Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:01, 11 Қараша 2021

«Тоқырау әлдеқашан басталған» бірақ үкімет оны мойындағысы келмейді

None
None

Бүгінде халықаралық сарапшылар пандемиядан кейінгі әлем экономикасын қалыпқа келтіруге қатысты  түрлі болжамдар мен ұсыныстар айтуда.

Экономиканы құтқаруға қатысты Дүниежүзілік банктің болжамы да аса көңіл көншітпей тұр. Аталмыш банктің өкілі Дэвид Мэлпастың пайымдауынша, пандемия салдарынан әлемде 60 миллионнан астам адам жұмыс таппай, сенделіп қалуы мүмкін. Мэлпас   бұған қатысты әрбір ел экономикалық өсімге жеткісі келсе, алдымен отандық бизнесін қолдауы керектігін баса айтып отыр. Сол-ақ екен, бірқатар елдер отандық өндірісіне әл-қуат беруге барынша тырысып бағуда.

       Ал біз не істедік?!  Бұған қатысты отандық сарапшылар қазір елдегі бизнестің «шықпа, жаным, шықпа» деп отырғанын жиі мысал етеді. Тіпті  «алдағы бес жылда Қазақстанның экономикасын шұғыл арада сауықтыру жұмыстары нәтиже бермесе, 90-жылдардағы тоқырауды қайта бастан кешеміз» дейтіндер де баршылық.

       Сарапшылардың пайымдауынша, біздің тек мұнайдан түсетін түсімге ғана иек артуымыз, мемлекеттік сатып алудағы жеңұшынан жалғасу, шенеуніктердің мәселені шешуге емес, жасырып-жабуға жанын салуы жағдайды әбден ушықтырды. Бұл ретте «Қазақстан менеджмент» сараптау орталығының жетекшісі Ғалия Қасымханованың айтуынша, алдағы уақытта Қазақстанға бюджетті толықтыру көздерін өзгерту қажет. Ол үшін, әрине, табыс көздерін әртараптандыру керек болады.       – Қазір елде жанармай, көгілдір отын, азық-түлік, халықтың тұтыну тауарлары – барлығы қымбат. Үкімет қанша жерден «инфляцияны түсіреміз» деп жаныққанымен, қолдарынан келмей жатыр. Негізінде, біз 90-жылдары нарықтық экономиканың қиыншылықтарын ғана көрдік. Ал енді бір тоқырау болатын болса, бізге ес жинау қиын тиеді, – дейді экономист-сарапшы Ғалия Қасымханова.

       Маман алға тартып отырғандай,  90-жылдары біз ипотекалық дағдарыс дегенді білмедік. Ол кездері жұрт қазіргідей несие алу, қомақты көлемде банктерге қарыз болу дегенді сезінбеді.  Қазір жекелеген тұлғалардан бастап, құрылыс компаниялары, жекеменшік серіктестіктер, алпауыт компаниялар –  барлығы несиеге батып отыр.

     – Несие саясатының дұрыс жүргізілмеуі, бюджетті тек мұнайдан түсетін түсіммен ғана өлшеу, отандық өңдеуші саланың тұншығып жатуы – осының барлығы экономикаға үлкен қауіп. Сондықтан болашақта біз үшін бюджетке түсетін табыс көзін әртараптандыру маңызды болмақ, – дейді экономист-сарапшы Ғалия Қасымханова.        Негізінде, экономика заңдылығы бойынша дағдарыс кезінде халықты жұмыссыз қалдырмау маңызды. Халықтың қолында ақшаның болуы сауда балансының кері кетпеуіне ықпал етеді. Сондықтан біз үшін ең маңыздысы қазір жаңа жұмыс орындарын ашып, инновацияның дамуы, индустрияның өркендеуі еді. Өкінішке қарай,  бізге инновация илікпеді, индустриялық жобалар құмға сіңді. Тек мұнай-кен барлау өндірісіне ғана иек арту отандық өндіріс орындарының түсімін, табысын арттырмады. Тіпті қолда бар  мұнайдан түскен түсімді ұтымды пайдалана алмадық. Бұған қатысты қаржыгер Арман Мусин:

       – Ақиқатында, тоқырау әлдеқашан басталған. Дегенмен үкімет мұны жоққа шығарады. Елдің тапқан табысы құнсыз. Ақшада құн жоқ. Астыққа бай Қазақстанда әлеуметтік нанның бағасы – 120 теңге. Зейнеткерлер мен көпбалалы аналардың, мемлекеттік жәрдемақы алатындардың  «күнімізді көре алмай отырмыз» деп қайыр сұрай бастауы жиілеп кетті. Мұнайға бай елдегі жанар-жағармайдың бағасын бәсекелестікті қорғау агенттігі әрең ұстап отыр.  Негізінде, мұнайдан түскен түсімді халықаралық түрлі шаралар өткізуге немесе жиындар, басқосулар ұйымдастыруға жұмсағаннан гөрі экономикалық инвестиция ретінде ауқымды жобаларды қаржыландыруға жұмсаған жөн еді, – дейді.

        Маманның пайымдауынша, біз кезінде, тәуелсіздік алған жылдары мұнай өндіру, мұнай өңдеу салаларын өзіміз игеріп кете алмадық. Бұл түсінікті де. Ол кездері халықты жаппай кедейшілік жабырқатты. Білікті мамандар мен технологиялық базамыз мүлде жоқ болды. Осыдан барып біздің мұнай-газ саласына шетелдіктер дендеп ене бастады.

    – Басында шетелдік инвесторлар табалдырығымыздан имене аттаса, қазір тіптен билеп-төстеуге айналды. Олар шикі мұнайды экспорттау арқылы байлыққа кенеліп жатыр. Бірақ бұдан қарапайым халыққа  пайда болған жоқ. Ел қазір қатты тарығып  отыр. Халықтың басым бөлігінің тапқан табысы азық-түлікке ғана жетеді. Ал біз тәрізді байлығы, ресурсы жоқ елдер сауатты жобаларды жүзеге асыру арқылы әлдеқашан дамып кетті, – дейді қаржыгер Арман Мусин.

        Мамандар алға тартып отырғандай, біз үшін келер жыл күтпеген сценарийлерге толы болады. Сондықтан алдағы уақытта 90-жылдардағы тоқырауды бастан қайта кешпеу үшін үкімет еститін болса, нақты  мынадай ұсыныстарға  назар аударғаны абзал: біріншіден,  бюджетке түсетін табысты әртараптандыру қажет. Мұнайға тәуелділіктен арылу үшін балама энергия көздерін өндіруді дамыту қажет. Бұл ретте алтын-күміс, руда, уран өндіру істері қарқынды дамуы қажет. Жаңа технологияға жүгіне отырып, әрбір салада жаңалық ашуға бейімделіп, нано-биотехнологиялардың тілін меңгеру қажет болады.Екіншіден,  алыпсатарлық экономикадан арылу керек. Мұндай экономика импортқа тәуелді. Сондықтан отандық өнім өндіру жағына басты назар аударған абзал.

Үшіншіден,  жерді дұрыс пайдалану жобаларын қолға алу керек. Елдегі жайылымдық жерлер, егістік жер, бос жатқан жерлерді игеру қазір өте маңызды. Жерді шаруаларға арзан несиемен беру жағы ойластырылуы тиіс. Жерсіз жүрген шаруаларды жермен қамту қазір өзекті болып отырған тұс.Төртіншіден, әр салаға шетелден сарапшыларды тартып, оған қыруар қаржы жұмсауды доғару керек. Бұл арада отандық ғалымдарымыздың ойына жүгіну тиімдірек болады. Себебі шетелден келген сарапшылар Қазақстанның аурасын, экономикалық қабілетін нақты біледі деп айту қиын.Бесіншіден, банк жүйесіндегі мемлекеттік үлесті дамыту қажет. Жекеменшік банктерге талапты күшейту керек.  Бұл көптеген отандық өндірістің дамуына жол ашатын мүмкіндік. Пайызсыз қаржы алып, оны бөліп-бөліп қайтару қай кезде де экономикалық жағынан тиімді. Осы жайттарды ойластырған жөн. Алтыншыдан, Қазақстан өз мүддесін, өз талап-тілегін қоя білуі керек, әсіресе шетелдік инвесторлармен жұмыс істегенде.       «Міне, экономикалық дағдарыстан оңай шыққымыз келсе,  бірінші кезекте осы ұсыныстар ескерілуі тиіс. Олай етпесек, еңсе тіктеу қиын болады. Бұл ұсыныстар ескерілсе  кез келген дағдарысқа шыдас беруге мүмкіндік ашылар еді», – дейді мамандар.

Тегтер: