Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
04:31, 03 Қараша 2020

«Тоқырау ентелеп тұр»

None
None

Алайда Ұлттық банк  «бәрі жақсы» дегеннен танбайды

Бүгінде экономиканың жілік майын ішкен сала мамандары келер жылға қатысты болжамдарын оқтын-оқтын ортаға салып жатыр. Сарапшылардың қайсыбірі «алдағы жылы ел экономикасы тоқырауды нақты сезінетін болады» деп болжам жасайды.

    Әлемдік нарықтағы «қара алтын» бағасының құлдырауы, түрлі түсті металдар бағасының арзандауы, ұлттық валюталар бағамының құнсыздануы, әлемді жайлаған коронавирус індетінің салдары жорамалдарды жақсыға балап отырған жоқ. Сарапшылар тіпті «биыл жыл соңында жалпы ішкі өнімнің қысқаруы  10 пайызға құлауы мүмкін» деседі. Бұған қатысты Ұлттық банк те ел экономикасына қатысты болжамын нашарлатты. Бірақ аталмыш ведомоствоның мәлімдеуінше, жағдай қиындағанмен, ЖІӨ төмендеуі  2-2,3 пайызды ғана құрауы керек.

             Екі ме, төрт пе, әлде он ба, кімнің есебі дұрыс?!

     Сөйтіп, Ұлттық банк экономиканың құлауы биыл жыл соңында «2 пайыз болады» десе,  сарапшылар «10 пайыз» дейді. Кімнің болжамы дұрыс, кімдікі бұрыс?! «Әлемдік тұрғыда алпауыт елдердің экономикасы құлдырайды» деп жатқан тұста Ұлттық банктің мұндай болжамдарына сену керек пе?! 

Бұл ретте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағанбетов өз пікірінде:  «Базалық сценарийге сәйкес, 2020 жылы ішкі жалпы өнім ішкі сұраныс пен экспорттың азаюына байланысты экономика  2-2,3 пайызға төмендейді», – деді. Баймағанбетовтің байыптауынша, тұтынушылық сұраныс қысқарады. Бұл қысқару  пандемиямен күрестегі шектеу шараларына, халықтың нақты ақшалай кірісінің азаюы мен еңбек нарығындағы жағдайдың нашарлауымен байланысты. «Мұнай бағасының төмендеуі, сондай-ақ экономикалық белсенділіктің қысқаруы, экономикаға салынатын инвестицияның азаюы  ЖІӨ-нің 2 пайыздан сәл төмендеуіне  негізгі фактор болады», – дейді Ақылжан Баймағанбетов.

      Алайда «Жас Алашқа» пікір білдірген сала мамандарының пайымынша, нақты құлдырау 4 пайыз болуы керек. Бұған қатысты экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева: «Ұлттық банк «биыл жыл соңында коронавирус індеті азайып, мұнай бағасы сәл де болса көтеріледі» деп болжаған болуы керек. Қазір үкімет белгілі бір бизнес салаларының ашылып, жұмыс істеуіне рұқсат берді. Мәселен, қазан айынан бастап театрлар мен кинотеатрлар ашылды, тағы басқа өндіріс орындары жұмысын бастады. Міне, олар ашылғаннан кейін жыл соңында бюджетке салықтарын төлей бастайды. Осындай жайттарды жоспарлап барып үкімет пен Ұлттық банк экономиканың көрсеткішін болжаған болар. Бірақ қазір халықтың қолында қаражат азайды. Сұраныс болғанмен, оны тұтынушы аз. Көптеген адамдар қолында бар қаражатты азық-түлігіне жеткізуді ғана ойлап отыр. Мұнай бағасы түсіп жатыр. Еуропа елдері  індеттің үшінші толқыны басталғанын айтуда. Бізге де тоқырау ентелеп тұр. Алайда Ұлттық банк оптимистік болжамдарын айтудан танбайды. Негізінде, қазіргі қалыптасып отырған жайттарды ескерсек, биыл жыл соңында экономиканың төмендеуі 4 пайызды құрауы керек», – дейді.

      Экономист-сарапшы осылай десе, қаржыгер Арман Мусин ЖІӨ-нің негізгі бөлігін мұнай секторы толықтыратындықтан, биыл жыл соңында ЖІӨ-нің төмендеуі 10 пайыз болуы да ғажап емесін алға тартты.

     – Экономиканың негізгі жауы – жалған статистика. Осы уақытқа дейін біз жалған есеп беріп, ақиқаттың бетін бүркемелеп келдік. Қазір елдегі барлық салада кері кету бар. Мұны мойындау керек.  1 млн-ға жуық кәсіпкер немесе еліміздің бизнес саласының 70 пайызы  пандемияның зардабын тартты.   Пандемия салдары импортпен келетін тауарлардың қымбаттығы тоқырау салдарын одан әрі үдетіп тұр. «Азық-түлікке сұраныс бар» дейміз, сол азық-түліктің өзі қазір қатты қымбаттап кетті. Саудагерлер көтерме бағаның өзі қымбат екенін айтып, өнім бағасына үстеме қосып жатыр. Бірақ халықтың жалақысы өскен жоқ, сол қалпында қалып отыр. Мұның барлығы тепе-теңдікті жояды. Халықтың қолындағы ақша азайғаннан кейін экономикаға түсетін қаражат та азаяды. Бұдан бөлек, ЖІӨ-нің негізгі бөлігі мұнаймен толығатынын есептесек, биыл экономиканың төмендеуі тіпті 10 пайызды  құрауы мүмкін. Сондықтан бізге қазір нақты бағытта реформалар керек, – деді қаржыгер Арман Мусин.

               Соққы алып тұрған салаларға қолдау керек

       Негізінен, мамандардың пайымынша, бүгінде елде туризм, қонақүй бизнесі,  қоғамдық тамақтану, өндіріс салалары соққы алып тұр. Болашақта осы салаларды қолдау үшін тың бастамалар қажет.

     – Егер біз статистиканы өзгерткіміз келсе, экспортқа шикізат шығарушыларды емес, керісінше, отандық бизнесті дамытушыларды қолдауымыз керек. Бірақ үкіметтің қазіргі ұстанып отырған бағытының көбі экспортты қолдауға  бағытталып отыр.  Мысалы, өткен аптада үкімет ет экспортын арттыруды одан әрі жалғастыратынын айтты. Жоғарыдағылардың ойынша, Қазақстан ет және ет өнімдерімен ішкі нарықты толық қамти алып отыр екен. Бірақ мұнымен келісу қиын. Бізге ет және ет өнімдері әлі де импортпен келеді. Бұқтырылып консервіленген ет өнімдерін Ресей, Беларусьтан бөлек, Еуропа елдерінен де алып жатырмыз. Сондықтан бірінші кезекте отандық өндірісті қолдауды күшейту керек. Сонда ғана  елге қымбат бағамен еніп жатқан импорт тасқынын тоқтата аламыз. Сол кезде барып ЖІӨ өсім береді деп кеудені керіп отыруға болады, – дейді қаржыгер Арман Мусин.

       Банктер тағы да қолдау қаражат сұрауға дайын отыр

      Жалпы, сала мамандарының пайымынша, биыл жылаяқтала салысымен үкіметтен демеу қаржы сұрайтындардың бірі екінші деңгейлі банктер болмақ. Себебі пандемия кезінде халықтың басым бөлігі несиесін жаба алмай қалды. Кредитке каникул алғандардың қарасы көбейді. Тіпті каникул мерзімі өтсе де, несиесін өтей алмай отырғандардың легі жетерлік.  Міне, осылардың барлығын есепке алсақ, келер жылы екінші деңгейлі банктер Үкіметтен тағы қаражат сұрай бастауы бек мүмкін. Бұған қатысты экономист-ғалым Меруерт Молдабева:

    – Бұған дейін де үкімет банктерді қолдап келді. Тұтыну несиесінен бөлек, ипотекалық несиелер нарығын құлдыратпау үкіметтің өзі үшін де маңызды. Ипотекалық дағдарыс басталса, онда жағдай одан әрі ушыға түседі. Сондықтан келер жылдың бірінші тоқсанында-ақ үкімет банктерді қолдауға қаржы бөле бастайды. Біздегі банк жүйесінің сауатты қалыптаспауы, өндіріс+банк формуласының сауатсыздығы жағдайды осыған әкеп отыр. Банк пен бизнес арасында тығыз байланыс жоқ. Банктер жекелеген адамдарға жоғары пайызбен несие беру тетігін ғана меңгере алды. Ал ол жекелеген тұлғаның қарызды қайтару мүмкіндігі төмендесе, банктің де мүмкіндгі шектеледі. Ал мұның арты экономиканы құрдымға жетелейді, – дейді.

      Ойсалар:  Қалай десек те, Ұлттық банк пен үкімет 2020 жылғы  тапшылықты ЖІӨ-ге шаққанда 2,1-2,3 пайыз деңгейінде анықтады. Ал  2021 жылы ол біртіндеп  ЖІӨ-ге шаққанда 1,5 пайызға  дейін, 2022 жылы ЖІӨ-ге шаққанда 1 пайызға  дейін төмендейді.  Зерттелген параметрлерді ескерумен республикалық бюджет шығыстары 2020 жылы – 12,7 трлн, 2021 жылы – 13,2 трлн, 2022 жылы 13,6 трлн теңге көлемінде болжанып отыр.  Бұған қоса, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, елдегі бас банктің негізгі мақсаты инфляцияны 2019-21 жылдары 4-6 пайыз шегінде сақтау және кейіннен, 2022-24 жылдары 3-5 пайызға  дейін төмендету болып тұр. Алайда сала мамандары «қазірдің өзінде халық тұтынатын азық-түліктердің бағасы ай сайын емес, апта сайын қымбаттап жатқанын ескерсек, келер жылы инфляция деңгейі 20 пайызға жетіп жығылуы мүмкін» деп отыр.

      Кімнің болжамы кері кетеді, ал кімдікі дөп түсетінін біз алдағы уақытта білерміз. Бірақ нақ қазір біз үшін маңыздысы – үкімет пен Ұлттық банк және ұлттық экономика министрлігі алдымен «барды бар, жоқты жоқ» деп айтуды үйренуі керек. Бұдан кейін тиісті инстанциялар халықты тарықтырып алмаудың ең тиімді реформаларын жасаса дейміз. Қазір бізден дамуы әлдеқашан алға озып кеткен әлем елдерінің өзі тоқырауда экономикасын қақыратыпалмау үшін жанталасып жатқан тұс. Осы тұста «бізде  бәрі жақсы» деп арқаны кеңге салуға тағы болмайды.

Тегтер: