Төреғалиев келмей қойған ереуілден түк шықпапты

Орал қаласының іргесіндегі 12 мың тұрғыны бар Зашағандағы «Құс фабрикасы» саяжайында ақпанда басталған жарық дауы әлі күнге дейін шешімін таппай келеді.
Халық қарыз бен жауапкершілікті бір-біріне ысыра берген басшылардан қажыған, билік те уәдесін орындамай отыр. Саяжайдың тұрғындары «облыс әкімі Нариман Төреғалиев қабылдамайды, мәселемізге көз жұма қарап отыр» деп «Жас Алаш» редакциясына хабарласты.
Тұрғындар не үшін ереуілге шықты?
2025 жылы 3 ақпан күні БҚО-дағы «Құс фабрикасы» саяжайының тұрғындары бір тәуліктен астам жарықсыз қалып, наразылыққа шығып, айналма жолды жауып тастаған еді. Себеп – бұрынғы төраға Асылбек Қабесовтің халықтан жиналған ақшаны «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясына» толық өткізбей, тұрғындардың жарыққа 72 млн теңге қарыз болуы. Тұрғындар «жылдар бойы жарыққа ақы төлеп келдік» десе, Қабесов, керісінше, «көпшілік айлап төлемеген» деп ақталды (Бұл туралы «Жас Алаш» ақпандағы санында «Төреғалиев келмей қойған ереуіл» атты көлемді мақала жазды). Салдарынан жарық компаниясы қыстың көзі қырауда бірнеше мың тұрғыны бар елді мекенді жарықсыз қалдырған. Бұған ашуланған жұрт көшеге шықты. Түптеп келгенде, бұл қарама-қайшылықтың түйінін тек аудит шешуі тиіс болды. Ақпан айындағы наразылық кезінде Орал әкімінің орынбасары Азамат Халелов пен прокурор жұрт алдына шығып, мәселені шешуге уәде берді. Қабесовке құжаттарды өткізуге уақыт берілді, әйтпесе қылмыстық іс қозғалатыны ескертілді. Осыдан кейін жарық қайта қосылған.
Бірақ дау мұнымен аяқталмапты. Бұлай дейтініміз, арада жеті ай өтсе де, жағдай жақсармаған. 72 млн теңгелік қарызды тексеретін аудит бес айдан бері жүріп жатыр, бірақ шешім шықпаған. Бұрынғы төрағаның ісі қозғалғанымен, нақты нәтиже жоқ. Көктемде қала әкімі Байменов көпшілік алдында 5 трансформатор орнатып, мәселені шешемін деп сөз берген. Алайда бірнеше ай өтсе де аталған трансформаторлар әкелінбеген. Қазіргі төраға Асхат Әнесұлы күз келгесін әкімдікке уәделерін орындауды есіне салған. Себебі қысқа қарай халық көбірек тоқ қолдана бастайды. Әкімдіктен адамдар келіп, трансформатордың күшін көбейтіп кеткен. Алайда арада біраз уақыт өткесін трансформаторлардың қуаты азайып, жарық тағы да сығырайып қалған. Қазіргі күнде тұрғындар арнайы құрылғы сатып алып, тоқ күшін қолдан көбейтіп отыр. Сондықтан төраға кейінгі екі айда халықтан жиналған ақшаны жарық пен суға төлемей қойған. Сол арқылы әкімдік берген уәдесін орындасын дейді. Содан соң мекемелер коммуналдық қызметтердің ақысын төлемегені үшін Әнесұлын сотқа берген. Ал Әнесұлының айтуынша, бұдан кейін төраға РЭК (аймақтық электр желілері компаниясы) пен «Батыс жарық су арнасына» деп халықтан ақша жинамайды.

«Менде ондай рұқсат жоқ. Ол үшін халықпен келісімшартқа отыруым керек. Жарықты қарап отыратын лицензия да жоқ. Тиісті органдар жауапкершілікті өзіне алсын. Қазір шетінен өз балансына алып жатыр. 12 мың халықты шулатып қойып отыруға болмайды. Статус беруге келгенде не үшін кібіртіктейтіндерін түсінбеймін. Оны Республика емес, Батыс Қазақстандағы мәслихат арқылы шешеді. Нариман Төреғалиев бұдан хабардар, бәрін біледі. 8 тамызда қабылдауына жазылған едім, арадан 1 ай өтті әлі хабар жоқ. Мәселені біліп отырса да көз жұмып қарайды. Қыс келе жатыр, ертең халық көтеріліп кетсе, таяқтың ұшы оған да тиеді. Жыл басында да облыс әкіміне ескерту берілген шығар. Облыстағы біраз басшы сөгіс алды. Жергілікті басшылар ақырындап өз балансына алғанымен, қоқысты алмаймыз деп отыр. Мен осы айдың соңынан соң қоқыс шығармаймын. Саяжайда 20 қоқыс жинайтын орын бар. Егер олар дер кезінде шығарылмаса, 2 күнде толып қалады. Содан соң саяжай қоқыс полигонына айналады. Саяжайдың ұзындығы 5 шақырым, ені 2 шақырымдай, қаламен жалғасып кеткен. Осындай аумақтағы халықтың мұң-мұқтажын жергілікті атқамінерлер тыңдағысы келмейді. Тек екі адамға ғана ысырып қойып отыр», – дейді саяжай төрағасы.
Тұрғындар зарын енді кімге айтарын білмейді
Саяжай тұрғындарының коммуналдық қызметтерімен осы төраға Асхат Әнесұлымен оның көмекшісі Үлфат Жасмағамбетова айналысады.Олар халықтан ақша жинап, оны ҚазРЭК пен «Батыс су арнасына» өткізіп отыр. Әзірге ақша төлеп, көліктерді жалдап, қоқыс мәселесін де шешкен. Бірақ алдағы күндері мұның барлығы тоқтайды. Себебі әлдебіреулер бұлар жеке тұлға, ал жеке тұлғаның халықтан ақша жинауға құқығы жоқ деп салық органдарына арыз түсірген. Салдарынан сот болып, судья шынында да қаржы жинауға болмайды деп шешім шығарған. Алайда жарық пен суға жауапты мекемелер ақшасын талап етіп отыр, болмаған жағдайда жарық пен суды беруді тоқтатамыз деген. Ал А.Әнесұлы ақша жинайын десе, рұқсат жоқ.

Жасмағамбетованың сөзінше, саяжайдағы төрағамен өзінің қызметі халықты басқару емес, керісінше, саяжайға статус алу. Әу баста осы орынға тағайындалғанда да «жарықты, қоқысты қалаға өткізу арқылы кеңсені жабамыз, халықтан қолма-қол ақша жинауды тоқтатамыз» деген. Олар қазіргі қызметке келгеннен бастап әкімдіктің, жауапты мекемелердің есігін қағып, саяжайдың коммуналдық қызметтерін өздерінің балансына алуды сұраған. Бірақ мекемелер үнемі олардың бөлек саяжай екенін алға тартқан.
«Өз-өздеріңізді қамтамасыз етулеріңіз керек дейді. Жарайды, саяжай болайық, бірақ бізде фискалдық чек жоқ, құрылғымыз тағы да жоқ. 12 мың халықтың ақшасын екі адамға тапсырып қою қаншалықты ақылға сияды? Жарайды, біз халықтың мұң-мұқтажын білеміз. Кеңсеге келмей тұрып та 7-8 жылдан бері осы мәселемен айналысып, еңбегімізді сіңірдік. Халықтың ақшасын қалтамызға салып ала қоймаспыз. Алайда біздің орнымызда басқа адам болса ше? Ешқандай құжаты жоқ адамдар 2 300-дей үйдің коммуналдық ақшасын жинап отырса? Үкіметке мұны айтып, түсіндіре алмай жатырмыз. «Құжат жасауларыңыз қажет» дейді. Иесіз жер болса, қалай жасаймыз?! Үкімет жасамаса, оның құжаттарын біз ойлап таппаймыз ғой! Сондықтан ақша жинауға өзіміз бөгет қоймасақ, тұрғындардан ақша жинап, жарықтың ақшасын ҚазРЭК-ке, судың ақшасын «Батыс су арнасына» беріп отыра беретінімізді түсіндік. Сондықтан тамыздың соңынан бастап ешқандай төлем қабылдамайтын болдық. «Батыс су арнасына» судың ақшасы керек пе, өздері жинап алсын деген шешім шығардық.
Халқы 6 мыңнан асса статус берілуі керек деген заң қайда? Біздегі тұрғындар саны 2 есе ғой. Халықтың жағдайын өзіне жасатып, екі адамға қаратып қою деген қисынсыз. Біз деген айдалада жатқан саяжай емеспіз, қалаға тиіп тұрмыз. Сосын бізде түсініксіз жайттар да бар. Мысалы, бір зәулім үй бар. Барлық жер саяжай болып келеді де, сол үйдің аумағы әкімдікке қарайды. «Сава» деген жылқы ұстайтын орталық бар. Оның жері де саяжайға жатпайды. Бұл жерлердің саяжайға жатпайтыны миымызға сыймайды», – дейді төраға көмекшісі.
Істің созылып жатқаны тұрғындардың күдігін туғызып отыр. Олар аудиторлардың құжаттары дұрыс емес екенін көрген, тергеушілерге үнемі «мынаны тексеріңіз, ананы тексеріңіз» деп, бағыт-бағдар беріп келген. Алайда тергеушілер арыға аттап баспайды. «Қабесовтің алдында төраға болған Клавадан кассада 11 млн теңге қалған екен. Қабесов оны қабылдап алған. Тұрғындар сол уақытта Қабесовтің атында болған несиелер қашан жабылғанын тергеушілерден анықтауды талап еткен. Себебі жұрт арасында Қабесов осы қаржыны өз пайдасына пайдаланды деген күдік бар.

Асқар Төреғалиев, саяжай тұрғыны: Сайлау кезінде біздің 12 мың халық билікке керек бола қалады
– Біз тұрып жатқан жерді «Зашаған бау-бақша серіктестігі» деп атаудың өзі қисынға келмейді. Себебі елді мекенді бау-бақша серіктестігі деп атау үшін су болу керек. Бірақ бізде су жоқ. Егін екпейміз. 2 360 үй бар, 12 мың халық тұрады. 15 көшеге 10 трансформатор өте аз. Жарық сығырайып тұр, техникаларымыз жанып кете береді. Ауылда тұратындардың жағдайы бізден жақсы. Қазір тұрғындар өте ашулы. Ауыз су да өткір мәселеге айналғалы қай заман. Көшемізде асфальт жоқ, көктем мен күзде балшыққа батып жатамыз. Жасы үлкен аналарымыз бен сәбилердің балшыққа батып, құлап жатқанын көргенде жүрегің ауырады. Біз қаладағы ең үлкен елді мекенге айналдық. Үкіметтің емханасы, дәріхана, мектеп сияқты мекемелері жоқ. Балалар қаладағы мектептерге барып оқуға мәжбүр. Газ мәселесі де мәз емес. Былтыр үйлеріміз суық болды.
Үкіметтің 2024–2026 жылға арналған бау-бақша серіктестігіне бекітілген жол картасы біз жақта жұмыс істемейді. Ол жерде: «Әр облыста мемлекеттік органдардың өкілдері, азаматтық белсенділер мен саяжай тұрғындарының қатысуымен жұмыс топтарын құру және негізгі проблемаларды анықтап, шешу жолдарын ұсыну»; «Саяжай алқаптарының инфрақұрылым нысандарына деген қажеттілігін анықтау»; «Саяжай алқаптарында инженерлік инфрақұрылым жүргізуге бюджет қаражатын бөлу мүмкіндігін қарастыру» туралы жазылған. Бірақ ешқайсысы орындалмайды. Әкімдіктегілер бізді адам санамай ма, әлде менсінбей ме? Айтқан мәселелерімізге ешкім құлақ аспайды. Әкімнің өзі келіп тұрып уәде беріп, оны орындамайды.
Коммуналдық қызметтердің ақысын төлемесек, «Батыс жарық» пен РЭК бізді сотқа береді. Төлейік десек, жеке тұлға деп ақша жинатқызбайды. Енді не істеуге болады? Осының бәрін БҚО әкімі Төреғалиевқа түсіндіріп айтайық десек, ол қабылдамайды. Біз қай елде тұрып жатырмыз? Мәселемізді тыңдайтын басшы жоқ! Үкімет саяжайлардың жағдайын жасаңдар деп жол картасын құрады. Ал біздің әкімдер оны оқымаған сияқты, әлде бұл жерде басқа саясат жүріп жатыр ма? Енді жоғары жақтан көмек болмаса, жергілікті шенеуніктерден қайыр болмай тұр.
Сөйте тұра, сайлау кезінде біздің 12 мың халық билікке керек бола қалады. Дауыс беріңдер деп қайта-қайта үндейді, үй-үйді аралайды. Ал мәселе туып, әкімдікті шақырсақ, аттап баспайды. Біз де басқалар сияқты салық төлеп келеміз. Іргелес жатқан кенттер оның рахатын көріп отыр. Көшелері асфальт, мектептері мен балабақшасы бар...
Әкімдік не дейді?
«Жас Алаш» аталған мәселе бойынша қала әкімі Мұрат Байменовпен сөйлесті. Ол тұрғындардың кей сөздерін жоққа шығарды. Әкім осы қызметке келгелі тұрғындармен 6-7 рет кездескенін айтады. Бұдан бөлек, саяжайға 5 трансформатор алып беремін деп уәде де бермепті. Тек РЭК-ке «артық трансформаторларыңыз болса ауыстырыңыздар» деп қана айтқан.

«Судың қысымы дұрыс. Газ қысымын да қысқа қарай реттейміз. Жарықты да қолға алдық. Тұрғындар төрағаға ақша жинамау үшін РЭК-ке тікелей төлейтіндей жағдай жасап жатырмыз. Ол үшін мекеме бізге әр үй қашықтан есептелетін электр есептегіш сатып алсын деген талап қойды. Енді Алматыдан аталған құрылғыны іздедік. Түрлі компаниялардың нұсқаларын қарап жатырмыз. Сондықтан жұмыс істелмей жатыр деген жалған ақпарат. Тек қоқыс мәселесі бар екені рас. Бұрынғы басшы Қабесов еді. Оның кезінде мәселе туындаған жоқ. Қазір орнына жаңа төраға мен кассир келді. Содан бастап өздерінің арасында проблема туып отыр. Аудит бойынша да істі тездетулерін сұрағанмын. Ал тұрғындардың қалаға қосылу мәселесіне келетін болсақ, олар мынаны түсінулері қажет: біз статус алғанның өзінде мәселе ертең шешіліп кетпейді. Ары қарай жобалық-сметалық құжат дайындаймыз. Ол 6-7 ай уақыт алады. Содан кейін шыққан қаржысын республикаға ұсынамыз. Бөлінген қаржы бойынша жұмыс істейміз. Жалпы алғанда 2-3 жыл уақыт өтеді», – дейді қала әкімі.
Иә, саяжай тұрғындарының мәселесі жақында шешілмейтіндей. Ал облыстық әкімдікке хабарласқанымызбен сөйлесу мүмкін болмады («Жас Алаш» бұған қатысты ресми сауалнама дайындап жатыр). Ақпанда ереуілге келмей қойған Төреғалиев мәселемен таныс бола тұра өз тұрғындарының мәселесіне не үшін құлақ аспай отырғаны түсініксіз. Бәлкім, басқа маңызды істерден қолы босамай жатқан шығар. Олай дейтініміз, жақында Оралда Қазақстан мен Ресейдің XXI өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді. БҚО әкімдігі қарапайым халықтың мәселесін кейінге ысырып, форумның жарнамасына бас қатырып жатқанға ұқсайды. БАҚ-тағы ақпаратқа қарағанда, 19 тамызда БҚО Кәсіпкерлік басқармасы Астанадағы G7 Exlusive компаниясымен 387,9 млн теңгелік келісімшарт жасаған. Бұл қаражат қарашада аталған форумды ұйымдастыру мен жарнамалауға жұмсалмақ.Бір қызығы,келісімшарт конкурстан тыс, «бір көзден» рәсімделген. Форумға кететін бұл қомақты қаржының қайда, қандай қызметке жұмсалатыны нақты көрсетілмеген. Ал базадағы деректерге қарағанда, G7 Exlusive компаниясының өзі сенімсіз: заңды мекенжайы жоқ, әлеуметтік және зейнетақы төлемдері бойынша қарызы бар.
Форум мен имидждік шараларға жүздеген миллион теңгені ойланбай жұмсай салатын Төреғалиев облыс орталығының іргесіндегі 12 мың адамның жарығы мен суына қаржы таба алмай отыр дегенге кім сенеді? Сірә, ереуілін көргісі келмейтін саяжайды қалаға да қосқысы келмейтін шығар.
Тұрсынбек БАШАР