Төтенше жағдайды жою жөніндегі республикалық штаб құрылды
Соңғы күндері қыс пен көктемнің тартысындай болып, еліміздің көптеген өңірлерінде боран тұрып, қатты жел салдарынан дауыл күшейіп, қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақтан халық жолда жүре алмай қалды.
Еліміздің барлық өңірінде кездескен қолайсыз ауа райының салдарын жеңілдету үшін еліміздің Төтенше жағдайлар қызметі күн түн деместен халыққа қызмет көрсетті.
Мәселен 29-наурыз күні еліміздің бас қалалары Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Алматы облысында төтенше жағдайлардың салдарынан 6 адам, оның ішінде 3 бала зардап шеккен. Осы күні еліміздің көптеген өңірлеріне дауылды ескерту жарияланып, қар және жаңбыр жауып, желдің екпіні секундына 15-20 метрге күйшейген. Осыдан-ақ еліміздегі қолайсыз ауа райының халыққа қаншалықты қолайсыздық тудырғанын байқауға болатындай. Сондай-ақ осынау қолайсыз күндерде қауіптің алдын алу үшін Төтенше жағдай министрлігінің жанынан төтенше жағдайды жою жөніндегі республикалық штаб құрылды.
Бүгінгі күні Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында төтенше жағдайды жою жөніндегі республикалық штаб жұмысын жүргізуде. Олардың жұмысының негізгі бағыты тұрғындарға психологиялық көмек беру, ақпараттық қолдау көрсету және төтенше жағдайдың алдын алу болып табылады. Қазір осы жұмыстардың тиімділігін арттыру үшін республикалық және аумақтық штабтарда жедел желі телефоны жұмыс жасауда. Төтенша жағдайдың құтқару бөлімшелері Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай облыстарында 814 адамды, оның ішінде 101 бала және 3 жүкті әйелді құтқарып, эвакуациялаған. Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ,ІІМ қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтерінен 539 адам және 277 бірлік техника жұмылдырылған.
Техникаларымыз талапқа сай!
Атап өтер жайт, қолайсыз ауа райы туралы ескертулерге қарамастан халықтың жолға шығып кету оқиғалары да азаймай тұр. Мәселен Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарының жылыту пункттерінде осы күндері 89 адам жеткізілген. Оның ішінде 11 і балалар. Қолайсыз жағдайдың алдын алу үшін жолдардың жабық учаскелерінде халықты эвакуациялау үшін уақытша жылытудың 40 пункті дайындалып, қар тазалау жұмыстары да уақытылы жүзеге асуда. Жалпы халыққа ауа райының қолайсыздығы туралы ескерту үшін 74 түрлі хабарламалар жіберілген. Қазіргі уақытта Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында автожолдардың 111 учаскесі жабылған. Олардың 52-сі республикалық және 59-ы облыстық маңызы бар жолдар. Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан ақпаратқа сенсек, «Блок-бекеттерде 1 434 техника, оның ішінде 946 жеңіл, 482 жүк және 6 автобус тұр». Таратып айтар болсақ: Ақмола облысында – барлығы 735 техника, 547 жеңіл және 188 жүк көлігі бар, Қарағанды облысында – 532 техника, оның 318 жеңіл, 208 жүк көліктері және 6 автобус бар. Қостанай облысында – барлығы 57 техника бар, оның 35 жеңіл, 22 жүк көлігі. Ал Павлодар облысында барлығы – 110 техника, оның ішінде 46 жеңіл, 64 жүк көлігі бар екен. Демек осынша техника халыққа қызмет етуге әзір, сақадай сай дей аламыз.
Ағаштың құлауына шағымданған тұрғындар көп болған
Жалпы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында қатты дауылды желдің салдарынан шатырлар бұзылып, ағаштар құлап, электр энергиялары ажыратылған. Төтенше жағдайлар қызметінің жедел көмегінің арқасында дауыл салдарынан келтірілген қолайсыздықтар қалыпқа келтірілуде. Қазір Нұр-Сұлтан жолдары ашық. Қалада жағдай жақсарып, халық қалыпты тіршілігіне оралуда. Жалпы қалада боран салдарынан бірнеше тұрғын зардап шегіп, 160 жол апаты тіркелген. Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, 112 құтқару қызметіне барлығы 2 175 шақырту келіп түскен. 29 наурыз күні сағат 18.20-дан 30 наурыз күнгі таңғы сағат 6.00-ге дейін екпінді жел мен қарлы боран салдарынан тіркелген 18 оқиға туралы хабарлама түскен. Тұрғындар негізінен ағаштардың құлауы, шамдардың сынуы, шатырлардың ұшуы секілді жағдайлармен төтеншеліктерді мазалаған. Тұрғындардың арасында ауруханаға жеткізілгендер де бар. Мәселен бас қаламыздың қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті түрлі дене жарақаттарымен он адам жеткізілгенін хабарлаған. Бір қуаныштысы олардың барлығы медициналық көмек көрсетілген соң үйлеріне жіберілген. Адам шығыны жоқ.
Түйін
Жалпы ауа райындағы мұндай қолайсыздықтар еліміздің төтеншелік мамандары үшін таңсық емес. Сондықтан еліміздің барлық өңірінде жедел штаб күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Олар қалыпты жұмысын жалғастыруда. Барлық жедел қызметтер тәулік бойы жұмыс істеуде. Боран салдарын жоюға арналған жедел желі істеп тұр. Демек қиын жағдайда қалған халыққа кез келген уақытта төтеншелік құтқарушылар көмекке әзір. Дегенмен еліміздің төтенше жағдайлар қызметі халықты ауа райын бақылап отыруға шақырады. «Дауыл туралы ескерту хабарламаларын ескеріңіз және қажетті сақтық шараларын сақтаңыз. Елді мекендер арасындағы тас жолдарына шығуды жоспарламас бұрын, алдағы қозғалыс бағыты бойынша ауа райы болжамын міндетті түрде зерделеу қажет. Ағаштардан, тұрақсыз және сынғыш құрылымдардан аулақ болыңыз» дейді Төтеншеліктер. Сондықтан төтеншелік мамандардың ескертуін елеп, төтенше жағдайдың алдын алуға тырысыңыздар!