Төрт спорт нысанының құрылысына 1,9 млрд теңге бөлінген
Елімізде 1998 жылдан бері құрылысшы мамандардың арнайы мерекесі атап өтіледі. Бүгінде тамыз айының екінші жексенбісінде құрылыс индустриясының мамандарын құттықтау дәстүрге айналған.
Мәселен, Алматы облысы аталған күні сала мамандарын марапаттап, арнайы шарада Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды. Облыс орталығы Қонаев қаласында өткен жиында құрылыс алаңында еңбек етіп, әртүрлі жобалармен айналысып жүрген құрылысшылардың бірнешеуіне Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы төсбелгісі тағылған.
Облыстың тыныс-тіршілігі мен экономикалық дамуында құрылыс нысандары мен жұмыстарының маңызы зор екені белгілі. Әсіресе Алматы облысы секілді жаңадан құрылып, облыс орталығын жасақтап, инвестиция тарту мен кәсіпкерлерді қолдауға ерекше мән беріп отырған өңір үшін жаңа жобалар аса қажет. Туризм объектілері мен тұрғындарды қамтамасыз ету, әлеуметтік институттарды қалыптастыру да осы тізімге кіреді. Сәйкесінше, қазіргі таңда аймақта жаңа тұрғын үй кешендердің, коммерциялық нысандардың және инфрақұрылымның құрылысы қарқын алған. Соның ішінде инвестициялар көлік желілерін және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, экономикалық өсуді ынталандыруға тырысып жатыр. Осы мәселеге қатысты облыстық баспасөз қызметі былай деп ақпарат таратты:
«Құрылыс индустриясы – экономиканың негізі. Жалпы, кез келген елдің экономикалық қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс индустриясының дамуымен тікелей байланысты. Бұл әсіресе Алматы облысына қатысты. Себебі баспанамен қамтамасыз ету, оған сай инженерлік және инфрақұрылымдық желілерді салу әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешудің алғышарты. Бұл орайда Алматы облысы құрылыс бөлімінің жылдық бюджеттік жоспары – 144,6 миллиард теңге. Осы жылдың бірінші тоқсанында 11 миллиард теңге игеріліп, оның 10 миллиард теңгесі нақты аяқталды. Атап айтарлығы, 2024 жылы төрт спорт нысанының құрылысына 1,9 млрд теңге бөлінді. Оған қоса, үш мәдениет ошағы салынып, осы жылы пайдалануға берілмек. Тағы мектеп салу, денсаулық сақтау саласына көңіл бөлу басты назарда».
Аталған жобалардың ішінде аяқталғандарына тоқталып өтер болсақ, жақын арада Райымбек ауданында жаңа медициналық нысанның құрылысы аяқталды. Енді ол пайдалануға берілмек. Бұл туралы ауданның бас дәрігері Руслан Көккөзов былай дейді:
«Соңғы есеппен Райымбек аудандық ауруханасына 28 512 тұрғын тіркелген. Аудан бойынша он дәрігерлік амбулатория, бес медпункт және төрт акушерлік пункт қызмет көрсетуде. Соңғы бес жылда, яғни аудан құрылғалы бері медицина саласына ерекше көңіл бөлінуде. Осы аралықта алты медициналық нысан пайдалануға берілді. Жаңа нысан да халық игілігіне жұмыс істейді деп күтеміз».
Еске сала кетейік, Алматы облысында Қазақстан Республикасы үкіметінің «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында алты ауданда 38 нысанның құрылысы мақұлданған. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» жобасы да бар. Республикалық деңгейде жүзеге асып жатқан ұлттық жоба аясында Алматы облысында 53 мектеп салынады деп жоспарланған. Өз кезегінде үш ауысымды, апатты жағдайдағы немесе кабинет жетіспейтін мектептерді азайтып, балаларға қолайлы орта жасап, білім сапасын арттыруға арналған жоба көп, уәделер беріп отыр. Ал аталған өңірде 54 600 балаға орын әзірленбек. Осы жөнінде облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов тарқатып айтып берді:
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Алматы облысы өз бағдарламасын әзірлеп, жұмыстарға кірісіп кетті. Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай, Талғар аудандары мен облыс орталығы Қонаев қаласында 54600 оқушыға арналған 53 білім ошағы салынады. Қазіргі уақытта 2023-2024 жылдары басталған 24 900 орындық 26 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі есеппен барлық нысандардың мердігері бар және құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтамады. Облыс әкімдігі жобаға 1,9 миллиард теңге қарастырды. Ал жалпы шығын – 5,9 млрд теңге. Нысандарды ұдайы тексеріп, қадағалап отырмыз. Бүгінде 26 жоба сараптамадан өтіп, оң қорытындыға ие болды. Келер 2024-2025 жылдарға арналған жоспар бойынша, 29 700 орындық 27 жаңа мектептің құрылысы басталады. Олардың жобалық-сметалық құжаттары сараптамаға жіберілді».
Бұдан бөлек, облыс орталығындағы құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Осыған дейін Қонаев қаласының 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының жоспары әзірленген. Онда 189 құрылыс нысаны бар. Аталған кешенді жоспарды орындау басталып та кеткен. Осы жобалардың бәрін жүзеге асырып, қала мен даланың сәнін де, салтанатын да келтіріп жатқан құрылысшы мамандар. Бір қарағанда ішкі жұмысын түсіне де бермейміз. Алайда дәл құрылысшылардың сапалы жұмысы мен шеберлігі, жеделдігі әлеуметтік нысандардың нәтижелілігіне әсер етеді. Негізінен құрылысшы – әртүрлі мақсаттағы ғимараттарды салуға және абаттандыруға байланысты мамандықтардың жалпы атауы. Олар өз арасында тас қалаушы, бетоншы, сылақшы, бояушы, құрылыс шебері-ағаш ұстасы, тасшы-қаптаушы, монтаждаушы, 2 разрядтан төмен емес аралас жұмысшы деп бөлінеді екен. Құрылысшыға ең әуелі көзбен шамалау дәлдігі, жауапкершілік, ұйымдастырушылық қабілеті, шеберлік, тиянақтылық секілді кәсіби дағдылар қажет. Күрделілігіне қарамастан, бұл мамандық өте танымал, алдыңғы қатарда. Оларды «адамзат өркениетінің бастауындағы мамандар» деп те атап жатады. Содан болар, қалалық мәдениет дамып, урбанизация қарқын алған мына дәуірде құрылыс компаниялары мен құрылысшылардың қоғамдағы маңызы артуда.
Ақжол Мейірбек
Алматы облысы