Төрт жыл зерттеп, түк талап ете алмайтын депутат

«Жас Алаш» жазған мәселе мәжілісте алғаш рет көтерілді
Қазақстанда криптонарықтың күрделеніп кеткені, құзырлы органдардың бейқамдығы кесірінен былығып жатқаны жайында «Жас Алаш» талайдан бері жазып келеді. Қоғам өкілдері жағдайды ашық айтып, құзырлы органдарға шағымданып келе жатса да сең қозғалатын түрі көрінбейді. Себебі Қазақстан заңына бағынбайтын жаһандық биржалар ел аумағында тіршілігін еркін жүргізіп отырғанда, нарық туралы айту қиын.
Бұл саладағы былықты білетін сарапшылар «көрмес түйені де көрмес» дегендей, құзырлы органдар не салғырт қарайды, не жағдайды түсінуге өресі жетпейді дейді. Екінің бірі. Осылай деп жүргенде көптен қордаланған осы түйткіл күтпеген жерден мәжілістің соңғы отырысында алғаш рет көтерілді. Заң шығарушы органымыздың осы саладағы білгірі ретінде танылып жүрген депутат Екатерина Смышляева Қазақстан аумағында лицензиясыз жұмыс істеп жатқан жаһандық криптобиржалар туралы айтты.
Біз күтпеген депутаттық сауал
Депутат ханымның айтуынша, саланың қазіргі жағдайына талдау жасап, бірқатар жүйелі мәселені анықтаған. Мәселен, жаһандық биржалар ресми түрде тыйым салынғанына қарамастан, бұл тыйым әкімшілік деңгейде реттелмей келеді. Естеріңізде болса, «Жас Алашта» осы тақырыпта алғаш рет былтыр 6 маусымда 44-санында «Заңсыз криптобиржалар. Мәдиев министр болғанда Binance неге қуанды?» деген мақаламыз жарияланған еді. Содан бергі заңға бағынбайтын жаһандық биржалардың жөнсіз әрекеті жайында жазған әлденеше мақаламызда айтып өткенбіз.
Екатерина ханым қазақстандық пайдаланушыларды жаһандық криптобиржалардан лицензияланған платформаларға көшіріп, кейіннен олардың лицензиясыз ресурстарға қолжетімділігін шектеу қажет екенін мәлімдеді. Бұл екі мәселеден бөлек, қылмыстық іс қозғауда негізгі назарды қарапайым қолданушылардан гөрі, заңсыз әрекетте мұрындық болғандарға аудару қажеттілігі сынды тағы бірер сөзі орынды шықты.
Сөзі мен ойын сабақтап, мәжілісте неге енді ғана көтеріп отырғанын өзінен сұрап білмекші болдық. Өзінің айтуынша, ол бұл мәселемен төртінші жыл қатарынан айналысып келеді. Алайда төменгі палатаға жайғасқалы бергі бүкіл депутаттық сауалының арасынан бұл жөнінде бірде-бір сауалын таппадық.
Сол секілді, неліктен жаһандық биржалардың сайтын бұғаттауды министрліктен талап етпейтініне қатысты да тұшымды жауабы жоқ. Есесіне, талап ету құзырына кірмейтінін айтады. Мұндай парадоксты біздің мәжілістен ғана көруге болатын шығар. Мәселе көтереді әрі ол мәселенің қайдан шығып отырғанын да біледі. Бірақ соған тыйым салуды талап етуге келгенде тайғанап кетеді. Атын атап, түсін түстемеген соң, депутаттық сауалының не мәні қалды? Оның орнына мұндай сұрақтарымызды реттеуші органдарға қоюға сілтеп құтылды.
Күмәнді деректерге көз жеткізіп алса қайтеді?!
Хош, жауап бере алмаса, амалымыз жоқ. Ендеше, депутаттың үкіметке жолдаған сауалының мазмұнын талдайық. Өз сөзінде халықаралық ұйым мәліметіне сүйеніп, Қазақстан аумағында цифрлық активтер айналымының 15 млрд долларды құрайтынын айтты. Бірақ осы жерде шалыс кеткенін біле ме екен?! Өйткені айтып отырғаны – Қазақстан аумағына сырттан кірген цифрлық активтердің көлемі ғана. Оны бүкіл нарық айналымы деп айтуға болмайды. Одан соң, логикаға салсақ, кіріспен бірге шығысы да болуы керек әрі шығатын активтердің көлемі де шамамен осындай болуы мүмкін. Сондықтан былтырғы цифрлық активтер айналымын 15 емес, шамамен 30 млрд долларға бағалау керек болар. Бұл 15 млрд доллардың 83%-ы орталықтандырылған биржалар арқылы өткенін бұдан бұрынғы сандарымызда жазған болатынбыз.
Депутат ханым сол орасан миллиардтаған қаржы айналымының ішінде тек 1,5 млрд-ы ғана лицензиясы бар биржаларда айналып жатқанын келтірді. Мұнысын Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ұсынған ресми дерекке сүйеніп айтқанын түсініп отырмыз. Алайда осы 1,5 млрд доллар деген мәліметтің өзі қайдан шықты?
Мынаны қараңыз. Әлгі АХҚО былтыр желтоқсанда 2024 жылы цифрлық актив қызмет көрсетушілерінің сауда-саттық көлемі 800 млн доллардан асқанын жариялайды. Үш айдан соң 6 наурызда жариялаған жаңалығында өткен жылды 800 млн емес, 1,4 млрд доллармен қорытындылағанын жазады. Көрсеткіштің аяқасты 600 млн долларға көбейіп кеткені бәрімізге жұмбақ. Бірақ мұндай күмән-күдікке қарап жатқан Смышляева жоқ. «Төрт жылдық тәжірибесіне» қарамастан, берген мәліметті асығыс жұта салып, мәжіліс төрінде сөйлеп отыр.
Криптонарық сарапшысы Дәурен Қарашевтің айтуынша, цифрландыру министрлігі мен АХҚО бүгінге дейін лицензияланбаған криптовалюта биржаларын бұғаттау бойынша бірқатар шаруаны жүзеге асырған. Мәселен, 2023 жылы цифрландыру министрлігінің бастамасымен ең ірі халықаралық сауда алаңдарының бірі – Coinbase лицензиясының болмауына байланысты бұғатталған. АХҚО лицензиясын алмаған көптеген танымал криптобиржаға осыған ұқсас шаралар қолданылған. Алайда Binance.com және Bybit.com платформаларының еш бұғатталмағаны түсініксіз. Бұл платформалар лицензиясының жоқтығына қарамастан, Қазақстанда да, әлемде де еркін жұмыс істеп, ең танымал криптобиржалар қатарында қалып отыр.
Әшейінде ауыз жаппас...
Екатерина Васильевна өз сауалында қазақстандық пайдаланушыларды жаһандық криптобиржалардан лицензияланған платформаларға біртіндеп көшіру керектігін айтады. Көшіріп алған соң, оларды лицензиясы жоқ ресурстардан түбегейлі айыру қажет деген ұсыныс тастайды. Дәурен Қарашевтің сөзінше, мұндай тәсіл қолданыстағы заңнамаға қайшы келеді. Өйткені заң криптоактивтер бойынша қызмет көрсететін барлық лицензиясыз платформаны дереу бұғаттауды талап етеді. Ендеше, мұндай платформаларға Қазақстанда қызметін жалғастыра беруге және ондағы қолданушыларды ресми биржаға «миграциялауға» неліктен ерекше жағдай жасалу керек? Сөйте тұра осы биржаларда сауда жасаған қазақстандықтар қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр. Бұл қаншалықты әділетті?
«Бұл мәселенің логикалық және әділетті шешімі – азаматтарымыз мұндай платформаларды білместікпен пайдаланғандықтан оларды жауапкершіліктен босатып, уақытша криптоамнистия енгізу керек. Бұл шара қазақстандықтарға өз активтерін жаһандық биржалардан лицензияланған платформаларға аударуға мүмкіндік берер еді. Ал заңсыз платформалар бірден бұғатталуға тиіс, тек қаражатты шығару үшін техникалық мүмкіндік қана қалдырылуы керек», – дейді Дәурен Қарашев.
Глобалды криптобиржаларды Қазақстан аумағында лицензиясыз қызмет атқарғаны үшін жауапқа тарту мәселесі көптен айтылып жүргенімен, әлі күнге сең қозғалмай отырғаны түсініксіз. Мысалы, Өзбекстанда Binance заңсыз жұмыс істегені үшін айыппұл төлеп, кейіннен лицензия алып, қызметін заңдастыруға мәжбүр болды. Былайша айтқанда, өзбектер әлемдік биржаны сабасына түсірді. Ал Қазақстанда бір емес, екі бірдей жаһандық биржа (Binance.com және Bybit.com) еркін жұмыс істеп отырса да мұндай шара қолданылмай келеді.
«Франция және Үндістан секілді елдер аталған биржаларға қатысты қатаң шара қолданғаны белгілі. Сол екі биржа арқылы есірткі саудасынан түскен табыстарды қоса алғанда, қомақты қаражаттың жымқырылатыны ешкімге жасырын емес. Аталған елдердің құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп, осындай жайттарды анықтады. Алайда бұл мәселе қазақстандық депутаттардың назарынан тыс қалып отыр. Депутаттардан капиталды елге қайтару туралы үнемі естиміз. Бірақ қаражаттың негізгі бөлігі Binance.com және Bybit.com арқылы шығарылады. Осыған келгенде бәрі үнсіз», – дейді Дәурен Қарашев.
Тек тап осы мәселеге келгенде көсіліп сөйлеудің орнына Екатерина ханым неге екені белгісіз, сөзге сараң бола қалады. Сондықтан ғаламдық биржалар бұғатталмай, Смышляева секілді депутаттардың криптоинвесторларды жергілікті биржаларға көшіру жайында айтып отырғаны ақылға қонбайды.
Ербол Тұрымбет
Астана