Төреғалиев Оралдың бас жоспарын Семей мен Қарағандыға қарап жасайды

Орал қаласының бас жоспарына қатысты қоғамдық тыңдаудың соңы дауға ұласты.
Қала дамуының стратегиялық құжаты саналатын бас жоспарға түзетулер енгізу жобасы 2023 жылдан бері жүргізіліп, 2025 жылы шілдеде көпшілік талқылауына ұсынылған. Алайда қоғамдық тыңдау барысында жоспар мәтінінде Оралға қатысы жоқ, өзге қалаларға тиесілі деректер бар екені белгілі болды.
Мұндай қателер қоғам тарапынан қызу реакция тудырды. Қоғамдық тыңдау кезінде-ақ әлеуметтік желілерде жоспардың сапасына қатысты сыни жазбалар тарай бастады. Тұрғындар 250 миллион теңге бөлінген құжатта өрескел қателіктер жіберілуін түсінбей, наразылық білдірді. Жұрт бұл жобаға «Орал әкімдігі «копировать-вставить» етіп қоя салған құжат» деген анықтама берді.
Қоғамдық тыңдау 2025 жылдың 15 шілдесінде өтті. Орал қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізу бойынша өткен жиында қала тұрғыны, белсенді Данил Макатуха жоба материалдарында бірқатар күмәнді жайтты байқағанын мәлімдеді. Атап айтқанда, әкімдіктің ресми сайтына жарияланған түсіндірме жазба мен өзге құжаттарда негізінен Орал қаласына қатысы жоқ, Қарағанды мен Семей қалаларының деректері енгізілгені анықталды.
Қаланың бас жоспарының түзету жобасын әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен 250 миллион теңге бөлінген. Аталмыш тапсырысты «ГРАДО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орындаған. Қоғамдық тыңдау кезінде белсенділердің қомақты қаражат жұмсалған құжаттан қателіктер табуы жобаның сапасына қатысты күмән туғызады.
Құжатта қандай қателер бар?
Бас жоспар жобасының 3.3-бөлімінде қаладағы тарихи және архитектуралық ескерткіштер тізіміне басқа өңірге тиесілі нысандар енгізілген. Нақтырақ айтқанда, тізімде Семей қаласына тиесілі тарихи ескерткіштер көрсетілген. Макатуха бұл жағдайды әжуамен сынға алып: «Бұл ескерткіштердің бәрі Семейде орналасқан. Оларды Оралға көшіремексіздер ме?» деп пікір білдірді. Яғни құжатты әзірлеушілер Орал қаласының мәдени-тарихи нысандарына қатысты бөлімге мүлде қатысы жоқ Семейдегі ескерткіштердің сипаттамасын көшіріп қойған.
Екінші бір мысал, 3.5-бөлімге қатысты болып отыр. Жоспар мәтінінде «көмір шахталарын көгалдандыру» туралы жазба бар. Ал Орал өңірінде ешқашан көмір шахталары болмаған, көмір өнеркәсібі Қарағанды облысына тиесілі сала. Құжатқа Қарағанды қаласының дамуына қатысты бөлімнен үзінді қалай еніп кеткені түсініксіз. Белсенділер Оралдың бас жоспарына Қарағандының көмір өндірісіне қатысты техникалық шаралардың қосылып кетуіне де таңғалған. Түсіндірме жазбада Қарағанды қаласының даму бағыты, көмір өндіру саласы, өнеркәсіптік аймақтарының құрылымы мен экологиялық ахуалы туралы мәліметтер де бар. Бас жоспарда жобалаушылар әр қалаға тән сипаттамаларды ескермей, бір қаланың деректерін екінші қала құжатына көшіре салғаны осы мысалдар арқылы айқын байқалады.

Тағы бір мысал – бас жоспардың 11.2 бөліміндегі Орал қаласының қазіргі экологиялық жағдайы былай баяндалады:
«Орал қаласының экологиялық жағдайын сипаттауды Қарағанды қаласын шахтерлер қаласы деп мойындаудан бастау маңызды. Қала шахталар мен шахта маңында пайда болып, дамыған. Егер басқа қалалар суға (өзен, көл), орманға және басқа да табиғи қолайлы факторларға жақын жерлерде – адамдарға қолайлы жағдайда пайда болса, Қарағандыда табиғи элементтер, яғни адамға қолайлы әсер ететін факторлар аз. Табиғи жағдайдың сапасы төмен, себебі базалық элемент ретінде орман қорының жерлері мен қолдан отырғызылған орман белдеулері көрсетілген, өтпелі элементтер ретінде шағын өзен арналары алынады, бірақ бұл өзендер жазда суы азайып кететін, тіпті тартылып қалатын өзендер. Бұл аңғарлар көгалдандырылмаған, ластанған және қолайсыз аймақтар арқылы өтеді».
Оқып отырғандарыңыздай, мәтін Орал деп басталады да, одан әрі Қарағандыға ауып кетеді. «Қарағанды» сөзі бірнеше рет қайталанады. Сипатталған табиғи жағдайда негізінен Қарағандының Приишимский ауданы туралы айтылған.
Белгілі болған олқылықтар тек жоғарыдағыдай мысалдармен ғана шектелмейді. Жоба құжаттарынан Семей мен Қарағанды қалаларына қатысты атаулар жиі кездеседі. Яғни 2025 жылғы бас жоспар түзетулерін әзірлеушілер Орал қаласының өзіне тән ерекшеліктерін талдап-жазудың орнына, басқа қалалардың дайын материалдарын пайдаланған болып шығады.
Әкімдік не дейді?
Орал қаласы әкімдігі алғашқыда орын алған жағдайды техникалық ақаулық ретінде түсіндіріп, келесі күні ресми мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде: «Техникалық қателік салдарынан сайтқа Орал қаласына қатысы жоқ, шындыққа сәйкес келмейтін басқа материалдар жүктеліп кеткенін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта бұл материалдар заңнама талаптарына сай дұрыс нұсқаларымен толық ауыстырылды. Жақын арада қоғамдық тыңдаудың жаңа күні жарияланады» деп жазылған.

Бұл дауға байланысты «Жас Алаш» Орал қаласының жер қатынастары мәселесіне жауапты орынбасары Азамат Халеловке хабарласты. Ол бұл жобаның әлі бекітілмегенін, бастапқы кезеңдегі тыңдалым екенін, барлық кемшілік дер кезінде түзетілетінін мәлімдеді. Халелов жобалаушы тарап бір уақытта бірнеше қаланың бас жоспарымен қатар жұмыс істегендіктен, материалдар шатасып, Орал құжатына басқа қалалардың бөліктері қате жүктелгенін айтты.
«Бұл жоспар 2023 жылдан бері жүргізіліп келеді. Бас жоспар әлі тапсырылған жоқ. Қоғамдық тыңдау жеті сатыдан тұрса, қазір үшінші сатысына келдік. Халықтың алдына шығарып талқылап, қоғам тарапынан берілген ұсыныстарды жинаймыз. Солардың кейбірін ескереміз, ескермесек не үшін ескерілмейтінін түсіндіреміз. Кейін дауысқа саламыз. Сондықтан бас жоспар әлі қабылданған жоқ. БАҚ беттерінде 250 млн теңге төленген деп айтып жатыр. Қаржы төленген жоқ, жоба толықтай қабылданғаннан кейін ғана төленеді. «ГРАДО» компаниясы бізбен бірге Қарағанды, Семей қалаларының да бас жоспарын жасап жатыр. «Техникалық қате» деп айтқан себебіміз, құжатта Оралға қатысты барлық есептеулер мен басқасы бар. Бірақ сайтқа салынғанда «ГРАДО-ның» маманы берген «черновой» нұсқа жүктелген. Оны біздің жауапты қызметкерлер де тексермеген. Аталған құжат сайтта екі аптадай тұрған. Енді қателік анықталғасын, дұрыс нұсқасы жүктелді. Көшіріп салды деген де жалған ақпарат. Егер көшірілген болса сайтқа шықпайтын еді, содан соң бас жоспар тек жазудан емес, түрлі топографиялық суреттерден тұрады. Топографиялық суреттің өзіне қазір 62 млн теңге жұмсалды. Геодезистердің жұмысына 100 млн теңгедей қаржы кетеді. Көбі көшіріп салды да 250 млн теңге алып кетті деген сөз дұрыс емес», – дейді әкім орынбасары.
Әрине, әкімдік ақталады. Бірақ сонау 2023 жылдан бері дайындалып келген құжат қалайша өтірік болып шыққаны бәрібір түсініксіз. Оны соншама адам отырып, бір адамның ашып қарамағаны тіпті қызық. Кінәсін жуып-шайғысы келді ме екен, қала әкімдігі осы жобаға жетекшілік ететін әкім орынбасары Азамат Халеловке сөгіс жарияланған. Ал арнайылап сұрағанда білгеніміз, құжаттағы олқылықтарға тікелей жауапты маман бұған дейін өз еркімен жұмыстан шығып кетіпті. Сонымен Қарағанды мен Семейден келген қазан жабулы күйінде қалған сияқты.
Ал жобалаушы компания – «ГРАДО» өкілдері де мұны «техникалық қателік» деп атады. Жобаның бас сәулетшісі Михаил Щербинин қателіктің бағдарламалық (механикалық) сипатта кеткенін мәлімдеп, белгілі дәрежеде кінәні құжаттарды әзірлеу кезіндегі адами факторға аударған. Біресе техникалық қателік, біресе адами фактор... Құжат дайындап, бір миды ашытқан компания ақталам деп тағы бас ауыртып жатыр.
«ГРАДО» қандай компания?
Аталған кәсіпорын осы салада ірі жобаларды жүзеге асырып жүр. 2001 жылы Алматы қаласында тіркелген. Директоры – Еркінжан Маметов. Құрылтайшылары – Еркінжан Маметов, Ришад Ибрагимов, Анна Болховитина, Антон Крихтов, Семен Крихтов. Былтырғы қаржы айналымы 10,4 млрд теңге. Төлеген салығы 200 млн теңгеге жуық. Мемлекеттен келісімшарттар алып, орындап тұрады.

Қоғамдық тыңдау барысында Орал белсендісі Данил Макатуха Азамат Халелов пен «ГРАДО» директоры Еркінжан Маметовке бірнеше сұрақ қояды: «3.2-бөлімнің екі бетінде Қарағандының жерлері сипатталған, ал Орал туралы бір ауыз сөз жоқ. Одан кейін – республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізімі: олардың үшеуі ғана Оралда орналасқан, қалғандары Семейде. Бұл ескерткіштерді Оралға көшіргелі отырсыздар ма? «Су қорғау аймақтары мен белдеулер» бөлімі – тағы да Қарағанды туралы. Олардың ЖЭО-дағы шөгінділері бір түрлі жолмен Оралға «ауысып кетіпті». Бұл қалай болғаны? Мұның Оралға қандай қатысы бар? Біз Қарағандымен бірігейін деп жатырмыз ба? – дейді.

Макатуха сөйлеп тұрған сәтте видеодан жобалау фирмасының директоры Еркінжан Маметовтің қолымен бетін жауып, басын салбыратып отырғанын анық көруге болады. Ішінен не ойлады екен, кім білсін...
Сырты Орал, іші Қарағанды мен Семей
Әкімдік «техникалық қателік» деп нені атағанын шынын айтқанда нақты түсіне алмадық. Егер Халелов айтқандай «ГРАДО» маманы құжаттарды шатастырып алған болса, ол бүтін бір бөлімі ретінде ауысып кетуі мүмкін еді. Ондай жағдайда ақталуға болады. Бірақ Орал туралы баяндап келе жатып бірден Қарағанды не Семейге «секіріп» кетуді құжат ауысып кетті деп айтуға келмейді. Мысалы, «Орал қаласының экологиялық жағдайын сипаттауды Қарағанды қаласын «шахтерлер қаласы» деп мойындаудан бастау маңызды» деген сөйлемді қалай қателік арқылы жүктелген деп ақталуға болады?
Содан соң Халеловтің «сайтқа салған маман тексермепті» дегенін де нақты ұға алмадық. Сонда қаланың бас жоспары сайтқа бір маман тексеріп сала қоятын жарты беттік пресс-релиз бе еді? Мұндай ауқымды жобаны алдымен бірнеше маман тексеріп барып, көпшілікке жария етпеуші ме еді? Бас жоспарды жобалау үшін бүтін бір команда жұмыс істемеуші ме еді? Бір сөзбен айтқанда, бүкіл бір облыста бүкіл бір облыс орталығының бас жоспарына бас ауыртып жүрген ешкім жоқ сияқты.
P.S. Жалпы, еліміздегі бас жоспарлар көбінесе формалды түрде жасалатыны жасырын емес. Соның салдарынан өңірлердің нақты проблемалары мен қажеттіліктері ескерусіз қалады. Мысалы, «Семей қаласының жаңа бас жоспарында тұрғын үйлердің 100 пайызы ауыз сумен қамтылған деп жазылған. Бірақ іс жүзінде олай емес екені белгілі» дейді отандық БАҚ-қа пікір білдірген Қазақстанның құрметті құрылысшысы Николай Исаев. Сонымен қатар Исаев Орал әкімдігінің уәжіне күмәнмен қарайтынын «бұл техникалық ақау емес – жемқорлық» деп есептейтінін де айтқан.
Басқасын айтпағанда, Нариман Төреғалиев басқаратын облыс орталығының бас жоспарынан Қарағандының «шахтерлар қаласы» деген атаудан бас тартып жатқанын біліп алдық...
Тұрсынбек БАШАР