Тоқаевтың жауы – жағымпаздық!
Тілде сүйек жоқ. Сүйексіз тілді сүйреңдете беру де оңай. Оны күнде көріп жүрміз.
Тілді-жақтылардың қалай сайрап, қалай зарлайтынын! Әсіресе жағымпаздар жарысы басталғанда, әлгі қызыл тілділер ескексіз-ақ Қызыл теңізге қойып кетеді. Алыстан орағытқанда не айтпақ болғанымызды тұспалдап түсінген боларсыздар.
Өткен аптада Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевты қолдаушылардың форумы өтті. Халықтық коалиция. Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Ұсынсын! Біздің әңгіме сайлау туралы немесе Тоқаев жайында емес. Халықтық коалиция кезіндегі жағымпаздар жарысы хақында.
Қазақ тумысынан жағымпаз, екіжүзді болмаған деп ақталамыз. Біреу жұқсыз жағымпазданса, жатып келіп қорғаймыз! «Оған айтқызды, қысты, қинады, мәжбүрледі» деп, әлгінің басын арашалауға тырысамыз. Ешқандай қысымсыз қызыл тілге жамбастап жатып алған жағымпаздар қайдан шықты сонда? Қазақ қарақылды қақ жарған әділетті болса, ханға да, қараға да дат айтқан шыншыл болса, Назарбаевты Әулиеге, Пайғамбарға теңегендер қайдан туды? Осы қалың қазақтың ортасында туып, осында өскен жоқ па? Жеке басқа табынатын Солтүстік Кореяда тірі қазақ болмағаны анық. Жеті атасы көрген жоқ оларды. Таяқ шаншып қойып, құдайың осы дейтін қоғамды да бастан кешпеген дала көшпенділеріміз.
Дала демократиясын көрген адамда жағымпаздық мінез болмауға тиіс еді. Сонда қазақ бұл мінезді қайдан жұқтырды немесе қашаннан бастан жұқсыз жағымпаз халыққа айналдық? Өзекті, орынды сауал көтеріп отырмыз.
Жағымпаздар күні кеше мақтап жүріп Нұрсұлтан Назарбаевты жардан ұшырып жіберген. Енді бүгін солар Тоқаевқа ауыз сала бастапты. Бұл достық емес, қастық мінез! Қасым-Жомарт Кемелұлы президент болған алғашқы кездері «Жағымпазданғандар мен жалбақтағандарды ұнатпайды екен… Ол кісі ондай жылтырларды бір көріп, байқап қояды екен» деген сияқты әңгіме жиі айтылатын. Тіпті әкесі Кемел Тоқаевтың көзін көрдік, бірге болдық деп ода жаза бастаған қаламгерлерді де тыйып тастағаны туралы құлағымсыз еміс-еміс естіген.
Кешегі халықтық жиында соның бәрі далада қалғандай болды. Жағымпаздар қайтадан жарыса бастады. Бұл жолғы көмбенің аты – Назарбаев емес, Тоқаев. Бірақ мәтіні ұқсас. Назарбаевтың кезінде жалбақбайлар: «Өткелде ат ауыстырмайды» деп, экс-елбасының биліктегі ғұмырын ұзарту үшін сұлу сөзден сурет салатын-ды. Кеше депутат Қазыбек Иса: «Теңізде дауыл тұрғанда, кемеде капитан ауыстырмайды. Сондықтан біз саяси аламанда қабаттасып шаппай, қанаттасып қолдайық дедік!» – депті.
Естіген құлақта жазық жоқ. Көрікті, көркем теңеу! «Өткелде ат ауыстырмайды» мен «Теңізде капитан ауыстырмайдыны» салыстырып көріңізші, құдды егіз қозыдай. «Тоқаев орнында отыра берсін» деген емеурін. Бірақ мұны басқаша жеткізуге болмас па еді? Қазақтан сөз артылған ба? Назарбаевтың кезіндегі тәтті теңеулерден шаршаған халыққа мұндай қызыл сөз өтпейді қазір. Оны Тоқаев түсінгенімен, жағымпаздар қоймайтын сияқты.
Қазақ батыр деп басына көтеріп, кемшілігін кешіре беретін Тоқтар Әубәкіров тағы сүрінді. Баяғыда Назарбаевты мақтап еді. Ол кезде «Батырды қысыпты, баласының бизнесі арқылы ұстапты» дейтін әңгімелер тараған. Сенді жұрт. Ғарышкерге жанашырлықпен, түсіністікпен қарады. Ал бұл жолғысы ше? Әубәкіров деген тегі, ұшқыш деген атағының өзі ешбір президенттен кем емес. Тіпті артық! Сөйте тұра, Тоқтар ағайдың: «Алақанымызға бір алтын түсті. Қадірін білейік!» деген сөзін қалай тәпсірлесең де, қып-қызыл жағымпаздық болып шығады.
Батырдың елге бірлік керек, ынтымақ керек деген сөзін жоққа шығарып отырған жоқпыз. Дұрыс! Ел ағалары айтпағанда, бірлік туралы кім айтады? Ал «Алақанымызға алтын түсті» деген теңеуін естіген жастар Халық қаһарманынан қандай үлгі алсын? Батыр атамыз бұлай десе, демек басшыларды мақтау керек екен деп түсінбей ме?
Біз Жаңа Қазақстанның жолы бөлек, ұстанған бағыты басқа болады деп жүрміз. Алайда соңғы жағдайлар отыз жылғы Назарбаев салған «сара жолды» қайталап жатқандай. Бәрі жиналып, бір адамды мақтау, көзге түсу, президенттің энергиясына алыстан мас болу… Осының бәрі өткен шақта қалған шығар деп жүрген едік. Қалмапты. Індет қайта өршіпті. Тіпті асқынып кеткен екен.
Абылайдың Бұқары сияқты әділін айтатын шыншыл тұлғалар болмаған жерде, кіл жағымпаздар салтанат құрады. Салтанаттың соңы қолдан пұт жасап, соған тоңқайып тұрып табынамыз! Ай дейміз, күн дейміз, пайғамбар, періште дейміз. Қысқасы, қызыл тілді оңды-солды безейміз. Сөйтіп жүріп басшыларымызды тура жолдан тайдырамыз. Адасып бара жатса да, сіздікі дұрыс дейміз. Бұл жаулық мінез, дұшпанның ісі.
Тоқаев ешкімге мені мақтаңдар, алтынға, капитанға теңеңдер демегені анық қой. Қазыбек пен Тоқтар ағайдың аузына сөз салып берген идея көсемдер президенттің жағымды бейнесін жасағылары келсе, жағымсыз әдетті қою керек! Дәл қазір Мемлекет басшысына жаулық ниет емес, достық көңіл қажет! Жағымпаздарды жарыстырып, президенттің беделін көтеру – өткен шақтың ең арзан саяси технологиясы.