Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:40

Төреғалиев келмей қойған ереуіл

Орал
Фото: sarapshy.info

Оралдың іргесіндегі аты жоқ ауыл туралы репортаж

3 ақпан күні түнде Орал қаласының маңындағы «Құс фабрикасы» бау-бақша серіктестігінің тұрғындары жарық мәселесіне байланысты наразылыққа шығып, айналма жолды жауып тастаған. Ауыл адамдары жарықтың болмауына байланысты наразылық білдірген. Тұрғындардың айтуынша, бір тәуліктен бері жарық болмаған, ал өздері жарықтың ақшасын осы уақытқа дейін төлеген. Бірақ серіктестіктің бұрынғы төрағасы жарық ақшасын «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ына төлемей келген. Қазір жарықтың қарызы 71 млн теңгеге жеткен. 

«Жас Алаш» бірнеше тұрғынға және тиісті орындарға арнайы хабарласып, ереуілдің себеп-салдарын анықтап көрді.

12 мың тұрғыны бар саяжайдағы жұрт осы уақытқа дейін серіктестік басшысы Асылбек Қабесовтің Kaspi нөміріне ақша аударып отырғанын айтады. Кей жағдайда ауыл адамдары серіктестік төрағасы отырған кеңсеге барып, қолма-қол төлеп жүрген. Ал жаңадан келген «Құс фабрикасы» бау-бақша серіктестігінің қазіргі төрағасы Асхат Әнесұлы әлі «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-мен келісімшартқа отырып үлгермеген. Осыдан кейін облыстық электр компания жарықты өшіріп тастаған. Бұған наразы болған жергілікті жұрт көшеге шыққан. Ереуіл боп жатқан жерге Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов келген. Әкімдік өкілі алдымен аудит тағайындап, бұрынғы төраға Асылбек Қабесовтің кінәсі бар ма, жоқ па, соны анықтап алайық, кейіннен кінәлілер жазаланады дегенді айтқан. Жиналған халық бұрынғы төрағаның келуін талап еткенімен, ол наразы жұрт жиналған жерге келмеген. Жалпы 3 ақпандағы ереуілдеген жұрттың наразылығының себебі тек жарық өшкеннен болмаған. Халықтың наразылығы бірнеше жылдан бері қордаланған мәселеден туып тұр.

Орал
Фото: sarapshy.info

Оқиға қалай басталды?

Жергілікті тұрғындар арасында «Құс фабрикасы» атанып кеткен Зашаған бау-бақшасы серіктестігінің тұрғындары 2014 жылы жарғы бойынша 3 жылға жаңа төраға, басқарма, аудит комиссия мүшесін, кассир сайлаған. Тұрғындардың айтуынша, арада бір жыл өткесін төраға болған Қабесов басқарма, комиссия мүшелерін таратып жіберген. Олардың орнына кассирге өзінің жеңгесін, бухгалтер деген жаңа штат ашып, оған нағашысын жұмысқа алған. Содан кейін халықпен есептеспей, басқарма мүшесі мен аудит комиссиясы лауазымына да жақын адамдарын тағайындаған. 2017 жылы олардың мерзімі біткесін жергілікті жұрт қаладағы УГОСО (Орал қалалық бағбандар мен көкөніс өсірушілер қоғамы) басшысы Андрей Заозёровқа барып «жарғы бойынша сайланғандардың мерзімі бітті, жаңа адамдарды сайлау үшін жиналыс жасауды талап етеміз» деп арыз берген. Олардың қазақша жазылған арызы қабылданбаған. Тұрғындар, Заозёров пен Қабесов жақсы достар екенін айтады. Соның нәтижесінде жаңа төрағаны сайлайтын жиналыс өтпеген.

Кейіннен жергілікті халық бұл былықты әкімдікке айтқан. Жергілікті билік тұрғындарды «біз сендердің ішкі мәселелеріңе араласа алмаймыз, себебі ақша бөліп жатқамыз жоқ, өз күндеріңді өздерің көріп жатырсыңдар» деп шығарып салған. Мұндай заңсыздыққа төзбеген жұрт 4 жылдан соң, яғни былтыр кезектен тыс жиналыс жасаған. Оған қала мен Зашағанның әкімдері, Оралдың депутаттары келіп қатысқан. Сол жерде жаңа төраға сайланғанымен кейіннен оларды әкімдікке шақырып, жергілікті билік қысым көрсетіпті.

Жалпы қала іргесіндегі саяжайда жарықтан өзге де проблема көп. Жол салынбаған, мектеп жоқ. Саяжайдағы 2 мыңнан аса оқушы Орал қаласының әр түкпіріндегі білім ордаларына қатынауға мәжбүр. Бұдан бөлек, саяжайда жарықтың бағасы қала тарифінен 5 теңгеге қымбат. Мұны да халықпен ақылдаспай жасай салған көрінеді. Ал тұрғындар «бағаны кім көтерді?» деп сұраса, халықты әкімдікке сілтеп, жергілікті билік болса облыстық жарықты нұсқап, олар «біз емес» деп, өздерін ит әуреге салған. Түптеп келгенде, тұрғындар бағаны көтеріп жатқан кім екенін таба алмай шарқ ұрған. Ал жергілікті жұрт мұның бәріне бұрынғы басшыны кінәлайды.

Бұрынғы басшының осындай оғаш әдеттерінен кейін былтыр тұрғындар қорғаушы жалдап, жарғы бойынша кезектен тыс жиналыс өткізген. Алдымен бір ай ішінде жиналыс өткізейік деп Орал қалалық бағбандар мен көкөніс өсірушілер қоғамына (УГОСО) арыз берген. Бір ай күтіп, бұдан нәтиже шықпағасын заң бойынша оларды сотқа берген. Сот «халықтың талабы дұрыс, мерзім өтіп кетті, енді жаңа төраға, басқарма мүшелерін сайлау керек» деген шешім шығарып берген. Содан кейін ғана жаңа төраға сайланған. Бірақ көп өтпей бұрынғы басшының қарызы бары анықталып, облыстық жарық компаниясы жарықты өшіріп, мұның арты үлкен дауға айналып отыр. Бұрынғы басшы Қабесов ауыл адамдары жарықтың ақшасын төлемегендіктен осынша сомада қарыз шықты десе, жергілікті жұрт үнемі жарықтың ақшасын төлеп келе жатқанын алға тартады.

Келіспеушілік неден туды?

Саяжай тұрғыны Асқар Төреғалиевтің айтуынша, жаңа төраға сайланғанымен бұрынғы басшылар кассадағы ақша мен құжаттарды бермей кеткен. Қабесовтің қолында саяжайдағы 10 трансформатордың кілті болған көрінеді. Ол 3 ақпанда әдейі халық көтерілсін деп жарықты өшіріп тастаған. Сол арқылы төрағалыққа қайтып келетін ойы болған.

Асқар Төреғалиев
Асқар Төреғалиев

«Соның кесірінен үй суып кетті, қаншама отбасының кішкентай балалары, қарт кісілері бар. Наразы халық көшеге шықты. Алдымен әкімдерді шақырған едік, олар келмеді. Содан кейін ашуланған халық айналма жолды жапты. Сосын прокурор, қала әкімінің орынбасары келіп еді, олар біздің нақты талабымызға орай ештеңе істей алмады, сосын халық «шеше алмасаңдар не үшін келдіңдер?!» деп облыс әкімін шақырды. Ол да келмегесін жұрт қайтадан жолды жапты. Сосын қала әкімі келіп сөйлесті, әкімдікке шақырды. Бүгін сағат 11-лер шамасында белсенділеріміз әкімдікке барып сөйлесті. Бұл жердегі тұрғындардың көбі жұмыссыз, қаладан саяжайдағы тарифтер қымбат. Мысалы, бізде қаладан газдың бағасы 6 теңгеге, жарықтың бағасы 5 теңгеге жоғары. Соны жиналыста халық шешуі керек, бірақ олар тұрғындармен санаспай өздері шешеді. Айналып келгенде барлық ауырлық халыққа түседі. 72 млн теңге халықтың қарызы деген де мүмкін емес. 6-7 ай тұрғындар қарыз деген де өтірік. Өзіңіз ойлаңыз, жарықтың ақшасын 1-2 ай төлемей кетсеңіз, бір күнде келіп қиып кетеді. 6-7 ай бойы олар қарыз болып қалай жүреді? Бірақ кейінгі 1-2 айда халықтың төлемей қойғаны рас. Себебі қарызымыз азаймай қойды. Жаңадан төраға сайлап алып қана төлейміз деп келіскеніміз де рас. Өйткені Қабесовке төлесек бәрібір ол ана жаққа төлемейді, қарызымыз көбейе береді. Басында 56 млн болған, енді келіп 72 млн-ға өсті. Ақша қайда кетіп жатыр? Халық арасында оның шаруа қожалығы, жер учаскелері, жүк көліктері бары айтылып жүр. Бұл әңгіменің рас-өтірігін құзырлы органдар тексере жатар. Бірақ жергілікті жұрт «біздің ақшамызды өзінің мақсатына пайдаланып жатыр» деп Қабесовке төлегісі келмейді. Енді аудит тағайындап, кімнің қарыз болғанын анықтайын деп жатырмыз», – дейді саяжай тұрғыны.

Ал серіктестіктің бұрынғы басшысы Асылбек Қабесовке хабарласқанымызда ол бұл сөздерді жоққа шығарды. Оның айтуынша, жиналған берешек сома тұрғындардың қарызы. Ауыл адамдары жарыққа көптен бері қарыз, тіпті біраздан бері 2 200-дей үйдің 50 пайызы жарық ақшасын төлемей келе жатыр.

«Сіз кіммен сөйлестіңіз, олардың аты-жөнін білуге бола ма? Бұлай сұрап тұрған себебім, сіздер жарықтың ақшасын төлегендермен ғана сөйлескен болуларыңыз керек. Кеше соншама көп адам жиналған жоқ. Аялдаманың жанында болғасын кей адамдар қызық көргісі келіп топқа қосыла салды ғой. Ол жерде жүргендердің барлығы жарық мәселесімен жүр деп айта алмаймын. Кімнің қарызы бар, сол адамдар төлеуі керек. Кей үй жарық ақшасын төлемегеніне алты айдай болған. Мысалы, жер үйде жарықтың ақшасы орта есеппен айына 10-15 мың теңгеге шығады. Енді ары қарай ол отбасының қанша қарыз болғанын өзіңіз есептей беріңіз. Оны төлемеген кісілер басқаларға агитация жүргізіп, «жарық ақшасын төлемеңдер» дейді. Кеше ереуілге шыққандардың ішінде халыққа жыл бойы осындай насихат жүргізген адамдар болды. Соның салдарынан қарыз жиналды. Ал кей адамдардың «төлемеңдер» деп айтып жүргенінің себебі – «басқа басшы келеді, тарифті түсіреді, жұмақ өмір орнайды» деген сөзге сенуі. Бұған тұрғындардың барлығы сенбеуі мүмкін, бірақ «төлемеңдер» деген сөз көпке майдай жағады. Айналып келгенде қарызды төлеу керегі сауаты бар адамға түсінікті деп ойлаймын. Ертең 7-8 ай төленбеген қарызды бір күнде төлеуге мәжбүр болады. Олардың қарызын ешкім кешірейін деп жатқан жоқ. Ертең өздеріне қиын болады. Алдағы уақытта аудит тағайындай ма, ол жағын білмейді екенмін, білетінім, төленген халықтың ақшасы баратын жеріне жетіп жүрді. Оған сенімдімін, ал маған басқалардың қаңқу сөзі қажет емес», – дейді Асылбек Қабесов.

Бұрынғы басшыдан ел арасындағы «қаржыны өз мүддесіне пайдаланып, байып жатыр» деген сөздің бар екенін айттық. Қабесов бұл сөздердің де жалған екенін айтты. Себебі бұрынғы басшы осы қызметіне келмей жатып та басқа кәсіптермен айналысқан екен.

«Осы уақыт ішінде бұлардың жарығы бір күн де өшіп көрген емес. Кеше мен кеткеннен кейін ғана өшіп тұр. Оған менің қатысым жоқ. Жаңа басшы жиналған төлемді тиісті орнына апармай отыр. Олардың «Қабесов осы жерде отырып материалдық жағдайын түзеп алды» дегені де шылғи өтірік. Саяжайдың төрағасы қайыршы болып өмір сүру керек деп еш жерде жазылмаған шығар. Менің бұдан басқа да шаруашылығым бар, бұл жұмысқа келмей тұрып та кәсіптерім болды. «Төраға болдым екен» деп соның бәрін тастап, лашықтың ішінде тұруым керек пе?! Жеке басымның шаруасына біреудің араласуға құқығы жоқ. Олардан материалдық жағдайымды көтеріңдер деп бір тиын сұрамадым. Бұлай айтулары үшін алдымен дәлел керек, сосын мен олардан негізсіз ақша жинауым қажет. Ал отымен кіріп, күлімен шығып жүрген осы саяжайдағы қызметіме әр үй жыл сайын 5 мың теңге төлейді. 2012 жылы баға 5 мың теңге еді, бұл баға қазір де өзгерген жоқ. 2012 жылы 5 мың теңгеге не алатын едіңіз, ал қазір 5 мың теңгемен кафеге кірсеңіз жартылай аш шығасыз. Мен белгілеген баға еш жерде жоқ», – дейді бұрынғы төраға.

Енді аздаған есеп. Саяжайда 2 250 үй бар. Әрқайсысы 5 000 теңгеден төрағаға берсе, демек, жылына 11 250 000 теңге жиналады деген сөз. Бұл қаржының Қабесов өзі қаншасын алады, кассир мен бухгалтерге қаншасын береді, ол жағын білмейміз. Бірақ қалай болғанда да кәдімгі әкімдер алып жүрген жалақыдан көп болмаса, аз емес. Демек, ауыл тұрғындары жалақы жағынан «әкімдерін» соншалық төмен қаратпаған сияқты. Оның үстіне 2012 жылы 500 000 мың (шамалап ала салайық) теңге өте жақсы жалақы болатын...

Жақсы, ары қарай аудит (жүргізілсе!) анықтай жатар, біз есебімізді осымен тоқтата тұрайық.

Ербол Жарылғапов
Ербол Жарылғапов

Бау-бақшаның тағы бір тұрғыны Ербол Жарылғапов халықтың кейбірінің қарызы бар шығар, бірақ 72 млн теңгеге шығып кететіндей берешек болуы мүмкін емес деп есептейді.

«Сөздің ашығы, өмірдің басты нәрселері тамақ, несие, коммуналдық қызмет боп қалды ғой. Қазір бұрынғыдай жақсы киім киюден қалдық. Себебі қымбатшылық қысып бара жатыр. Ел арасында «Қабесовтің төрағалық қызметін пайдаланып, қаржыны өз мүддесіне пайдаланады» деген әңгіме айтылып жүр. Оның рас-өтірігін білмеймін. Бірақ өзімнің басымнан өткен жағдайды айтып берейін. 3 жыл бұрын осы жерге көшіп келіп, үйге жарық тарту керек болғанда 800 мың теңгедей кететінін айтты. Ондай қаржым болған жоқ. Сосын президент әкімшілігіне, облыс әкімдігіне хат жазып жүріп жарықты тарттырғаным бар. Демек 800 мың теңге төлемей де жарық тартуға болатын боп тұр. Енді Қабесов кетіп бара жатқасын кімнің қарыз екенін айтып, жаңа басшыға есебін түгендеп беріп кетуі керек деп ойлаймын. Кез келген жұмыста да ішкі тәртіп болады емес пе? Халықтың ашуына тигені қыс ортасында жарықты ескертпей өшіріп тастағаны болды. Қазір біздің саяжай қаламен жалғасып кетті. Енді қалаға кіруіміз ғана қалып тұр. Бірақ сол қолға алынбай жатыр. Ренжитініміз президент, депутат сайлауында үйімізге келіп, есігімізді қағып тұрып алады. Ал өзіміздің мәселемізге келгенде ешкімге керек болмай қаламыз», – дейді ауыл тұрғыны.

Мәселе қалай шешілді?

4 ақпанда тұрғындардан құралған саяжай белсенділері қала әкімінің қабылдауында болған. Жергілікті шенділермен өткен жиналыстан кейін жарық ісі бір жақты шешілгенше өшпейтін болып келісілген. Бұдан бөлек, қалалық прокурор Қабесовке алдағы жұмаға дейін құжаттарды түгел өткізуге мерзім берген.

«Жаңа төраға ақша жинап жатыр. Жиналыста қала прокуроры бұрынғы төрағаға алдағы жұмаға дейін құжаттарыңды тапсыр деп уақыт берді. Егер оған дейін тапсырмаса үстінен қылмыстық іс қозғалады. Енді істің ақырын күтеміз. Бастысы, қалаға қосылуымызды реттеуіміз қажет. Кезінде солақай саясаттың кесірінен біздің жерімізді бау-бақша серіктестігі деп атап жіберген. Бау-бақша серіктестігі болғасын үйіңде техникалық су, сол сумен жеміс-жидек егуің керек. Алайда мұның бірі де жоқ. Қазір олар халықты алдап, осы арқылы ақша алып отыр. Бұл жерде де шикілік бар, біздің жеріміз тек қағаз жүзінде ғана бау-бақша серіктестігі. Ал бізге ақшасын төлеңдер деп мәжбүрлейді. Қанша уақыттан бері жазып жатырмыз. Орал әкімдігі статус бермейді. Бас жоспарға кірмей қала береміз», – дейді Асқар Төреғалиев.

Саяжай қалаға қосылмай, мәселе шешілмейді

Зашаған саяжайындағы «Құс фабрикасы» серіктестігінің төрағасы Асхат Әнесұлымен де сөйлестік. Ол РЭК-пен (аймақтық электр желілері компаниясы) келісімшартқа отырмаған себебімнен бұрынғы басшы жарықтың ақшасын толықтай төлемеген, қарызы бар деп отыр. А.Әнесұлы келісімшартқа отырмағаны үшін облыстық жарық компаниясы жарықты өшіріп тастаған.

Асхат Әнесұлы
Асхат Әнесұлы

«Наразылықтың екінші күні ғана қала билігімен мәселені талқыладық. Сол жерде бұл проблеманың бұрыннан барын, саяжай қалаға кірмей шешілмейтінін айттым. Қала әкімдігі саяжайды кіргізу қиындығын алға тартты. Негізі, шындығында келгенде, қиын ештеңесі жоқ. Су, жарық – бәрі бар. Тек жол мен мектеп салса жетеді. Қазір бұл мәселе қаралып жатыр. Әзірге қаржыны реттеп, мен қабылдап алғанша жарық өшпейді. Алдағы жұмада тұрғындардың қанша қарызы барын есептейміз, егер қарыз болса, аудит жүреді. Әрі қарай бұл іспен прокуратура жұмыс істейді», – дейді қазіргі төраға.

Әкімдік не дейді?

«Жас Алаш» тілшісі тұрғындардың арызы бойынша облыс әкімдігіне хабарласты. Бірақ олар бізді қала әкімдігіне сілтеді. Ал қала әкімінің орынбасары Азамат Халелов қазір тұрғындар ішінен құралған белсенді топпен кездесіп, мәселе шешіліп жатқанын хабарлады.

Азамат Халелов
Азамат Халелов

«3 ақпанда елді мекенде жарықтың өшуіне наразы болған жұрт көшеге шықты. Соған байланысты бүгін қалалық әкімдікке тұрғындар арасынан құрылған белсенді топ келді. Жиналысқа барлық құзыретті өкілдіктің адамдары қатысты. Жиналыс 2 сағатқа созылды. Нәтижесінде бағбандық серіктестіктің жарығы өшпейтін болды. Жаңа төраға келіп, арада түсінбеушіліктер болып жатыр. Осыған байланысты «Батыс Қазақстан АЭЖК» мен «Батыс Су арнасы» мекемесіне әкімдік тарапынан тиісті тапсырмалар берілді. Ал қарызға келетін болсақ, оны біз өндірмейміз, серіктестіктің арнайы жарғысы бар. Сол бойынша комиссия құрып, тексереді. Егер одан кейін де бір заңбұзушылықтар анықталып жатса, іспен полиция, прокуратура айналысады. Кінәлі адамдар тиісті жазасын алады. Қала мәртебесіне келетін болсақ, мәртебені беру бас жоспармен бекітіледі. Бұл жоспар жергілікті деңгейде емес, Қазақстан Республикасы үкіметі қабылдайтын қаулылар тізіміне кіреді. Сондықтан саяжайды қалаға енгізу үлкен мәселе. Енді тұрғындар қалаға кіру бойынша тиісті арызын жазады, біз ары қарай себеп-салдарын зерттеп, мүмкіндік болса 12 мың тұрғыны бар саяжайды қалаға қабылдауға дайынбыз», – дейді қала әкімінің орынбасары.

Елімізде саяжай мәселесі ең өзекті проблемалардың бірі. Әсіресе 674 саяжайы бар, оны 188 мың адам қысы-жасы мекен ететін Алматы облысындағы мәселелер шаш-етектен. Былтыр Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев саяжайларды ауылға қосамын, үйлерді бұзамын дегеніне халық наразылық білдірді. Ал қазір Батыс Қазақстан облысында саяжайларда 17 мың адам тұрақты тұрып жатыр деген ақпарат бар. Жалпы саяжайлардағы инфрақұрылым өте нашар, жол жоқ, жарық жиі өшеді. Оның үстіне, осының бәрін жөндету үшін тұрғындар өз қалтасынан ақша жинайды. Саяжай жағалаған жұрттың проблемасы жуық арада шешіле қоймайтынға ұқсайды. Өйткені жыл сайын еліміздің әр түкпірінен саяжай мәселесін көтерген жұрттың жанайқайы басылар емес.

Тұрсынбек БАШАР