Тоқаевтың басымдығы – 4 миллион ауыл тұрғынына медициналық көмек көрсету көзделуде
Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Алматы облысының тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді.

Өтеген батыр ауылында балалар клиникалық ауруханасының қызметкерлерімен кездесу өтіп, оның барысында кандидаттың сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің негізгі мақсаттары талқыланды.
Республикалық қоғамдық штабтың басшысы Ерлан Қошанов атап өткендей, Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік саланы, әсіресе денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөледі.

«Дәрігер мамандығының мәртебесі заң жүзінде бекітіледі. Медицина саласының қызметкерлерін қорғау мен қолдау жұмысы күшейтіледі. Саланы дамытудың тұрақты моделі әзірленіп, 2027 жылы қаржыландыру деңгейі ЖІӨ-нің кемінде 5%-ын құрайды. Ауылдық жерлерде 700 жаңа медициналық нысан ашылады. Бағдарламада көрініс тапқан шаралар ел аумағындағы 4 миллионнан астам ауыл тұрғынын мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Ерлан Қошанов.
Бұған қоса, ішкі нарықта отандық өнім саналатын дәрі-дәрмектердің үлесін 50%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Перинаталдық орталықтар желісі салынады, балалар онкологиясы мен гематологиясының Ұлттық орталығы ашылады.

Бұдан соң, РҚШ мүшелері Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде Алматы облысының жұртшылығымен кездесті. Бағдарламаның өңірлерді дамытуға және инфрақұрылымды жаңартуға арналған блогы барынша белсенді талқыланды. Мәселен, республикалық маңызы бар 8 мың шақырым, сондай-ақ облыстық, аудандық маңызы бар 14 мың шақырым автожол салу және жөндеу, ауылда 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Сонымен қатар, штаб мүшелері көпбалалы аналармен бірге отбасын әлеуметтік тұрғыда қолдау жөніндегі бастамаларды талқылады. Оның ішінде – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларды балабақшаларда және барлық бастауыш сынып оқушыларын мектептерде тегін тамақпен қамтамасыз ету бастамасы бар.
Осы күні РҚШ мүшелері Іле ауданының құрметті азаматтарымен кездесіп, жергілікті базарлардың бірінде жастармен жүздесті. Жас азаматтармен әңгімелесу барысында Ерлан Қошанов жастардың нақты мәселелерін шешу Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасындағы негізгі бағыттың бірі екенін атап өтті.
Осы мақсатқа, оның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуге бюджеттен қомақты қаражы бөлу көзделіп отыр. Бұл қадам алдағы 7 жылда 2,3 миллион адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді.

Барлық кездесуде сайлаушылар Қасым-Жомарт Тоқаевты және оның алдағы сайлаудағы реформалар бағытын қолдауға дайын екендерін жеткізді.
Дайындаған: Республикалық қоғамдық штаб
Астана қаласы, Қонаев 12/1.
Тапсырыс беруші: М.Ж. Оспанов.
Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Қ.К.Тоқаевтың сайлау қорынан төленді.