«Тоқаевтың президенттік мерзімі біткен соң, Ұлы көш тоқтайды!»
Қазақстанда көсегесі көгермеген бір саясат бар, ол – көші-қон саясаты. Үнемі кедергіден көз ашпай келеді.
Шетелдегі қазақтың Отанына оралуына жасалған кедергі – бұл қазаққа жасалған қастандық. Мәскеуден қашқан орысқа нан алып шыққан біздің үкімет тарыдай шашылған 5 миллион қазағына ешқашан бас қатырған емес. Неге? Осы сұрақтарды «мандатсыз депутат» атанып кеткен ақын, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибекке қойдық.
– Ауыт мырза, Астанаңызда Мәскеуден қашқан орыстар көбейіп кетті дей ме? Қаладан соншалық ағын байқала ма?
– Иә, осындай қорқынышты ақпараттың тарап жатқаны, Мәскеуден қашқан орысы бар, басқасы бар, Қазақстанды басып қалғаны рас. Көшеден «сорты бөлек» бейтаныс адамдарды жиі көріп, таңырқай қараса бастағанымыз да рас.
Енді, Ресейден қанша адамның ағылып келгенін, оның қаншасының Қазақстан арқылы басқа мемлекеттерге шығып кеткенін, қаншасының осында қалып, жұмыс істей бастағанын құзырлы органдар айта жатар.
Ал мені мына түрімен Батыстағы көршіміз Қазақстанды бір тал оқ шығындамай-ақ басып алмай ма деген қорқыныш пен үрей басады.
– Салыстырып айтып беріңізші, Ресейден қашқан орыстарға біздің үкімет бірден ЖСН беріп жатыр. Ал Атажұртына келген қазақтарға кедергі көп. Ол қандай кедергі? Өзіңіз таратып, толық түсіндіріп берсеңіз. Орысқа төрін беріп, қазаққа ниеті тарылып тұратын кейбір ағайындар үкімет саясатын түсініп жүрсін...
– Қазақ көшіне деген ниет, бұрын да айтып келемін, 2007 жылы Кәрім Мәсімов үкімет басына келгеннен бастап теріс айнала бастады. Қылт етсе болды, алыстан оралған ағайынға күйе жағу, қаралау. Мысалы, өзіңіз білесіз, 2011 жылғы «Жаңаөзен толқуын» ұйымдастырған шеттен келген оралмандар деп, Тимур Құлыбаев бар пәлені қандастарымызға жапты. Соның ақыры – 2013 жылы қандастарымызға 4 жылсыз азаматтық берілмейтін қатаң заң қабылдатумен тынды.
Міне, содан бергі уақытта Ұлы көш мандыған емес. Тек, Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен ғана жалғасып жатты. Соның өзінде, көші-қон үрдісін реттейтін заңдарға Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтің ықпалы қатты жүрді. Солардың айтуымен қабылданған заңнамаларда көшіп келушілердің құжаттануын қиындататын кедергілер өте көп болды. Мысалы, қылмысы үшін алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы бар адамдар үшін анықтама талап етуге, келген елінен тіркеуден шыққаны туралы «Шығу парағы» деген құжат әкелтуге, әкімшілік құқық бұзғаны үшін соттың шешімімен келген еліне бес жылсыз оралмайтын етіп шығарып жіберуге апарып соқтыратын нормаларды айтуға болады. Он жыл бойы алысып-жұлысып жүріп, соның біразының көзін құрттық. Бірақ мұндай кедергілерден түбегейлі арылған жоқ. Енді келіп, биыл жарияланған «Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында» сол 2013 жылғы төрт жылсыз азаматтық берілмейтін қатаң заң қабылдатуға бағытталған норманың көрініс табу – әрине, бір жағынан Ұлы көшті тоқтату болса, екінші жағынан президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа халықты қарсы қою. Ол кісінің беделін төгу емей немене, бұл?!
Бір сөзбен айтқанда, Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтің жақтастары П
президенттің айналасында отырып алып, осындай қитұрқы әрекеттерге барып отыр.
– Шетелден келген ағайынға 5 жылға дейін Қазақстан азаматтығын бермеу туралы Заңға сіз атаған адамдардан басқа, тағы кімдер, қандай топтар мүдделі болып отыр деп ойлайсыз? Тоқаевтың бұл томпақ заңнан хабары бар ма?
– Әділеттілігін айтайын, Қасым-Жомарт Кемелұлының президент ретіндегі Ұлы көшке деген ниеті де, нұсқауы да әу бастан түзу болатын. Ол кісі президент бола салып берген сұхбатында: «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз!» – деген жоқ па?! Бұл – 2019 жылғы 12 сәуірде айтқан сөзі. Негізі, осы сөз Тоқаев дәуіріндегі көші-қон саясатының бағыты мен өзегі болуы керек еді ғой.
Оны қойып, кеше ғана 1 қыркүйектегі жолдауында берген «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды» деген тапсырмасы мен сол жолдау жасала салып, 5 қыркүйекте үкімет жариялаған «Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» біріне-бірі мүлде керағар болып шықты ғой.
Президент «жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды» десе, Ү
үкімет оны қайырып қойып, сталиндік репрессияға апарып соқтыратын заңның тұжырымдамасын жасап, шімірікпестен жариялап отыр. Мысалы, аталған тұжырымдамадағы «Құжаттарды қабылдау кезеңінде келу орнын айқындау тетігін енгізу және 5 жылдық болу мерзімінен кейін азаматтық бере отырып, еңбек күші тапшы өңірлерге көшуді реттеу және ынталандыру жөнінде шаралар қабылдау...» деген тұжырымға сай, енді көшіп келетін қандастарымыз үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанған жағдайда, оларға «Қандас» мәртебесі 5 жылға беріліп, соның төртінші жылында ғана Қазақстан азаматтығы беріледі екен. Ал өзге өңірлерге көшіп келген ағайындарымызға азаматтық берілмейді...
Көрдіңіз бе, көші-қон саясатының жаңа бес жылдық тұжырымдамасын дәл осылай етіп жасауға ықпал етушілер адам құқығын бір жаққа қайырып қойып, тек мемлекеттік саясатты желеу етіп, ұлы көшті тоқтатуға, сол арқылы мерзімінен бұрын өткелі жатқан президент сайлауы қарсаңда президентті тобықтан теуіп, сүріндіруге әрекет жасап отыр.
Егер, менің жазбаларымды оқып жүрген болсаңыз, байқаған боларсыз, «Шекара сыртында қалған этникалық қазақтардың тарихи, тәуелсіз Отанына оралуы мен қонысын өзі таңдап, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуы – олардың Алла, сосын БҰҰ-ның Декларациясымен, одан бергі жерде Қазақстан Республикасының конституциясымен бекітілген құқығы. Ал келген ағайынды үкімет қаулысымен айқындалған жеті облысқа көшіру мен қоныстандыру – ол мемлекеттік саясат!» – деп, үнемі айтып келе жатырмын. Шынында солай, үкімет ҚҰҚЫҚ пен САЯСАТТЫ шатастырмауы керек!
Үкімет порталына ілінген соң, ол «Тұжырымдаманы» бүкіл әлем жұрты оқиды. Әсіресе БҰҰ-ның қызметкерлері. Осы тұжырымдаманы жасауға ықпал етушілердің «Президент кезінде БҰҰ хатшысының орынбасары болып қызмет атқарған мемлекеттің үкіметі құқық пен саясатты ажырата алмайды екен!» – деп жүрмесін деп, бір сәт ойламағаны жаныма қатты батты.
Егер, жаңа тұжырымдаманы жасауға ықпал етушілер бұл екі ұғымның ара-жігін ажырата білмесе, онда заң үстемдік ететін «Жаңа Қазақстан» құру дегеніміз – бос сөз болмақ. Ал біле тұрып, әдейі осылай жасап отырған болса, олар қанды «Қаңтар оқиғасын» қайталауға әкеліп соқтыру ниетіндегі тұлғалар.
Орайы келіп тұрғанда айта кетейін, көшіп келушілер мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы ҚР Үкіметінің №83 қаулысы 2016 жылғы 18 ақпанда шықты. Ол кезде премьер-министр К.Мәсімов болатын. Міне, содан бері алты жылдан астам уақыт өтті. Екі премьер-министр ауысып, қазір үшіншісі – Әлихан Смайылов үкімет басы болып отыр.
Көшіп келушілер мен қоныс аударушыларды үкімет айқындаған өңірлерге қоныстандыру – өте маңызды, әрі стратегиялық мәнге ие саясат. Мен бұл саясатты қос қолымды көтеріп қолдап келе жатырмын. Бір қызығы, осы премьер-министрлердің бірде-біреуі аталған саясатты жүзеге асыру үшін бір тиімді бағдарлама жасауға ниетті болған жоқ, әрекет те жасаған емес.
Ұлы көштің айналасында жүрген соң, бәріне құлағымыз түрулі жүреді ғой. Қасым-Жомарт Кемелұлы ел тізгінін қолына алғаннан бергі үш жылдан астам уақытта көші-қон, қандастар туралы жеті мәрте нұсқаулар мен тапсырмалар берді. Өкінішке қарай, соның біреуін де үкімет қаперіне алған жоқ және өз деңгейінде орындаған да емес! Керісінше, соңғы нәтижесі сталиндік репрессияға алып баратын «Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» болып тұр. Демек, бұл саясатты биік деңгейде атқаруға не үкіметтің ниеті жоқ, не кешенді бағдарлама жасауға қабілеті жетпейді. Басқа не айтуға болады?!
Ендеше, «Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын» біз көші-қон саясатымен айналысып жүрген тәжірибелі мамандар жасап берейік. Менің көкейімде «Мен барайын!», «Мен барайыншы!» деп, жұртты үкімет айқындаған өңірлерге таластырып қоятын жоба тұр. Егер, Президент Әкімшілігі, Парламент, Үкімет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандарынан құралған арнайы жұмыс тобын құру туралы жарлық шығарып, оның құрамына бізді, көші-қон саясатымен айналысып жүрген тәжірибелі мамандарды енгізсе, біз ол жобамызды ұсынуға дайынбыз!
– Егер, құпия болмаса, сол жобаңыздың басты бір-екеуін осы жерде айта кетсеңіз жақсы болар еді...
– Анасы тамақ берерде балаекеш баладан да сұрайды, «Қандай тамақ жейсің?» деп. Оған қарағанда, көшіп келушілер мен қоныс аударушылар дегеніңіз – бір қауым ел, тіпті басы бүтін бір әлеуметтік топ қой. Олардың талап-тілегін ескермей тұрып шешім жасау – зор қателік. Ендеше, алдымен сол көшіп келушілер мен қоныс аударушылардан «Біз сіздерді үкімет айқындаған өңірлерге қоныстандыруды жоспарлап отырмыз. Құрметті ағайындар, сіздерге қандай жеңілдіктер жасағанымыз дұрыс болады?» деп, бір ауыз сұрауы керек еді Үкімет. Тұжырымдама сол халықтың талабы мен қажетін ескере отырып жасалуы тиіс. Бұл – бір.
Екіншіден, үкімет сөзін дұрыстауы керек. Біздің үкіметтің халықпен сөйлескенін көрдіңіз бе?! Соңғы жылдары үкімет халықпен сөйлесуді қойған. Есіңізде болар, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған соң, Жаңа жыл мерекесіне бір күн қалғанда – 31 желтоқсанда тұңғыш президенттің өзі «Шалқар Радиосының» эфирінен сөз алып, «Алыста жүрген ағайынға ақ тілек» деген тарихи үндеуін жариялады. Сол тарихи үндеуде «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы атақонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!» – деген сөздер бар еді ғой.
Шынын айтайын, сол кезде шетелде жүрген қазақтар Қазақстанның Тәуелсіздік алғанын білгенімен, Қазақстан үкіметінің «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдағанын түгел білген жоқ. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлының Радио эфирінен саңқылдаған дауысын естіген сәттен бастап, атажұртқа қарай ағылдық қой. Қызмет деген жайына қалды. Тіпті қатынын, байын тастап келген қазақтар да көп болды. Біз тек Нұрсұлтан Әбішұлына сендік...
Міне, сөздің құдыреті! Дәл қазір де көшіп келушілер мен қоныс аударушыларды үкімет айқындаған өңірлерге тарту үшін, үкімет дәл осындай сенімді сөз айта білуі керек! Мен 2016 жылдан бері жоғарыда айтылған 1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаев №711 қаулы қабылдатқан 18 қарашаны «Ұлы көш күні» деген атпен атаулы күндердің тізбесіне енгізуді көтеріп келемін.
2021 жылғы 16 қарашада өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев көші-қон мәселесіне арнайы тоқталып, 18 қарашаны атаулы күндердің тізбесіне енгізу туралы үкіметке тапсырма берді. Міне, содан бері он айға таяу уақыт өтті, президентіміздің сол тапсырмасы әлі орындалған жоқ. Жұрт биылғы 18 қарашада сол «Ұлы көш» күнін атап өтеміз деп, басында қуанғанымен, қазір алаңдай бастады.
Сұрау салып едік, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен «… жария талқылаудың жағымсыз пікірлері мен комментарийлерін, сондай-ақ халық арасында әлеуметтік ахуалды тудырмау мақсатында аталған мәселе кейінге қалдырылды» деген жауап алдық. Үкімет «Ұлы көш күнін» атаулы күндердің тізбесіне енгізу мәселесін тоқтатып қойыпты. Жоғарыда айттым ғой, үкімет президентіміздің жеті нұсқауы мен тапсырмасын орындаған жоқ деп. Міне, соның біреуі – осы «Ұлы көш күні» мерекесі туралы тапсырма.
Мәселе – «Ұлы көш күнінде» емес, мәселе №711 қаулыны Н.Назарбаев шығартқандығында болып тұрса керек!
Енді, сіздің сұрағыңызға келейін. Үкімет сол 18 қарашаны «Ұлы көш күні» деген атпен атаулы күндердің тізбесіне енгізіп, бірінші мерекені Әлихан Смайылов өзі барып, сол үкімет айқындаған облыс орталықтарының біреуінде салтанатты түрде атап өтуі керек. Сұрақтарыңыздан байқап отырмын, өзіңізде біліп тұрсыз, соңғы он бес жылдың көлемінде үкімет пен президент әкімшілігі алыстан оралған ағайынға, ащы болса да айтайын, кілең қиянат жасаумен келеді. Соңғы қиянат – «Жаңа Қазақстанның» жаңа бес жылдық тұжырымдамасы!
Егер, премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанған тұрғындарға жасалатын жеңілдіктер мен тиімділіктер пакетін жариялап, алдағы 18 қарашада осы шараны жоғары деңгейде өткізе білсе, сол қиянаттың бәрін мына «Ұлы көш күні» мерекесі жуып-шайып кеткелі тұр. Өкінішке қарай, үкімет өзіне осындай бетжүздік болатын «Ұлы көш күні» мерекесінің мәні мен маңызын түсініп тұрған жоқ.
Үшінші бір маңызды мәселе – үкімет үрейден айығуы керек! Мен лауазымды тұлғалармен және олардың қол астындағы қызметкерлермен Ұлы көш тақырыбында үнемі сөйлесіп жүремін. Бір байқағаным, олардың жүрегінде Құлыбаев пен Мәсімов орнатып кеткен үрей басым. Шеттегі қандастар десең болды, 2011 жылғы «Жаңаөзен» мен «Қанды қаңтар» көтерілістерін айтып, үрейлене бастайды.
Жоқ, Қазақстанның да, қазақ билігінің де жауы шеттен оралған қандастар емес! Керісінше, қазақ билігінің жауы – әдейі қисық заңдар мен шикі бағдарламалар қабылдатуға ықпал етіп, қандастарымызды үнемі Ақордаға қарсы қоюға тынбай әрекет жасап келе жатқан мысық тілеулі шенеуніктер. Олар Ақорда мен Үкімет үйінде отыр...
Қысқасы, көшіп келушілер мен қоныс аударушыларды үкімет айқындаған өңірлерге тарту, көші-қон үрдісін Қасым-Жомарт Кемелұлы соңғы жолдауында айтқан жалпыұлттық мүдде тұрғысынан жүргізу үшін, біздің билік алғашқы адымда осы үш мәселені шешіп алуы керек. Ал қалғаны заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, жаңа заңдар қабылдау және қаулылар арқылы жүзеге асады. Оны үкімет шақырып жатса, айтамын.
– Парламентте қазақ мүддесі үшін жаны ауыратын азаматтар бар. Мысалы, Нұртөре Жүсіп, Ерлан Саиров, Айдос Сарым, Еділ Жаңбыршин сияқты азаматтар неге ара түспей отыр деп ойлайсыз?
– Сіз депутаттардың аттарын дәл үстінен түсіп атап отырсыз. Қазыбек Исаны да қосып қойыңыз! Мен үнемі айтып келемін, «Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік мерзімі біткен соң, Үлы көш тоқтайды!» деп. Әлі де осы пікірдемін. Ұлы көш президенттің «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» – деген бір ауыз сөзіне ғана ілініп тұр. Міне, «Жаңа Қазақстанның» жаңа бес жылдық тұжырымдамасы сол сөзімнің тегін емес екенін дәлелдеп берген жоқ па?! Сол үшін, «Наурыз реформасы» кезінде Қазақстан Конституциясына «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұратын қазақтар басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан, жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқықты» деген норма енгізу сұрап, осы сіз айтып отырған мырзалардың бәріне хат жаздым. Оларды қойып, сенат пен мәжілістің төрағаларына да, президенттің әкімшілігіне де хат жаздым. Парламент үйінің алдына дейін барып, үндеу жасадым. Сенесіз бе, біреуі пысқырған жоқ!
Көресіз, ертең осы «Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сай, Заң жобасы жасалып, парламент талқылауына түссе, сіз айтып отырған «қазақ мүддесі үшін жаны ауыратын» осы азаматтар шетінен сөз алып, жұлқынып тұрып сөйлеуі мүмкін. Бірақ «Осы заң жобасы қабылданса, мен парламенттен кетемін!» деп, біреуі айта алмайды. Сөйтіп, Заң жобасы өтіп кетеді.
Өзіңіз білесіз, 2013 жылы да қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін Заң да төрт-бес депутаттың сөйлегеніне қарамастан қабылданып кеткен болатын. Сондықтан бұл мырзалардан қайыр жоқ, оларға сенуге болмайды...
– Сабыр Адайдың сөзімен айтсақ, әр қазақ – менің жалғызым. Ресейдегі қазақтарды, әсіресе Астрахань, Орынбор қазақтарын жаппай соғысқа әкетіп жатыр деген әңгіме айтылуда. Ол жақпен қарым-қатынасыңыз бар ма, ағайынның жағдайы қалай сияқты?
– Шынымды айтсам, Сабыр Адайдың сол «Әр қазақ – менің жалғызым!» деген сөзін естісем, қарқылдап тұрып күлетін болдым. Себебі, бұл сөзді сіз бен бізге қарағанда, биліктің ұшар басында отырғандар, министрлер мен әкімдер көп айтады. Әсіресе батыс өңірдің басшылары үшін бұл өлең – «Бисмилля» есебінде жүреді. Енді мына сорақылықты қараңыз, 2022 жылғы 22 тамызда Atameken Business News арнасы «Түрікменстан Республикасынан жақында ғана атамекеніне қоныс аударған 700-ден астам қандас департациялануы мүмкін. Өйткені олар ел шекарасын асқаннан бері еш жерге тіркеуге тұрмаған. Алайда қазір Маңғыстау облысында жүрген 800-ге жуық қандасымызды бұл өңір тұрақты тіркеуге ала алмайды. Атажұртын аңсап келгендердің ендігі жағдайы не болады?» деген ақпарат таратып, аталған қандастарымызбен қыс-қысқа сұхбаттар жүргізді.
Әдетте, жеті-сегіз көшіп келуші тұрақты тіркеуге тұра алмапты десе, ол қалыпты құбылыс болар еді. Ал бақандай 800-ге жуық қандастарымыздың бұл өңірге тұрақты тіркеуге тұра алмауы – сұмдық қой. Сөйтсек, «Әр қазақ – менің жалғызымды» шығарған Батыс өңірдің тумасы болып келетін бір вице-премьер болған ағамыздың қолы қойылған жиналыстың хаттамасымен олардың Маңғыстау облысына тұрақты тіркеуге тұруы шектелген көрінеді. Себеп, Маңғыстауда еңбеккүш артып кетіпті. Қандастарымызды ол жерге қоныстандыруға болмайды екен.
Сөйтіп, кешегі алапат заманда үйірінен бөлініп үдере көшкен тумалары Тәуелсіз еліне қайта оралғанда, оларды сол тайпаның әпербақан шенеуніктері өзінің атақонысына қондырмай отыр. Маңғыстау облысына көшіп келушілердің қоныстануын шектеу үшін, алдымен арнайы Заң немесе президенттің Жарлығы керек! Бұл жерде, Заңның аяқасты болғанын, құқықтың табанға тапталғанын ойласам, сол шенділерді қуып жүріп сабағым келеді!
Міне, «Әр қазақ – менің жалғызым!» деген көкелердің түрі! Ренжімеңіз, осыдан ары қалған сұрақтарыңызға жауап беруге зауқым соқпай қалды… Мемлекетті Заңмен емес, шенуніктердің ниетімен басқарған жерде, «Жаңа Қазақстан» құру қиын. Көрдіңіз бе, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жауы – оңай жау емес, алпыс айлалы жау! Сол үшін, «Аманат» партиясынан шығуға, ондағы жұмысымнан кетуге өтініш жаздым. Президентімізге көмектесудің басқа жолдарын қарастырудамын...