Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:18, 21 Ақпан 2023

Тоқбәйге 29 мандат – 435 кандидат

None
None

Тоқбәйге деген болады. Дүбірлі тойдың, ұлы астың соңына қарай жасайтын аламан. Оған үмітті жүйріктердің бәрін қосады.

Тай-байталы, құнан-дөнені, азулы айғыр мен қысыр бие, қойшының топай торысы, жылқышының асау көгі – санына, нәсіліне, жасына шектеу жоқ. Біреу жаратып отырған дайын жүйрігін, біреу жылқыдан ұстаған тоқ атын қосады. Сол үшін де тоқбәйге аталса керек. Бір сөзбен айтқанда, тойдың соңында жұрттың «жел шығаратын» қалың қойыртпағы. 

19 наурызда өтетін сайлау сол тоқбәйгеге ұқсап бара жатыр. «Шыдамаған буаз итін жүгіртіпті» дегеннің кері. Депутат деген тәп-тәуір мандаттың қадірін қашырып, ойдан ошақты, қырдан қызай ағылған аламан болғалы тұр.

Демократияның жөні осы екен деп, шамасы жететіні де, жетпейтіні де тыраштанып жатыр. Саяси бәйгенің ішінде кім бар дегеннен гөрі, кім жоқ деген дұрыс шығар? Қоғамға белгілі, ел сөзін сөйлейтін ерлер жүр. Жұрт танымайтын, ұлт түгілі ұлына қадірі жоқ біреулер тіркеліпті. Алаяғы да, қараяғы да қат. Билікке де бәрібір. Өткізетін кісісін баяғыда екшеп-тектеп қойған. Қалғандары тоқбәйгенің шаңын шығаратын қалың дүбір. Не болса да, «жел шығарып», көмбе көріп қайтсын деген шығар?..

Сонымен, мәжіліске баруға 7 партия бақ сынасатын болды. «Аманат» бастап, «Ақжол» қостап, ЖСДП, «Respublica», «Байтақ», «Қазақстан Халық партиясы», «Ауыл» болып – 69 орынды бөліске салады. Мәжіліске мұның бәрі барады деген әңгіме жоқ. Астананың «батасын» алғандары ғана өтетіні аян. Оның үстіне, «Аманаттың» басқаларынан көп мандат алатынын ескерсек, қалған партиялар азға қанағат етіп үйрене бергендері жөн-ау! Партия туралы әңгіме осымен тәмам.

Саяси аламанның ең қызығы – бірмандаттық жолмен сайланатын 29 орынға талас кезінде туады. Орталық сайлау комиссиясы таратқан ақпаратқа қарағанда, әлгі 29 мандат үшін республика бойынша 609 үміткер ұсынылған-ды. Кейін ақ болды – көк болдымен, өте «қырағылықпен» сүзіле келе, 435 адамның өтініші қабылдансын. Комиссия 125 адамды кандидат ретінде тіркеуден бас тартты. 45-і өтінішін өз еркімен қайтып алды. Ол жерде де ұсақ-түйек әңгіме көп, оның бәріне тоқталмаймыз. Қазіргі қалғандарының өзі аз емес. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің». Бас жарылып, көз шығатын төбелес сол 29 мандатқа таластан туады әлі. Қарапайым математикалық амалмен бөліп көрдік, бір мандатқа 15 адамнан түсіп тұр. Не деген дәлдік?!

Тәуелсіз сарапшылардың логикасына сүйенсек, 29 орынның бәрі бірмандаттық жүйемен сайланатын «сайыпқырандарға» бұйырмайтын көрінеді. Оның ішінде бұрынғы нұротандықтар да бар. Тоғыз орын сондай экс-депутаттарға бұйырады десек, қалған 20 мандат үшін күрес – күрестердің ұлысы болмақ.

Саяси технологияны жасап отырған биліктің политологтары да мықты. Бір жағынан, демократияға қылау түсірмей отыр. Көгеннен босаған қозыдай, 435 адамды мәжіліске қарай жамыратты да жіберді. Ал енді бір жағынан, сауысқандай сақ. Сырымбек Тау сияқты нағыз іскер жігіттерге келгенде, екі шоқып, бір қарайды...   

Демократиялық талапқа салсақ, мәжілістен әркімнің бар таласы. Қазақы ұғымға жүгінсек, көтере алмайтын шоқпарды белге байлау, бұл. «Мүйізге өкпелеп жүргенде, сақал шықты» дегендей, «Парламент журналистер мен жазушылар одағы емес» деп жазып жүргенде, заң шығарушы құрылым қарабазарға айналып кетпей ме?!.. 

Тегтер: