Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:21, 03 Қазан 2024

Төреғожина ЕҚЫҰ-ны Айдос Садықовтың өлімі үшін Қазақстан билігінен жауап алуға шақырды

в
Фото: Азаттық

Қазақстан өз міндеттемелеріне қарамастан құқық қорғаушылардың, белсенділер мен журналистердің заңды жұмысын шектеу саясатын жалғастыруда. Бұл туралы Варшавада өтіп жатқан ЕҚЫҰ конференциясында қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина мәлімдеді, деп жазады Азаттық.

Варшавада адамзат өлшемі бойынша өткен конференцияда Ар.Рух.Хақ қоғамдық қорының президенті Бақытжан Төреғожина елде саяси қудалау күшейгенін, қудалаудың салдарынан елден кеткен белсенді Айдос Садықов Киевте қастандықтан қаза болғанын айтып, ЕҚЫҰ-дан Қазақстан билігін осы қылмысы үшін жауап беруге шақыруды сұрады, деп жазады басылым.

Құқық қорғаушы өз сөзінде Киевте қастандықпен өлтірілген Айдос Садықовтың қазасын тергеуге Қазақстан билігі мүдделі болмай отырғанын да жеткізді.

"[Белсендінің қазасынан бері] үш ай өтті, алайда Ақорда ЕҚЫҰ-ның өзге елінің аумағында қастандық жасалғаны туралы бар ақпаратты біле тұра үнсіз. Қоғамға, марқұмның жесірі Наталья Садықоваға, Украинаға аталған істің тергеуі туралы ешқандай ақпарат берілмей отыр. Қазір Украинада Наталья үш баласымен бірге қауіп төніп тұр. Біз Айдос Садықовты өлтіруге кім тапсырыс бергенін білгіміз келеді. Қазақстан неге өзге елде саяси оппоненттерін өлтіруге рұқсат береді? ЕҚЫҰ-дан Қазақстан билігін осы қылмысы үшін жауап беруге шақыруды сұраймыз" деді құқық қорғаушы.

Төреғожинаның айтуынша, қазір Қазақстанда 23 саяси тұтқын бар. Ел билігі "мемлекеттің мүддесін қорғау немесе терроризммен күрес" деген желеумен елдегі "өзгеше ойлайтындарды" қудалап отыр.

Қазақстанда қазір 23 саяси тұтқын бар. Бұрын белсенділерді қуғындағы Мұхтар Әблязовты жақтады деп айыптаған. Қазір билік жаңа нәрсе ойлап тапты – ешкім көрмеген "құпия" куәгерлердің айтқаны негізінде есірткі сақтады деп айыптау. Бұған дейін белсенді Асанәлі Сүйебаев есірткі үшін 10 жылға сотталды, Айдар Сыздықов 5 жыл түрмеге кесілді. Бұрын [белсенді] Мәлік Ахметқалиев сотталған. Ойдан құрастырылған айыптаулар бойынша журналист Думан Мұхаммедкәрім, Әйгерім Тілеужан, Махамбет Әбжан, интернетте жазба жариялағаны үшін Данат Намазбаев түрмеде отыр. Қазақстанда ондаған анонимді телеграм-арна бар, олар күн сайын шенеуніктер, кәсіпкерлер, саясаткерлер туралы тиісті ақпараттарды беріп отыр, ал жауапқа таңдап тартады" деді құқық қорғаушы.