Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:36, 10 Сәуір 2022

Төтенше жағдай «бейбіт күннің батырларын» қалыптастырады

None
None

Батыр десе көз алдымызға соғыста ерлік көрсеткендер елестейді. Алайда көзсіз ерлік, батырлық әрекет тек соғыста ғана болмайды.

Бейбіт заманда да оқыстан орын алған төтенше жағдай кезінде ойланып тұрмастан, әрекет етіп батылдығымен көзге түсетін бейбіт күннің батырлары жетерлік. Әсіресе жалындаған өртке, тасыған суға, табиғаттың қатал мінезіне қарамастан төтеп беріп, төтенше жағдай кезінде ерекше әрекетімен көзге түскендерді елеусіз қалдырмау парыз! Атап өтер жайт елімізде төтенше жағдай кезінде адамдарды құтқаруға ұмтылып, мемлекет тарапынан марапатталған қарапайым халық  жетерлік.

Өйткені «апат айтып келмейді». Аяқ асты төтенше жағдай қалыптасып, қандай да бір табиғи, не болмаса техногендік апат орын алған жағдайда көзсіз әрекетке баратындардың әрекеті ерлікпен тең! Төтенше жағдайға жауапты арнайы құтқарушылар болғанымен төтенше жағдай кезінде әр минут қымбат, әр уақыт маңызды. Сондықтан «құтқарушылар қашан келеді» деп қарап тұрмастан ең жақын жерден көмекке ұмтылып, құтқарушылардан бұрын әрекет еткендердің ерлігін елеп, басқаларға үлгі етіп отыруымыз керек.

Осы орайда атап өтер жайт, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізде төтенше жағдайлардың жиі кездесетініне ерекше тоқталып, олардың алдын алу үшін арнайы құзырлы орган қажет екенін атап өткен болатын. Сөзбе сөз келтірсек «Ішкі істер министрлігі құрылымын қайта қарап, оны саладан алшақ міндеттерден арылту керек. Бұл маңызды ведомство жұмысының тиімділігін арттырады. Біздің табиғи жəне техногенді апаттар дəуіріне қадам басқанымызды ескеріп, Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру қажет деп санаймын», деген еді. Бүгінде Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылып, еліміздегі төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында көптеген жұмыстар атқарып жатыр.

Сәйкесінше министрлік атынан «бейбіт күннің батырлары» саналатын, төтенше жағдай кезінде ерекше әрекетімен көзге түскендерді марапаттау жұмыстары да жолға қойылуда. Мәселен кеше ғана Ақтөбе қаласында арыққа құлап, ағып кете жаздаған қызды құтқарғандар марапатталды. Еске сала кетсек 31 наурыз күні аталмыш қалада қар суының еруі салдарынан су тасқыны орын алып, 12 жасар қыз арыққа құлап кеткен болатын. Ағыстың қатты болғаны соншалық, кішкентай қызды су тасқынынан бір топ ер адамның жабылып жүріп, әзер құтқарған видеосы әлуметтік желілерде кең тараған болатын. Осы оқиғаға орай арыққа құлап, батып кете жаздаған қызды құтқарғандар марапатталып, Төтенше жағдай министрінің атынан алғыс хат пен ақшалай сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда Ерболат Құлжігітов, Евгений Зелевский, Альберт Дедусев, Юрий Лысенко, Алексей Ступенко секілді бір бірін танымайтын, алайда төтенше жағдай кезінде кездейсоқ сол жерден өтіп бара жатқан адамдардың күш біріктіруі нәтижесінде қаршадай қыз құтқарылды. Енді орын алып жатқан жағдайға бей-жай қарай алмаған батыл азаматтардың марапатталуы қоғамымызға да үлгі болары анық.

Бұл бірінші рет емес былтыр да суға батып бара жатқан қызды құтқарғаны үшін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Асылбек Нұржанов та марапатталған болатын. Суицид жасағысы келіп, көпірден секірген астана тұрғынын байқағанымен ізінен бірге секіруге басқалардың батылы жетпеген. Ал сол маңнан өтіп бара жатқан Асылбек Нұржанов бірден құтқаруға ұмтылған. Осы әрекеті үшін Төтенше жағдайлар министрлігі оған «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалін табыстаған болатын. Жедел құтқарылып, дер кезінде алғашқы медициналық көмекті көрсетіп үлгергендіктен бойжеткен аман қалған. Яғни мұндай кезде алғашқы көмектің дер кезіне көрсетіліп, неғұрлым тез құтқарылғаны аса маңызды.

Бірнеше рет құрылып, таратылып, мәртебесі де сан рет өзгерген азаматтық қорғаныс саласы уақыт өте өзінің маңыздылығын дәлелдеп министрлік ретінде құрылып отыр. Осыған дейін агенттік те, комитет те, тіпті министрлік те болып өзгерген жауапты орган өзінің маңыздылығын дәлелдеп жеке министрлікке айналды. Елдегі тыныштық пен тұрақтылықтың кепіліндей төтенше жағдайдың алдын алу, төтенше жағдайдың салдарын жеңілдету, төтенше жағдайдың батырларын дәріптеу арқылы халықты төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге ынталандыру жұмыстарын абыроймен атқаруда. Бұл аталмыш ведомствоның мерейі. Бүгінде аталмыш органның қарқынды жұмыстарының арқасында төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары дұрыс ұйымдастырылуда.

Қазіргі таңда елімізде орташа есеппен жылына он екі мыңдай мыңдай өрт оқиғалары тіркеледі екен. Құтқарушылар жылына шамамен төтенше жағдай орнынан сегіз мыңға жуық адамды құтқарып, жиырма мыңнан астам адамды эвакуациялайды екен. Олардың белгілі бір бөлігінде құтқарушылар жетем дегенше көршілері, еріктілер көмегімен өрттер сөндірілген, адамдар құтқарылған жағдайлар кездескен. Яғни төтенше жағдай кезінде тұрғындардың бірлігінің, белсенділігінің, батылдығының орны ерекше.

Ең бастысы осыдан бірнеше жыл бұрынғы өрт оқиғаларымен салыстырғанда елімізде өрт оқиғаларының азайғанын статистика аңғартады. Әсіресе ірі өрт оқиғалары тіркелмеуі зор қуаныш. Мәселен өткен жылы Түркия елінде орман өрттері жиі тіркеліп, тіпті оның террористік оқиғалармен байланстырылғаны, бұл мемлекетті айтарлықтай алаңдатқанын ескерсек, біздегі табиғи және техногенді жағдайлардың жетегімен тұтанған өрт оқиғаларының салдары айтарлықтай аз екенін ескеруіміз керек. Дегенмен еліміздің төтенше жағдайлар қызметі жыл өткен сайын төтенше жағдайдың себеп салдарын азайтуға, алдын алуға барынша тырысуда. Ең өкінішті жайт, еліміз Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, 2019 жылға дейін өрт салдарынан елу шақты өрт сөндіруші қаза тапқан. Оларға еліміздің әр өңірлерінен отыз шақты ескерткіш қойылып, әр деңгейдегі мекемелерден сексенге жуық арнайы бұрыштар арналған. Он шақты арнайы мұражай ашылып, қызметтік паразын өтеу кезінде қаза тапқандардың киімдері мен марапаттары қойылған. Бұл да болса жас ұрпаққа үлгі, қоғамға мотивация берерлік бастамалар. Оны көрген талай жастар төтенше жағдай кезінде қарап тұрмауға, бей жай өтіп кетпеуге, тіпті төтенше жағдай қызметінің құқарушысы болуға ұмтылары анық. Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде отыз мыңнан астам өрт сөндірушісі түрлі алғыс хат, құрмет грамоталары, медаль, төсбелгі, ордендермен марапатталыпты. Бұл шын мәнінде халыққа ерліктің еленетінін, бейбіт күннің батырларының бағаланатының белгісі. Демек халық өз батырларын ұмытпайды. Жүректерінде сақтайды.

Жалпы құқық қорғау саласында қас қақпай қызмет етіп, төтенше жағдай бола қалған жағдайда адамдарды, құтқаруға ұмытылып, төтенше жағдайдың салдарын азайтуға тырысатын қызмет өкілдерінің маңызы зор! Ел қауіпсіздігін сақтауды өмірлік бойтұмары еткен, қызметтік парызы санаған  ержүрек қызметкерлеріміздің бұл батылдық әрекеттері, адами қасиеттері  қашан да өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала бермек.

Ерзия Ерсұңқар

Тегтер: