Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:16, 08 Шілде 2022

Төрт жылда бюджет 4 есеге өсті

None
None

Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов жуырда елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өзінің отставкасына қатысты сұраққа жауап берді.

— Мұндай шешімді мемлекет басшысы қабылдайды. Қалай шешеді, солай болады, мен қызметтен жақын арада кететінім туралы қауесет естімедім, – деп жауап берді мегаполис басшысы.

Әйтеновтің айтуынша, республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған 4 жыл ішінде Шымкентте өнеркәсіп өнімінің көлемі 60 пайызға, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 30 пайызға, қала бюджеті 4 есеге өскен. Қалаға 1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Биыл қалаға жарты триллионнан астам инвестиция тарту жоспарланған. Инвестиция тарту бойынша Шымкент 2021 жылдан бері өңірлер арасында көш бастап келеді.

  • Сонымен бірге мегаполисте 2,6 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, оның 1 миллионы өткен жылы берілді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Ал қала бюджеті 146,2 миллиард теңгеден 573,7 миллиард теңгеге дейін артты. Осы уақыт ішінде 673,4 шақырым жол жөнделді. Бұл алдыңғы 8 жылмен бірдей, – деді М.Әйтенов.

Қалада 2 жолайрық құрылысы салынып жатыр. Биыл Рысқұлов-Қонаев жолайрығы толық пайдалануға беріледі. Арғынбеков-Бәйдібек би жолайрығының құрылысы басталды, келер жылы аяқталады. 2025 жылға дейін 3 жолайрық, 2 транзиттік айналма жол, А-2 автомобиль жолын қайта құру және Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылады. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі осы жылы 64,7 пайызға, 2025 жылы 79 пайызға жетеді. Ал әуе көлігі жолаушыларына ыңғайлы жағдай жасау үшін жеке инвестор есебінен әуежайға жаңа терминал салынып жатыр. Құрылыс аяқталған соң, жолаушыларды өткізу қабілеті сағатына 200 адамнан 2000 адамға дейін өседі.

Шымкенттегі елді мекендердің инфрақұрылымын шешу кезең-кезеңмен жүзеге асуда. Қазір мегаполисте үш елді мекен ауыз суды кестемен қолданады. Биыл 8 нысанның құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде қамту деңгейі 98 пайыздан 99 пайызға артады. Жоспар бойынша 2023 жылы ауыз су мәселесі толығымен шешіледі. 

Қалада 81 тұрғын алап пен шағын аудан бар. Оның 62-сі кәрізбен қамтылмаған. Қолданыстағы шайынды су тазарту кешенінің қуаты жетпей жатыр. Осы жылы 7,3 миллиард теңгеге 19 нысанның құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде кәріз жүйесімен қамту деңгейі 54 пайыздан 60 пайызға жетеді. Даму жоспары бойынша 2025 жылы кәрізбен қамту көрсеткішін 75 пайызға жетпек. 

Ал 8 елді мекенде электр энергиясының сапасы төмен. Биыл 16 нысанның құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде қамту деңгейі 97 пайыздан 99 пайызға жетеді. Халықты сапалы электрмен қамту мәселесі 2025 жылы толығымен шешіледі. 

Биыл газбен қамту бойынша 6 миллиард теңгеге 18 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде қамту деңгейі 93 пайыздан 94,7 пайызға артады. Табиғи газбен қамту мәселесі 2025 жылы толық шешіледі.

 Осы аптада Шымкентте Д.Қонаев даңғылының жалғасы көлік қозғалысы үшін ашылды. Бүгінде аталған нысанда құрылыстың үшінші кезеңі жүріп жатыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Қонаев даңғылының құрылысын бақылап, жұмыс барысын тексерді.

Д.Қонаев даңғылы қаладағы көлік ағыны жоғары магистралды жолдың бірі. Қазіргі сәтте құрылысы аяқталмаған даңғылдың Терешкова көшесінен Бекет көшесіне дейінгі аралығы көлік ағынын оңтайландыру үшін іске қосылып отыр.

Тегтер: