Тоқтаған құрылыс, сөнген үміт
Қарағандыда салынып жатқан жеті жаңа ғимарат сот шешімімен тоқтатылды. Мұндай жайсыз хабар жаңа баспананы көздеп отырған салымшылардың үмітін сөндірді.
Кеншілер шаhарында жаңа үлгідегі тұрғын үйге зәру халық мыңдап саналады. Құрылысшылардың айтуынша, облыс орталығында жарты ғасырдан астам бұрын тұрған баспаналардың әлдеқашан кетеуі кеткен. Сондықтан қалада бір жылда кемі 1 млн шаршы метр үй салыну қажет. Бұлай болмаса, кенді өлкенің келешегі неғайбыл дейді мамандар. Ендеше, тұрпаты тұрғызылған көпқабатты бақандай жеті үйден неге жік шықты?
Халыққа қара тізімді жариялаған облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жұмысы тоқтатылған тұрғын-үй кешендері жобаны сараптама құжатынсыз қолға алған деген деректі алға тартты.
– Қазіргі кезде, бұдан бөлек 60-қа тарта тұрғын-үй нысандарын бақылауда ұстап отырмыз. Мониторинг жүргізу кезінде хабарлау тәртібін бұзған он тұрғын үй кешені анықталды. Заңға сәйкес әр құрылыс компаниясы құрылыстың басталғаны туралы бізге хабарлауға міндетті. Бұл жұмыс онлайн, электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы іске асырылады, – дейді ГАС басқармасының басшысы Серікжан Аймақов.
Спикердің мәлімдеуінше, мораторийге орай басқарманың шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тексеріс жүргізуге құқы жоқ. Қалай болғанда да рұқсатнама құжатынсыз құрылысқа бас қойып кеткен компаниялардың тірлігі үлескерлер үшін қауіпті. Бірақ таяқтың бір ұшы халық тағдырына жауапты атқарушы билік органына да келіп тиеді. Мәселенің мәнісін түйіндеген аймақтағы сала мамандарының пікірі осыған саяды.
«Зерделеуді қажет етеді»
– Бұл көптеген құрылыс компаниялары үшін өзекті әрі өткір мәселе. Олай дейтінім, кәсіпкерлер белгілі бір кешен салу үшін ұзын ырғасы 100-ге тарта құжат әзірлеп, осыншама адамның қолын жинайды. Бар кілтипан осыған келіп тіреледі. Жауаптылардың қолын қойғызу бірнеше жылға созылады. Сиырқұйымшаққа салатын құжатты рәсімдеу қып-қызыл азап. Бюрократтықтан ісін соңына жеткізе алмай тауы шағылып, бизнесін тастаған талай азаматтар болды. Күрделі салаға бел буып келген іскер адамдардың қаржысын қағып, жүйкесін тоздыратын түйткілді неге бір орталықтан шешпеске? Шетелде бұл іс әлдеқашан реттелген. Өркениетті елдің инвесторлары әлгі орталықта құжаттарын жедел дайындап қана қоймай, ондағы инженер, ғалым, сәулетшілерден кеңес алады. Бұл бізге қиял. Менің ойымша, әр қалада құрылыс компанияларының құжаттарын бір жерде рәсімдейтін арнайы институт керек. Егер құрылыс саласында осы түйткіл күрделене берсе, жақын арада инвесторлар қарасын мүлдем өшіріп тынады, –деді құрылыс компаниясының директоры Төлеген Әшімов.
— Бізде барлық жауапкершілік құрылыс компанияларының мойнына іліп қойған. Барлық нормативтік құжаттар мен келісімшарттарға компания мен үлескер ғана қол қояды. Келісімшартқа неге үшінші жақ – жерлікті атқарушы орган кіргізілмейді? Өйткені әкімдік қай кезде де міндеттемеден басын алып қашады. Бірақ түптің түбінде, халықтың мүддесі үшін сұралатын жергілікті әкімдік емес пе? Бұл орайда, құрылыс компанияларын арашалаудан аулақпын. Олардың бәрі адал деп айту қисынға келмес. Мәселен, бүгінде келісімшартты өз ыңғайларына қарай жасайтын компаниялар аз емес. Ал баспанаға зәру тұрғындар олардың талабымен келіспеске, тағы амалы жоқ. Алайда, тәуекелге мәжбүрліктен баратын халықтың қадамы менің аянышымды оятады. Сонда да осы саланың ұңғыл-шұңғылын білетін маман ретінде үлескерлерге келісімшарттың мазмұнына мән беріп, ойлануға шақырар едім. Ал жұмысы тоқтатылған жеті құрылыс компаниясының кінәратына қатысты соңғы нүктені сот қойды. Дегенмен атқарушы орган жауапты құрылымдардың басын жиып, проблемадан шығудың жолын іздеп зерттеуі керек еді, – деген пікірде облыстық құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры Нәйла Қайырбекова.
Кәсіпкер Арман Алпыстың ойынша, елімізге құрылыс инвесторлардың құжатын цифрлы технология арқылы рәсімдейтін орталық қажет.
— Бүгінде ел тұрғындары халыққа қызмет көрсету орталықтарының тиімділігін сезініп отыр. Ондағы цифрлық технологияның көмегімен айлап, тіпті жылдап бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырып жүріп жинайтын құжаттың барлығын айналдырған жарты сағатта қолға тигізетін мүмкіндікке жеттік. Дәл осындай жағдай құрылысшы кәсіпкерлерге туғызылса, құба-құп болар еді. Үкіметтің кәсіпкерлер жинайтын құжаттардың санын қысқартамыз деп ауызбен қу шөп сүртіп келгелі бірнеше жыл болды. «Баяғы жартас, сол жартас» күйінде тұр. Әлде, зәрезап болған құрылысшылардың мұңы үкіметтің құлағына жетпей отыр ма, яки бұл сала «дөкей» шенеуніктердің қалтасы ма? Құрылысқа енген сыбайлас жемқорлық шешілсе, қоғамға анағұрлым пайдасы зор болар еді. Үйдің бағасы түсіп, халықтың жағдайы жасқарады, – дейді кәсіпкер.
Өңірдегі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының хабарлауынша, заңсыз үй тұрғызып жатқан тағы үш компанияға қатысты материал сот қарауында жатыр. Жақын арада олардың да тағдыры белгілі болады.