауыртқанын көрмедік» дейді мамандар.

      Екінші бір мәселе – елімізде барлығы 175 аудан болса, соның ішінде 72 аудан даму жағынан кенжелеп қалған. Міне, осы артта қалған ауыл-аймақтардың мәселесі де бүгінде жабулы күйінде қалып барады. Сала мамандарының пайымдауынша, біздегі әкімдіктерде мәселені шешуге деген белсенділік жоқ.  Бұған қатысты «Барометр» орталығының сарапшысы Арман Мусиннің айтуынша, болашақта біз үшін әкімдердің белсенділігін арттыру да маңызды болмақ.

      – Бізде ауыл шаруашылығы мәселесімен тек қана ауыл шаруашылығы министрлігі айналысып жүр. Меніңше, ауыл-аймақты дамытуды тек бір министрліктің мойнына артып қою дұрыс емес. Бұл істе жергілікті әкімшіліктерге де өзіндік міндеттеме жүктеген жөн. Жергілікті билік өз ауыл-аймағының жай-жапсарын жақсы білетіндіктен, әрбір реформаны әкімдіктер арқылы жүргізсек жөн болар еді. Бұл үрдіс ауылға бөлінген қаржының діттеген жеріне дәл жетуіне ықпал етер еді. Себебі қазір ауылға бағытталған қаржыны орта жолдан қағып алатын делдал холдингтер, акционерлік қоғамдар жетіп-артылады. Осыдан барып ауылға бөлінген қаржы ақыр соңында талан-таражға түсіп кететіні рас. Бұған қатысты  жергілікті әкімдердің жауапкершілігін арттыратын кезең әлдеқашан жетті. Бұл біз үшін өзекті мәселе, – дейді Арман Мусин.

 

                    Әкім іскер болса, халық та қимылдайды

      Маманның байыптауынша, дамыған және дамушы елдерде бұл мәселе оңтайлы шешілген. Тіпті ТМД елдері бойынша көрші Ресейде, Әзірбайжанда, Арменияда жергілікті әкімдердің экономикалық өзгерістерге сай өзіндік шешім қабылдауы, қызықты механизмдер ұсынуы жап-жақсы реттелген екен.

      – Жуырда ғана Ресейдің ауқатты кәсіпкерлері Олег Дерипаска мен  Владимир Потанин Омск облысына қарасты Окунева ауылындағы ауыл шаруашылығы саласына ай сайын тапқан табыстарының 20-30 пайызын аударып отыратын болды. Владимир Потанин аударған инвестиция есебінен ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін, көлемі 1840 гектарды құрайтын жылыжай салынып, одан тиісінше мол өнім алынуда. Бір қызығарлығы, сол жылыжайдан түскен пайдаға Потанин мырза мүлдем қол сұқпайды екен. Өйткені сол ауылдың әкімі оған осындай талап қоя білген. Ауқатты олигарх мұны ол тек «ауылға салынған инвестиция» деп есептеп, өнімнен түскен пайданы фермерлердің өздерінің пайдалануына мүмкіндік берген. Біздің әкімдерде президентке, үкіметке осындай жаңа идеялар ұсыну жоқ. Әкімдер марғаулықтан арылмай, есінеп, ұйқысырап жүр. Президент тарапынан қаншама тапсырма берілді, ұсыныстар айтылды. Бірақ жаңа идея ұсынып, «тығырықтан былай шығамыз» деп белсенген әкімді көрмедік, – дейді Арман Мусин.

Айта берсек, мұндай мысалдар жетіп-артылады. Өзге елдердің әкімдері осылайша ауқаттыларды ауылдарына инвестор болуға шақырып, оларға   қызықты ұсыныстар айтып, халыққа тиімді жолдарын ұсынады. Ал біздегі әкімдерге үкімет бір ғана нарықтағы баға саясатын қадағалауды тапсырар болса,  кейбір әкімдер базардағы бағаға ие бола алмай, саудагерлерге  «бағаны өсірсеңдер басың кетеді» деп, сес көрсетуден әрі аса алмай жатады.

Ал бұған қатысты қаржыгер Айдархан Кеңесханов:

«Логикалық түрде ойласақ,  жергілікті әкімдер неге нарыққа қатысты қызықты ұсыныстар ұсынбайды?! Мәселен, әр әкім өз ауданында әлеуметтік жеңілдікпен тауар сататын кішігірім дүкендер желісін құруға неге қаражат қарастырмайды?! Өнім өндірушілердің тікелей өзімен кездесіп, сол дүкендерге арзан тауарларды делдалсыз,  тікелей зауыттан арзан бағаға әкеліп самсатып қойса, өнім арзан болмағанда қайтеді?! Міне, біздің әкім-қараларда осындай қызықты бағытта жұмыс істеу жағы кемшін», – дейді.

      

         «Үкімет өлтірмейді» деген түсініктен арылу керек

 Жалпы, мамандардың пайымынша, бізде «үкімет өлтірмейді» деген түсінікпен күн кешетін әкімдер көбейіп кетті. «Қазіргі ақпараттық даму заманында тек үкіметтен көмек күтіп отыру дұрыс емес» дейді экономист-ғалымдар.

 Рас, қазіргі технологиялардың даму ғасырында әлемде үлкен өзгерістер болып жатыр. Көптеген елдер күн және жел энергиясына назар аударуда.  Ресей  болашақта 65 пайыз энергияны күн мен желден алуға баса назар аударуда. Өзбекстан да осыған қатты назар аудара бастады. Нанотехнология, биотехнологияның арқасында үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізетін заман туды. Осыларды ескерсек, келешекте мұнайға сұраныс азаяды да, ауылшаруашылық өнімдеріне сұраныс артады. Сондықтан біз ауыл шаруашылығының әлеуетін арттырғанымыз абзал. Осы орайда, ауылдық аймақтарды басқаруға білікті, білімді азаматтар тарту қажеттігі де даусыз.

 Мамандар айтып отырғандай, шынымен де  бізге нақ  қазір аудан-ауыл көлеміндегі әкімдерге «үкімет өлтірмейді» деген түсінікпен күн кешуге болмайды. Керісінше, әкімдер үкіметке қызықты ұсыныстар айтып, жаңа механизмдер ұсынып, жаңашылдыққа ұмтылуы тиіс. Бірақ біздің әкімқаралар бюджеттен бөлінген көл-көсір қаржыны өз меншігіндей пайдаланып, қымбат көлікке мініп, зәулім үйлерде тұрып, сән-салтанатымен жүріп, қызмет атқарғанды жақсы көреді. Ал басқарып отырған аймағында қандай да бір қиындық туа қалса «барлығы жақсы» деп, есеп беруге келгенде әкімдер тіптен жанығып, белсеніп кетеді. Форум өткізу, «Күлтөбеде күнде жиын жасау», реті келгенде өзін-өзі мақтап қалу да әкімдердің сүйікті ісі. Тізе берсек, әкімдерді әжуаға қалдырған, кісі ұялатындай талай қылықтарын еске түсіруге болады. Бірақ олар ондай істерін тез ұмытып, мінбеге шығып, әдемі есеп беріп, мәселенің тігісін жатқызып жіберуге келгенде асқан шебер.

         Жергілікті әкімдіктердің өзін-өзі басқару жүйесіне нақты қадағалау енгізетін кезең әлдеқашан жеткені белгілі. Осы орайда,  әкімдердің өзін-өзі жетілдіріп, жергілікті жүйені нарыққа сай сауатты басқаруына мүмкіндіктер берілуі тиіс. Керек болса, олардың білімін де жетілдіріп отырған жөн. Егер біз, Тоқаев айтқандай, «Жаңа әлемдегі – жаңа Қазақстанға» айналып,  «халықты еститін мемлекет» құрғымыз келсе, онда елдің назын естімейтін,  «есінеп, ұйқысырап» жүретін әкімқаралардан арылғанымыз өзімізге жақсы емес пе?!  Болашақта үкімет осы жайтқа назар аударып, сауатты әкімдердің легін жасақтай алатын шығар деп үміттенеміз.

Тегтер: