Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:28, 06 Тамыз 2022

Төтенше жағдай қызметі заманауи талаптарға бейімделіп үлгеруде

None
None

Жыл өткен сайын елімізде ғана емес, жалпы әлемде түрлі төтенше жағдайлар көбейіп барады.

Өйткені қоғамымыз өсіп, адамзат дамуы күрделенген сайын оның қоршаған ортаға, табиғатқа тигізетін әсерлері де күшейе түсіп, өзгерістерге ұшырауда. Сондықтан айналамызда түрлі төтенше жағдайлар, техногенді апаттар көбейе түсуде. Төтенше жағдайды бақылап отыратын мамандар да «адамзаттың табиғатқа қарым қатынасы өзгермесе төтенше жағдайлар көбейе бермек. Қазіргі таңда адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынаста үйлесімділіктің жойылуы табиғи ландшафтардың тұрақтылығының сақталуына кері әсерін тигізіп, төтенше жағдайдың көбеюіне ықпал етіп жатыр» деп дабыл қағуда.

Сондықтан еліміздің Төтенше жағдайлар қызметіне заман ағымына сай бейімделіп, төтенше жағдайдың алдын алуда заманауи форматтарға сүйенуіне тура келуде. Әйтпесе төтенше жағдайға төтеп беру оңай болмай барады. Бұл бағытта мемлекет те төтенше жағдайдың алдын алу үшін түрлі қадамдарға баруда. Мәселен екі жыл бұрын еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің қайта құрылуы бұл бағыттағы үлкен қадам болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде Төтенше жағдайлар министрлігі құрылып, аталмыш ведомствоның айналысатын істері қайта сұрыптаудан өтті. Мемлекет басшысы осы бастамасы арқылы төтенше жағдаймен күрестің жаңаша болатынын, барынша оның алдын алу қажет екенін ұқтырды.

Жасыратыны жоқ, еліміздің табиғаты түрлі өзгерістерге ұшырауда. Соның айғағы бірнеше жылдан бері еліміздің әр өңірі құрғақшылықпен назар аудартып тұр. Бұрын табиғаты жайлы өңірлерімізде қазір антропогендік апатты оқиғалар тіркеліп, халықтың тұрмыс тіршілігіне қолайсыз жағдайлар қалыптасып мамандарды да, халықты да алаңдатуда. Сондықтан осы бір қалыптасқан жағдайлар мемлекеттің де, Төтенше жағдайлар министрлігінің де төтенше жағдайдың алдын алу қағидаларын өзгерту керек екенін, төтенше жағдайды ауыздықтауға уақыт сұранысына сай қарым қатынас қажет екенін көрсетуде. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан еліміздің азаматтарының қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейту, төтенше жағдайдың алуда заманға сай форматтарға көшу, қауіпсіздік ережесін сақтау бағытындағы заңдарды күшейтуге қатысты жұмыстар жүргізілуде. Қоршаған ортаға зиянын тигізетіндерге салынатын айыппұл көлемі де өсе түсуде. Атап өтер жайт, соңғы жылдары елімізде техногендік сферада өте үлкен қауіптілікке ие болатын транспорттық апаттар, жарылыстар мен өрттер, радиациялық апаттар, химиялық қауіпті заттардың бөлінуінен болатын өте қауіпті апаттар тіркелмепті. Бір қуантатыны осы. Алайда бұлай жағамызды кеңге салуға болмайды. Мемлекет әрқашан төтенше жағдайдың алдын алуға дайын болуы керек. Өйткені елімізде өндірістік кәсіпорындарда алдын алмаса, аса зор апатты жағдайға әкеліп соғатын жағдайлар баршылық. Сондықтан қауіптің алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейте берген жөн.

Төтенше жағдай мемлекеттің бақылауында

Шыны керек жан жағымызда түрлі төтенше жағдайлар, апаттар орын алып әлем халқын алаңдатуда. Осы орайда мемлекет тарапынан төтенше жағдайлардың алдын алуға және оның салдарларын жоюға бағытталған жұмыстардың талапқа сай екенін басқа елдермен салыстырмалы түрде алғанда еліміздегі тыныштықпен бағалауға болатындай. Дәл қазіргі таңда елімізде төтенше жағдай деңгейі, қауіпсіздік мәселесі толығымен мемлекеттің назарында.

Соның айғағы жақында ғана Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстанның су қоймаларындағы өлім-жітімнің көбейіп кетуіне алаңдаушылығын білдіріп, бейбіт күнде азаматтарымыздың судың құрбаны болуының алдын алу қажет екенін атап өтті. Бұлай Премьер-министрге дейін назар аударуы тегіннен тегін емес. Айдың күнінің аманында судан келер қатер айтарлықтай болып отыр.

Осы орайда Премьер-министрдің сөзін сөзбе сөз келтіре кетсек, «Тағы бір маңызды мәселе — суға түсу, шомылу кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары. Жауапты органдар бейбіт күнде азаматтарымыздың өзен-суға батып жатқанына қарап отырмауы керек. Қазір шомылу маусымының қызған шағы. 1 маусымнан бері елімізде 140 адам суға кеткен, оның 49-ы балалар. Былтырғымен салыстырғанда адамдардың суға батуы 42 пайызға қысқарған. Сонда да бұл көрсеткіш өте жоғары деп санаймын. Су — қателікті кешірмейді. Ел азаматтары балалар қауіпсіздігіне сақ болуы қажет. Біз қайғылы жағдайларға жол бермеу үшін барлық шараны қабылдауымыз керек. Төтенше жағдайлар, Экология министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп судағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді, онда құтқарушылардың болуын бақылауды тапсырамын. Халық арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізіп, суға түсуге болмайтын жерлерді анық белгілеу қажет», — деген премьер-министр тез арада судағы қауіпсіздік күшейтуге тапсырма берді. Демек алдағы уақытта судағы қауіпсіздік шаралары күшейіп, халықтың суға алаңсыз түсуіне жағдай жасалады. Бұл орайда төтенше жағдай қызметінің құтқарушылары да қамсыз отырған жоқ.

Төтенше жағдайдың алдын алуда жаңа формат: Төтеншеліктертер балаларға мультфильм ұсынуда

Мәселен судағы қауіпсіздікті күшейту үшін еліміздің төтенше жағдайдайлар қызметі  жетілдіру жұмыстарын да жүргізуде. Мәселен  Шығыс Қазақстан облысының ТЖД құтқарушылары балаларға қауіпсіздік негіздерін оқытуды ерекше тәсілдер арқылы жүргізіп бастады. Соның айғағы жақында Шығыстағы  ТЖД қызметкерлері жергілікті анимациялық фильмдер түсіретін MediaPRO.KZ ЖШС-мен бірлесіп балалардың судағы жүріс-тұрыс ережелерін үйретуге арналған «Тентек пен Айя» атты мультфильм шығарып балаларға ұсынды. Бұл негізі төтеншеліктердің балаларға ұсынып отырған екінші мультфильмі. Бұған дейін де балаларға қауіпсіздік ережесін үйрету үшін арнайы өрт қауіпсіздігі ережелерін үйретуге арналған мультфильм түсіріп балаларға ұсынған болатын. Шын мәнінде бұл өте нәтижелі жұмыс деуге болады. Балаларға «өз тілінде сөйлеп», қауіпсіздік ережесін кішкентайынан құлақтарына құю арқылы, балалардың суға кетуінің алдын алуға тырысқан төтеншеліктердің тапқырлығы таң қалдырмай қоймайды. Бүгінде балалардың қызыға қарайтын мультфильмі арқасында судағы қауіпсіздік ережесін үйренуі, судағы қауіпсіздік шараларын түсіндірудің ерекше тәсілі басқа өңірдегі төтеншеліктердің де қызығушылығын оятып отыр.

Жалпы мегаполистегі үйлердің биіктеуіне орай соған сай арнайы өрт сөндіргіш көліктерінің заманауи түрлерін алып, құралдарын жаңалауы, немесе техникалық жабдықтарын үнемі жаңалап отыруы бұл уақыт ағымына сай жасала беретін жұмыстар. Ал халыққа, балаларға мультфильм арқылы санасына сіңіруге тырысу шынымен де құптарлық әрекет дей аламыз!

Тегтер: