Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:30, 02 Тамыз 2023

Төрт тарихшы және ұлттық сана

None
None

Ұлт руханиятының тамырлы тарихына ден қойсақ, мемлекетшілдік пен бірегейлік бағытындағы батыл қадам, оң көзқарас пен іргелі ізденістерге көз жеткізер едік.

Арғы арналардағы елшілдік ұстаным, азаттықты аңсаған ата-бабаларымыздың ерлік шежіресі, тәуелсіздік жолындағы арман-аңсарлар, сөз жоқ, ұлттық санадағы мемлекетшілдік пен бірегейлік мәнін арттыра түседі. Биылғы мемлекеттік сыйлыққа Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті атынан ұсынылып жатқан – «Ұлттық санадағы мемлекетшілдік пен бірегейлік: тарихи және әдеби зерттеулер» атты ғылыми еңбектер циклі, оның авторлар құрамы (М.Қойгелдиев, Т.Жұртбай, Е.Сыдықов, Д.Қамзабекұлы) ел тарихы мен оның даму үрдістерін іргелі ізденіс пен ерен еңбекке негіз еткенін, жаңашыл бағыт, оң көзқарас ұстанғанын, қоғам тынысы мен заман шындығы, адам мұраты мен уақыт рухын терең сезінгенін айқын аңғаруға болады.

Авторлар құрамының бастапқы бөлігінен орын алған – академик Мәмбет Қойгелдиев Жаңа Қазақстан тарихын, ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметтерін, Алаш арыстарының өмірін («Алаш қозғалысы», «Движение Алаш», т.т.) деректік-құжаттық тұрғыдан жүйелі қарастырды. Айталық, «Алаш қозғалысы» атты екі кітаптан тұратын монографиясы – Қазақ ұлт-азаттық – Алаш қозғалысын кең түрде қарастырады (2008, 2017). Тарихшы-ғалымның 2019 жылы шығарған «Қорғансыздың күнін кешкендер» атты монографиялық зерттеу еңбегінде алаштық буын қаламгерлердің советтік кезеңдегі қайғылы да, талайлы тағдыры да жан-жақты баяндалады. Ал 2020 жылы шыққан «Қиянат анатомиясы» Кеңестік-большевиктік билік жүйесінің Қазақ жеріндегі алғашқы он-он бес жылдағы қызметін талдауға алу тұрғысынан жазылғаны анық. Зерттеуші бұл ғылыми мәселені құпия архив қорларында сақталып келген құжаттық материалдар негізінде еңсерген. Тақырыптың қайталанбас ерекшелігі де осы қырынан туындайды. Бастысы, автор елдік миссияны, бірегейлік философиясын терең танып, оны ұлт тарихы мен құндылықтары аясында кең түрде көрсетеді.

Ал профессор Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық өмірі мен  көркемдік әлеміне ден қойсақ, ұлттық сөз өнерінің көптеген жанрлары бойынша іргелі ізденістер жасап, бұл бағыттарда елеулі еңбектер атқарғаны, сүбелі үлес қосқаны көрінер еді. Олардың өзі ізденіс арналары тұрғысынан бірнеше бағыт, салаларды құрайды. Айталық, қазақ әдебиетіндегі іргелі жанрлар – әңгіме, повесть, романдар бойынша – «Бесқарагер» (1982), «Дара тұлға» (1984), «Жер-бесік» (1985), «Абай алдында» (1987), «Бесігіңді түзе» (1997), «Бір уыс жусан» (2009), әдеби-көсемсөз, сын саласында – «Сүре сөз» (2005), «Мәңгілік аңсар» (2010), «Жансар» (2011), ғылыми-зерттеу бағытында – «Бейуақ» (1990), «Дулыға» (1-2 том, 1994), «Талқы» (1997), «Күйесің, жүрек сүйесің...» (2001), «Бесігіңді түзе!..» (2002), «Құнанбай» (2004), «Ұраным – Алаш!» (2007), «Біртұтас Алаш идеясы», «Мәңгілік аңсар» (2014), оқу-ағарту ісінде – «Сөз мәдениеті» (2001), «Әдеби шығармашылық» (2002), т.с.с. еңбектерінен шығармашылық ізденіс, көзқарас пен қолтаңба кең көлемде танылады. Зерттеу мен зерделеу ісі айқын аңғарылады. Бастысы, әрине, тақырыпқа адалдық, ізденіс іздерінің сонылығы, дәйек-дерек Һәм өмір материалын жіті зерттеп, жүйелі саралап, байыпты байлам, тың тұжырымдар жасайтыны терең танылады. Елдік мүдде, Алаш мұраты, ұлттық рух, рухани тәуелсіздік, көркемдік ой-сана, өркениет өрісі, тарих пен таным, талап пен талғам кең орын алады. Т.Жұртбайдың ізденіс арналары мен көркемдік жүйесінен, зерттеу нысаны мен ұстаздық Һәм  ғалымдық қырларынан:

— Абайдың ақындық таланты мен тағылымы («Абай алдында», «Күйесің, жүрек… сүйесің», «Құнанбай»;

— М.Әуезовтің шығармашылық мұрасы мен көркемдік мұраттары («Бесігіңді түзе!..», «Талқы», «М.Әуезовтің шығармашылық өмірі мен көркемдік әлемі»;

— Алаш идеясы мен тәуелсіздік мәселесі айқын аңғарылады         («Ұраным – Алаш!»);

— Біртұтас Алаш идеясы, тәуелсіздік мұраттары мен мәңгілік арман-аңсарлар айқындалады («Біртұтас Алаш идеясы», «Мәңгілік аңсар»).

Маңыздысы,  өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап Әуезов, Абай, Алаш және олардың әдеби мұраларындағы елдік сарын, ұлттық бірегейлік, мемлекетшілдік сана, тарихи тұлғалар әдеби үдеріс тақырыптарын ғылыми-шығармашылық тұрғыдан қарастырды. Бұдан басқа «Бесігіңді түзе!..» монография-эссесі мен «Безвременье. Трагедия восстания в Семиречье» (Литературно-историческое исследование повести Мухтара Ауэзова «Лихая година»), «Дәрілқарап (Абайдың сыртқы әлемі: әдеби-салыстырмалы талдау)» атты кітаптары елдік мүдде, бірегейлік бағытты терең танып-талдаған, әрі тұтастай зерттеу кешенін құрайды.

Ғалым-жазушы Т.Жұртбайдың «Бесігіңді түзе!..» монография-эссесі қазақ халқының ұлы жазушысы – Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық психологиясының қалыптасу кезеңдерін зерттеуге арналған еңбек. Мұнда оның маңызды көркем шығармаларын жазу тарихы мен оларды жазудың тарихи себеп-салдары, көркемдік кеңістік пен уақыт, ұлттың тарих пен көркем шындық арасындағы өмір сүру қағидаттары мақсаттары айқындалған. Бұдан басқа, жазушының өз кейіпкерлерімен нәзік психологиялық байланыстары, Құнанбай мен Абай сияқты тарихи тұлғалардың бейнелеріне байланысты деректі куәліктер, «Абай жолы» роман-эпопеясындағы көркем образдар арасындағы жан-жақты өзара байланыстар талданады, онда қазақтардың ұлттық сана мен бұрынғы мемлекетшілдік бағыттағы іс-әрекеттері арқылы бейнеленген. Ал «Безвременье. Трагедия восстания в Семиречье» (Литературно-историческое исследование повести Мухтара Ауэзова «Лихая година») атты кітабы орыс тіліндегі басылымның айрықша ерекшелігі М.Әуезовтің «Қилы заман» повесінде баяндалған Жетісудағы 1916 жылғы қайғылы оқиғалардың шынайы бейнесін қалпына келтіретін Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Орталық мұрағатының қорларынан алынған аса құнды мұрағат материалдарынан және басқа да маңызды тарихи және әдеби айғақтардан тұратын кітаптың ғылыми аппараты толық қалпына келтірілген. Зерттеуде тарихи оқиғаның хронологиялық реттілігі сақталып, көркем мәтіндегі оқиғалар желісі архивтік материалдар, эпистолярлық мен өмірбаяндық мәліметтер арқылы расталып, салыстырмалы талдау жасалғаны анық көрінеді. Жетісу қазақтары мен қырғыздарының ұлттық сана-сезімінің деңгейін, олардың отарлық жазалау шараларына қарсы тұрудағы ынтымақтастығын көрсету мақсатын көзделеді. Сондай-ақ «Дәрілқарап (Абайдың сыртқы әлемі: әдеби-салыстырмалы талдау)» кітабы Абай Құнанбайұлының жиырма бесінші қара сөзін жан-жақты және сан-қырлы зерттеуге және талдауға арналған. Осы 25 сөз контексінде ақын болашақ ұрпақтың ағарту мен білім беру мәселелерін аясында қарастырған кезде ұлттық санадағы мемлекеттілік пен бірегейлік мәселелеріне қатысты өз ойлары мен пайымдауларын айтады және теологиялық-тарихи-әдеби талдау жасалды. Бұл еңбек Абайдың жекелеген қара сөзін терең және егжей-тегжейлі зерттеген сирек еңбектердің бірі болып табылады. Жұмыста ақынның 25 сөзі талданып, түсіндіріліп қана қоймай, сол кезеңдегі мемлекетшілдік пен ұлттық бірегейліктің болуы мүмкін проблемаларын, сонымен қатар қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлері жағдайында Абай мен оның ізбасары – Алаш идеяларын, дін және тілдердегі түйткіл мәселелерді шешуге қолдануға болатын мүмкіндіктері көрсетіледі. Мемлекеттік сана-сезімді ояту үшін, мемлекеттік сана-сезімді жастарымызға сіңіру үшін тарихи сана-сезімді қалыптастыру керек. Тарихи сана-сезім – Абай мұрасы мен М.Әуезов арқылы жеткен Алаш аманатына байланысты терең ой-пікір зерттеушінің түйінді сөзінің өзегін құрайды. Өйткені Т.Жұртбай зерттеген тақырыптардың өзегінде – мемлекеттігіміздің, мемлекеттік шекарамыздың, мемлекеттік тіліміздің, ұлттық сана-сезіміміздің фундаменті жатыр. Жалпы, біз отаншыл, мемлекетшіл, ұлт мүддесін көздейтін ұрпақ тәрбиелейміз десек, Т.Жұртбай шығармаларымен жақын танысуымыз керек. Идея дегеннің қайда жатқанын, мемлекетшілдік дегеннің қайда жатқанын, ұлт зиялысы дегеннің кім екенін және оның қандай болу керек екендігін осы еңбектер арқылы айқын көреміз. 

Бұдан басқа, академик Ерлан Сыдықовтың «Российско-казахстанские отношения на этапе становления тоталитарной суперэтнической державы» монографиясы (2010), «Жамбыл» атты ғылыми-танымдық еңбегі (2015), «Құнанбай әулетінің тарихы» (2021) мен «Ахмет Байтурсынов – учитель нации» тарихи-мемуарлық (2022ж.) кітаптары мәнді болып табылады.

Бұл еңбектер - «Қазақтану-Тұлғатану» арнасындағы зерттеу нысандарын  жаңа көзқараста зерделеудің ғылыми негіздерін беру жолында игілікті қызмет етері анық. Тарих ғылымын заманауи трансформациялау, зерттеудің жаңа басымдықтары мен бағыттарын таңдау, іргелі және ғылыми-танымдық жұмыстардың сериясын шығару – ғалымның негізгі концептуалды ұстанымы және бірінші кезектегі нақты қадамдарының кредосына айналды.

Бұл кітаптардың бәрін бір арнаға түсірген тақырып – ең алдымен, ұлт тарихының заманауи байланыстығын көрсету, екіншіден, тарихи кезеңдегі ұлт-азаттық идеясы жолындағы ұлт зиялыларының қайраткерлік келбетін айшықтау және олардың ұлт үшін сындарлы замандағы тағдырларын тарихи деректермен дәйектеу, үшіншіден, авторлық тың көзқарастар, пайымдаулар мен тұжырымдар, төртіншіден, гуманитарлық ғылымдар контексінде жаңа ғылыми ізденісті зерттеулерді жүйелендіру және бесіншіден, қазіргі тәуелсіз Қазақстан елі азаматтарының тарихи санасын қалыптастыруда, отансүйгіштікке баулуға, тағылым-тәрбиелік мәні зор ғылыми-танымдық жұмыстар атқарудың бастамасына ұласқан үдерістер деуге толық негіз бар.

Академик Дихан Қамзабекұлының қосқан үлесі – үш зерттеу кітабы. Олар: 1)  Алаштың рухани тұғыры. – Астана: «Ел-шежіре» баспасы, 2008. – 360 б.; 2)  Алаш арқауы. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» баспасы, 2017. – 408 б.; 3) Түркі алқасы. – Нұр-Сұлтан: «Алашорда» қоғамдық қоры, 2021. – 392 б.  

«Алаштың рухани тұғыры» кiтабында Д.Қамзабекұлы «Дара ағартушылар кезеңі және Алаш байыптамасы», «Отарланған аймақтағы рухани саясат», «Ұлт руханиятының исламдық бастауы», «Қазақ жәдитшілдігінің негізі», «Рухани жүйелілік жолындағы күрес», «Милләт тағдыры – жыр арқауы», «Алаш үні һәм әдеби-көркемдік темірқазықты анықтау», «Төңкерістен кейінгі рухани қалып», «Алашшыл «Алқа» ұйымының қилы тағдыры» атты тоғыз тарау аталған кезеңге байланысты тың деректерді, қисынды тұжырымдарды ғылыми орта талқысына салады.

Академик Д.Қамзабекұлы «Алаш арқауы» атты кітабында Алаш тақырыбы мен ұлт зиялылары тағдырын байланыста зерттеудің басым бағыттарын көрсетеді. Олар: 1) Алаштанудың тарихи-танымдық бағыты. Мұнда қаралатын негізгі мәселелер: Алашқа қатысты маңызды, тың мәліметтерді, дереккөздерін табу, жүйелеу және кешенді зерделеу; оларды жаңа көзқарас тұрғысынан мұқият зерттеу. Сонымен қатар ХХ ғасыр басындағы ұлт оянуын әлемдік саяси  үдерістер аясында қарау маңызды. 2) Алаштанудың тілдік-әдеби зерттеулер бағыты. Бұл бағыт бойынша Алаш кезеңінің көркемөнері мен тіл-әдебиет зерттеулері ғылым зәруліктері тұрғысынан зерделенеді. Түркі дүниесі рухани дамуындағы ұлт тілі, ұлт әдебиеті ерекшелігі зерделенеді. 3)  Алаштанудың дүниетаным, діни ұстаным, мәдениеттану бағыты. Бұл бағытта философия, психология, дінтану мәселелері жәдитшілдік және түрікшілдік және ортақ тарихи-мәдени кеңістік аясында зерттеледі. 4) Алаштанудың стратегиялық зерттеулер бағыты геосаясат, қауіпсіздік мәселелері, шектес ел мен шетел ықпалдастығы, қарама-қарсылығы, өзара байыптамалары тұрғысынан байыпталады.       

«Түркі алқасы» кітабы отандық тарихымыздың жарқын бетi ХХ ғасыр басындағы түркі жаһаттастығын, рухани ынтымақтастығын зерделеуге арналған. Еңбектің асыл арқауы – Түркі мұраты, жәдитшілдік және Алаш.  Мағынасына ұлт және бірлік рухын сыйдырған осы ұғымдардың руханияттағы әлпетiне де күрескерлiк, риясыз iзденiс тән. Түркі алқасының басты сипаты – ағартушылық, имандылық және азаттық.

Сайып келгенде, Ұлт мұратына адалдық танытып, мемлекетшілдік пен бірегейлік миссиясына қызмет еткен, бірлік-берекеге басымдық берген елшіл-қоғамшыл азаматтар есімі мен еңбегі қашан да халық жадында, тарих бедерінде, даңқ тұғырында тұрады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұсынған – «Ұлттық санадағы мемлекетшілдік пен бірегейлік: тарихи және әдеби зерттеулер» атты ғылыми еңбектер циклі (Авторлар: М.Қойгелдиев, Т.Жұртбай, Е.Сыдықов, Д.Қамзабекұлы) «Гуманитарлық ғылымдар саласындағы А. Байтұрсынұлы атындағы Мемлекеттік сыйлыққа лайықты деп білем.

Рақымжан Тұрысбек

филология ғылымының докторы, профессор

Тегтер: